Ендігі меже - депутаттар тізімін ұсыну

2958

Орталық сайлау комиссиясы Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауы қорытындыларын жариялады. 

Ендігі меже - депутаттар тізімін ұсыну

Бүгін таңертең Мәжіліске депутат болатындар мен саяси партиялардың тізімі жарияланса, түс қайта мәслихат депутаттарының тізімі белгілі болды.

VII шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауының қорытындылары туралы өткен жиында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев: "Бүгін біз елде соңғы үш айға созылған сайлау науқанын аяқтадық. Барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізу туралы Президент Жарлығын толығымен орындады. Сайлаудың соңғы қорытындылары шығарылды", –  деп атап өтті.

ОСК мәліметтеріне сүйенсек, сайлау учаскелеріндегі сайлаушылар тізімдеріне 11 919 241 азамат енгізілген. Берілген бюллетеньдер саны – 7 539 280.

Еліміздің "Сайлау туралы" заңы бойынша депутат болғысы келген адам тек партияның атынан сайлауға түсе алады. Осы жолғы сайлауға түскен кандидаттардың орташа жасы – 46, ең жасы 25-те болды. Парламент тәжірибесінде алғаш рет жастар үшін арнайы квота енгізілді.

Ал сайлауға елімізде ресми тіркелген алты саяси партияның бесеуі түсті: Nur Otan, "Ауыл", "Қазақстан халық партиясы", Adal және "Ақ жол". Бұл партияларға берілген дауыс саны 7 241 562-ге жеткен. ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың дерегінше, ең көп дауысты Nur Otan алған. Бұл саяси партияға берілген дауыстың саны –5 148 074, яғни жалпы сайлаушылардың 71,09%-ын иеленген. Одан кейін "Ақ жол" демократиялық партиясы – 792 828 (10,95 пайыз),  Қазақстан Халық партиясына 659 019 (9,10 пайыз), "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 383 023 (5,29 пайыз), "ADAL" саяси партиясы 258 618 (3,57 пайыз) дауыс жинаған. Осылайша, дауыс беруге қатыскан сайлаушылар санының жеті және одан да көп пайызын алған үш партия: Nur Otan, "Ақ жол" және "Қазақстан халық партиясы" мәжіліске өтті. Әрбір саяси партия жинаған дауыстардың саны квотаға бөлініп, партиялар Мәжілісте мынадай мандатқа қолжеткізді: "Nur Otan" партиясы – 76 мандат, Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы –12 мандат, Қазақстан Халық партиясына - 10 мандат.

2007 жылы Конституцияға өзгерістер енгізіліп, осыған сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясына 9 депутат сайлауға құқық берілген еді. Осы Ассамблея ұсынған кандидаттарға дауыс беруге 351 ҚХА мүшесі қатысқан.  Орталық сайлау комиссиясының бүгінгі отырысында Ассамблеядан Парламент Мәжілісіне депутат болған 9 адамның есімі аталды Олар:

Абдрахманов Сауытбек Абдрахманұлы - 298 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 84,90 пайызы;

Амирханян Аветик Рубенович - 270 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 76,92 пайызы;

Буларов Ильяс Юсупович - 274 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 78,06 пайызы;

Дементьева Наталья Григорьевна - 292 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 83,19 пайызы;

Набиев Вакиль Гусейнович - 285 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 81,19 пайызын;

Ли Юрий Виссарионович - 282 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 80,34 пайызы;

Осин Шамиль Абзалетдинович - 271 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 77,20 пайызы;

Тохтасунов Владимир Имтахунович - 277 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 78,91 пайызы;

Хамедов Абилфас Муслимович - 290 дауыс немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 82,62 пайызын алған.

Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлаудың қорытындылары және Қазақстан халқы Ассамблеясының хаттамалары қабылданды. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттық мандаттарын бөлу туралы қаулы қабылданды.

12 қаңтар күні кешке қарай Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарын сайлау қорытындылары қаралды. ОСК төрағасы Берік Имашевтің айтуынша, мәслихат депутаттарын сайлау қорытындысын шығару өкілеттілігі аумақтық сайлау комиссиясына жүктелген. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалық және облыстық аумақтық сайлау комиссиялары барлығы 219 мәслихат бойынша өздеріне тапсырылған міндетті толығымен атқарып шыққан.

ОСК отырысында барлық аумақтық сайлау комиссиясының төрағалары саяси партияларға мәслихаттан қанша мандат бергені туралы есеп берді. Айталық, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сайлау комиссиясының төрайымы Бақыт Бектемісованың есебінше, қалалық мәслихат депутаттығына партиялық тізімге барлығы 88 кандидат тіркелген. "Сайлау туралы" ҚР Конституциялық заңына сәйкес саяси партияларға депутаттық мандаттарды бөлген аумақтық комиссия Қазақстан Халық партиясына – 2 мандат, Nur Otan партиясына - 26 мандат, "Ақ жол" партиясы – 3 мандат берген.

Ал Алматы қалалық мәслихатқа Nur Otan партиясынан - 29 орын, Қазақстанның "Aқ жол" демократиялық партиясынан – 4 орын, "Ауыл" демократиялық патриоттық партиясынан – 3 орын, Қазақстан Халық партиясынан 3 орын белгіленген.

Тағы бір ірі мегаполис – Шымкент қалалық мәслихатына Nur Otan партиясы - 24 мандат, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясына - 3 мандат, "Ақ жол" демократиялық партиясы 3 мандат алған.

Отырысты қорытындылаған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сайлаудың маңызды мемлекеттік саяси оқиға екенін атап өтіп, сайлауды ұйымдастырушыларға жүргізілген жұмысы үшін, ал сайлаушыларға белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ ол мәслихат депутаттарын сайлау алғаш рет пропорционалды сайлау жүйесімен өткізілгенін атап өтіп, бұл 2007 жылы Ата заңға енгізілген реформаның заңды жалғасы іспетті екенін еске салды.

Енді заң бойынша мәслихатқа мандат алған саяси партиялардың өңірлердегі жетекшілері сайлау қорытындылары шығарылған күннен бастап, бес күннен кешіктірмей, депутаттар тізімін беруі керек. Мәслихат депутаттарын сайлау қорытындысы туралы хабарлама жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Қымбат Нұрғали


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу