Энергетика министрлігі бензин бағасы құлдырайды деп сендірді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2584

Қазақстанда бензин бағасы арзандауға тиіс. Бұл туралы бүгін сенаторларға энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев хабарлады.

Энергетика министрлігі бензин бағасы құлдырайды деп сендірді

Рас, оның айтуынша, әзірге ЖЖМ құны қымбаттауын жалғастыруы ықтимал.

"Қазіргі кезде бензин бағасының белгілі бір шамада өсіп жатқанын байқап отырмыз. Біздің ойымызша, АИ-92 маркалы бензиннің бір литрінің құны 161 теңге деңгейінде болады деп тұспалдаймыз. Дегенмен, бензиннің жеткізілуіне қатысты қалыптасқан дағдарыстық көріністердің жойылуымен бірге, кейіндері нарықтағы ұсыныстар да артады, тиісінше, бензин бағасы құлдырауға тиіс", – деді энергетика вице-министрі сенат депутаттарына.  

Осылайша, ол "бензинге қатысты елде дағдарыс жоқ" деп үкімет мүшелерін сендіруге тырысқан басшысының бұған дейінгі сөзін жоққа шығарғандай болды.

Өз кезегінде энергетика министрі Қанат Бозымбаев депутаттардың басқа сұрағына жауап берді. Синоптиктер ол басқаратын энергетика министрлігіне қарайтыны мәлім. 

Министр осы орайда алда "Қазгидрометтің" болжамдары анағұрлым дәл әрі нақты бола түсетініне уәде етті. Әрине, біздің синоптиктер осы тұрғыда табиғатпен меморандум бекітіп отырған жоқ. Тек техникалық жарақтандырылуы жақсарады, әрі көнерген кеңестік тәсілдерден арылады екен.

"Бұл шынында елді де, мемлекетті де алаңдататын мәселе. Өйткені әсіресе, сел жүру кезінде барлық мемлекеттік қызметтердің іс-қимылы "Қазгидрометтің" айтқаны мен іс-әрекетіне байланысты болады. Сондықтан бірінші кезекте, келер жылдан бастап, "Қазгидромет" өзінің гидрологиялық болжамдарын айтарлықтай жақсартады, сөйтіп, меморгандар мен халықты сапалы әрі дер уақытындағы болжамдармен қамтамасыз етеді деп күтіп отырмыз", – деген министр Қанат Бозымбаев ортаға "бұған қалай жол жеткізіледі?" деген сұрақ тастады да, артынша оған өзі жауап берді.

Біріншіден, ведомство қолданыстағы гидрологиялық болжамдау әдістемесін жетілдіруге кірісіпті.

"Біз гидрологиялық болжамдаудың сандық моделін пайдалануға көшеміз. Бұл үлгі қазір дамыған елдерде кең қолданылады. Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетімен бірге, даланы аралау тәжірибесін енгіземіз. Бұған дейін ондай болмаған. Соның ішінде, өзендерді аралау, оның барысында ормандардағы, ой-қыраттардағы су қорын өлшеуге мән беріледі. Өйткені селге себепкер болатын, өзендерге жылғалармен қосымша құйылатын есепке алынбаған қар суы дәл сол жақтарда жатады", – деді министр.

Сонымен бірге Қазақстан келер жылдан бастап, су басулармен күреске ғарыштағы жер серіктерін жекпек.

"Біз 2018 жылдан бастап, көктемгі су тасқынын болжау үшін жерді қашықтықтан зондтау спутниктерін пайдаланамыз. Сондай-ақ кеңес кезінен қалған ескі "үш айлық болжамдау" тәсілінен де бас тартамыз. Енді мемлекеттік органдарға су басуларға қатысты айлық болжамдар ұсынылады. Оның үстіне бұл болжамдар көктемгі тасқын кезінде әр он күн сайын нақтыланып отырады", – деп мәлімдеді Қанат Бозымбаев.

Бұған қоса, ол "Қазгидрометтің" құрал-саймандары мен құрылғылары негізінен тозғанын мойындады. Сол себепті министрлік биылғы жылы "Қазгидрометтің" қызметін жетілдіру бойынша кешенді жоспар жазып шығыпты. Оны жүзеге асыру үшін бюджеттен 17,5 миллиард теңге сұрап отыр.

"Оның ішінде 11,5 миллиард теңге республикалық бюджеттен, ал 5 миллиардтан астамы – кәсіпорынның төл қаражаттарынан бөлінуге тиіс. Бұл бесжылдық бағдарлама "Қазгидрометтің" негізгі құралдарын елеулі түрде жаңартуға мүмкіндік береді. Сонда оның болжамдары қазіргіден әлдеқайда нақты болады және ауа райына қатысты болып жатқан жағдайды дәлірек сипаттайды", – деді бас энергетик.

Бүгінде аталған бағдарлама мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың келісімінен өткен көрінеді. Бірақ бүгін сенатқа келіп түскен алдағы үш жылдың бюджеті жобасында тиісті қаражат қарастырылмапты.

Депутаттардың "мұның мәнісі неде?" деген сұрағына жауап берген Қанат Бозымбаев егер келесі жылы қосымша қаражаттар шығып жатса, содан алынады дегенге келтірді.

"Біз қаржы министрлігімен біз уағдаластыққа қол жеткіздік, ол бойынша 2018 жыл бюджеті кейін қайта нақтыланған кезде, осы бағдарлама үшін алғашқы қаржыларды ала бастаймыз. Әзірге 2018 жылы бұл бағыттағы жұмыстарды өзіміздің, яғни "Қазгидрометтің" қаржыларымыз есебінен бастай береміз", – деп түйді энергетика министрі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу