Энергетиктердің еңбекақысы неге төмен?

1839

2015-2021 жылдар аралығында энергетика саласындағы кадрлардың тұрақсыздығы 4 пайыздан 17,7 пайызға дейін өсті.

Энергетиктердің еңбекақысы неге төмен?

2020 жылғы ресми дерек бойынша, еліміздің энергетика саласында 102 мың адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық еңбекақысы республикадағы көрсеткіштен 26 пайызға төмен. Елдегі орташа айлық еңбекақы 264 мың теңгеге тең болса, энергетиктердің орташа айлық еңбекақысы 195 мың теңге көлемінде.

Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, дәл осы фактор білікті мамандардың басқа салаға ауысып кетуіне себеп болып отыр. Энергетика нысандарында орын алатын төтенше жағдайлардың да бір ұшы осында жатыр. Сондықтан энергетика жүйесін модернизациялауға ғана көңіл бөлмей, сол жүйелердің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету де маңызды. Ерте ме, кеш пе, бұл мәселе алдымыздан шығады. Өйткені ел экономикасындағы стратегиялық сектор саналатын энергетикада кадр тапшылығы өзекті.

Осыдан тура бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда энергетика саласы бойынша маман даярлайтын 24 жоғары оқу орны бар екенін, соған қарамастан, электр монтерлері, жоғары вольтті желілерді жөндеушілер мен басқа да жұмысшы мамандар тапшы екенін айтқан еді. Президент инженерлік-техникалық қызметкерлердің орташа жасы шамамен 50 жаста екенін, оның үстіне бұл саладағы қызметкерлердің еңбекақысы да төмен екенін жеткізген болатын. Соның салдарынан  2015-2020 жылдар аралығында кадрлардың тұрақтамауы 4 пайыздан 15 пайызға дейін жетті.

Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, бүгінде еңбекақы төлеуге қатысты күрделі жағдай электр энергиясын беруді жүзеге асыратын ұйымдарда, оның ішінде өңірлердегі электр желілік компанияларда қалыптасып отыр. Бұлар табиғи монополиялар субъектілеріне жатады. Мұндай ұйымдардағы еңбекақы елдегі энергетиктердің орташа жалақысынан да, аймақтағы орташа жалақыдан да төмен.

"Мәселен, "Алатау жарық компаниясындағы" өндірістік персоналдың орташа жалақысы (198 мың теңге) өңірдегі орташа жалақыдан (305 мың теңге) 54 пайызға төмен. "Павлодар электр­желілік тарату компаниясындағы" өндірістік персоналдың орташа жалақысы (128 мың теңге) облыстағы орташа жалақымен салыстырғанда (225 мың теңге) 75 пайызға аз. "Оңтүстік жарық транзит" компаниясындағы өндірістік персоналдың орташа жалақысы (96 мың теңге) өңірдегі орташа жалақыдан (209 мың теңге) 118 пайызға төмен. Осының салдарынан өңірлік электр желілік компаниялардағы персоналдың жетіспеушілігі ел бойынша орта есеппен 11-16 пайызды құрап отыр. Кейбір өңірлерде бұдан да жоғары. Айталық, "Алатау жарық компаниясындағы" персоналдың жетіспеушілігі 34 пайызға жетті", – деді Мәжіліс депутаты.

Мәселе күрделеніп барады. Оны шұғыл түрде шешпесе, энергетика кәсіпорындары жақын уақытта жүйенің тұрақтылығын сақтайтын аз ғана инженерлік-техникалық персоналдың өзінен айырылып қалуы мүмкін. Аталған мәселені сала қызметкерлері де бірнеше рет көтерген. Бір қызығы энергетика экономиканың маңызды секторы бола тұра, біздің елде әлі күнге дейін саланы дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясы әзірленбеген. Саладағы көп кемшіліктің бәрі осыдан туындап отыр.

Депутаттық сауалға жауап берген Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың дерегіне сүйенсек, 2021 жылы энергия өндіруші ұйымдар электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтерді түзету кезінде өндірістік персоналдың жалақысын арттыру бойынша шаралар қабылдаған. Яғни 15 пайызға арттыру көзделген. Сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің жылу энергиясын өндіру тарифтерінде еңбекақы төлеу қорын жыл сайын 4 пайызға арттыру қарастырылған. Осылайша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылу-электр орталықтарындағы өндірістік персонал жалақысының орташа өсімі шамамен 10 пайызды құрады. Сонымен қатар 2022-2024 жылдарға арналған салалық келісім шеңберінде энергетика саласы қызметкерлерінің, оның ішінде энергия беруші ұйымдардың жалақысын көтеру көзделіп отыр. Сондай-ақ табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган статистика деректерінің негізінде экономикалық қызмет түрлері бойынша өңірлер бөлінісінде өндірістік және әкімшілік-басқару персоналының орташа айлық жалақысын айқындау жөніндегі талапты белгілеу үшін тарифтерді қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізу мәселесін қарайды.

Қазақстан энергетиктері салалық кәсіподағының төрағасы Оразбек Бекбастың айтуынша, энергетика нысандарындағы апаттардың бірден бір себебі кадр тапшылығында жатыр. Білікті кадрлар аз, мамандар тұрақтамайды. 2015-2021 жылдар аралығында энергетика саласындағы кадрлардың тұрақсыздығы 4 пайыздан 17,7 пайызға дейін өсті. 4-5 жылдық тәжірибесі бар мамандардың өзі басқа салаларға ойысуда. Бұл жақсы тенденция емес. Кәсіпорын штатының жасақталуы орташа есеппен 80-85 пайызды құрайды. Яғни энергетика нысандарына қажетті персоналдың бестен бірі жетіспейді.

Энергетикалық жүйелер ғана емес, саладағы кадрлар да "ескірген". Өйткені соңғы жеті жылда энергетика кәсіпорындарындағы қызметкерлер тіпті "қартайып" барады. Жас кадрлардың үлесі азайып, 50 жастан асқан мамандардың үлесі көбейіп келеді. Саладағы 60 жастан асқан қызметкерлердің үлесі шамамен 8 пайызға тең. Сондай-ақ қызметке қабылданған адамдардың 40 пайызы алғашқы жылы-ақ жұмыстан шығып кетеді екен.

"Заңнамаға сәйкес, энергетика кәсіпорындарының еңбекақы төлеу қоры тарифтік сметамен шектелген. Тарифтік сметаны арттыру үшін реттеуші органдардың келісімі қажет. 2021 жылы елдің энергетикалық кәсіпорындары тарифтің шығын бөлігіне әкімшілік және өндірістік персоналға өңір бойынша орташа жалақы деңгейінде және персоналдың нормативтік саны көлемінде жалақы төлеуге арналған шығыстарды қосуға мүмкіндік беретін заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Бірақ әзірге бұл әрекеттер нәтижесіз. Сол себепті компаниялар энергетика саласында жұмыс істемеген тәжірибесіз, қажетті біліктілік деңгейі жоқ қызметкерлерді қабылдауға мәжбүр. Энергетикадағы мамандарды даярлау деңгейі жыл сайын артып келе жатқан жүктемеге, өндірістегі жобалардың күрделілігіне және оларды іске асыру жылдамдығына жауап бермейді. Салдарынан жұмыс мерзімі бұзылады. Яғни нысандарды тапсыру және енгізу уақыты кешеуілдейді", – дейді Оразбек Бекбас.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу