Ердоған билігі үшінші онжылдыққа аяқ басты

1764

Ресми нәтижелер ардагер лидердің президенттік сайлаудың екінші турында қарсыласы Кемал Кылычдароғлыны жеңгенін көрсетті. 

Ердоған билігі үшінші онжылдыққа аяқ басты Фото: yandex.kz

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған жексенбі күні өткен сайлаудың екінші турында қарсыласы Кемал Кылычдароғлыны оп-оңай жеңіп, билігін үшінші онжылдыққа ұзартты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Елдің сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, Ердоған барлық дерлік санақ аяқталғаннан кейін шамамен 52,1 пайыз дауыс жинаған. Ал оның қарсыласын қолдағандар - 47,9 пайыз.

Екінші раундтағы жеңіс Ердоған үшін 2003 жылы билікке келгеннен бергі ең үлкен сынақ болды. Осы жолы оған инфляция шарықтап, оппозицияның бірлігі артқан шақта ұту қажет болды.

Фото: tafsilar.info

 "Демократиямызда, дамуымызда немесе мақсаттарымызда ешқандай шегініс жасамай, Түркия ғасырының есігін бірге аштық. Мен не айттым? Қабірге дейін бірге боламыз", – деді  Ердоған жексенбі күні кешке Ыстанбұлда автобустың төбесінен сөйлеген жеңісті сөзінде.

Жексенбі күнгі екінші турды Ердоған мен Кылычдароғлы Түркияның болашағына арналған референдум ретінде қабылдады.

Фото: Gettyimages.ru

Бірақ Ердоғанға шиеленіскен экономикалық проблемаларды еңсеру қажет болады. Жұма күні ұлттық валюта лира рекордтық деңгейге дейін құлдырады.

Инвесторлар мен экономистерді Түркияның 14 мамырдағы сайлау қарсаңынан бері валюталық резервінің азая бастауы да алаңдатып отыр.

Оппозицияның ескертуінше, Ердоған тағы бес жыл билік ететін болса, Түркияда демократия мен адам құқықтарынан ештеңе қалмауы мүмкін.  Алайда Ердоған қарсыластарының бұндай уәждерін үнемі жоққа шығарып, оппозицияны Түркия есебінен террористермен және Батыспен бірігіп жатыр деп айыптап келеді.

Ердоған сондай-ақ одақтастардың қысымына қарамастан, Швецияның НАТО-ға қосылуына қарсылық білдіріп, сайлау қарсаңында сыртқы саясатта қатаң позиция ұстанды.

Ердоған сайлауалды науқандарда жалынды сөздерімен отбасылық құндылықтарды, терроризммен күресті және Түркияның әлемдік аренадағы өсіп келе жатқан рөлін мадақтап, консервативтік, тақуа сайлаушыларды өз жағына тарта білді. Сонымен қатар, ол Кылычдароғлыға бірнеше рет жеке шабуылдар жасады.  

Түркияның қақ жүрегі Анадолы жұртының қолдауы Ердоғанға бірінші турда болжамдағыдан басым түсіп, Кылычдароғлыны екінші орынға түсіруге көмектесті. Дегенмен, мамырдың 14-інде бірде-бір кандидат толық жеңіске жету үшін қажетті 50 пайыздан астам дауыс жинай алмады.

Сол раун қарсаңында Түркия оппозициясы аспандаған инфляция мен үкіметтің ақпандағы жойқын зілзалаға шабан жауабы Ердоғанды жеңіліске ұшыратады деп сенген.  

Бірақ Ердоғанның президенттік блогы, оған кіретін исламшыл "Әділет және даму" партиясы мен ұлтшылар қозғалысы  парламенттік сайлау натижесінде де мандаттардың көбін жеңіп алды.

74 жастағы Кылычдароғлы Ердоғанның көптеген саясатын өзгерту арқылы экономиканы жандандырып, Түркияны парламенттік демократияға қайтаруға уәде берді.

Фото: yandex.kz

Бірінші раундты көңілсіз аяқтағаннан кейін, Кылычдароғлы "көктем келеді" деген науқанынан бас тартып, қатал ұлтшыл әрі антииммиграциялық риторикаға ауысты. Ал бірінші раундта үшінші орыннан көрінген ұлтшыл брокер Синан Оғанның Ердоған жағына шығуы оппозиция лидеріне тағы бір соққы болып тиді.  

Жексенбіде бейресми нәтижелер жарияланғаннан кейін, сөйлеген сөзінде Кылычдароғлы "елімізге шынайы демократия келгенше күресуді жалғастырамыз" деп мәлімдеді.  

"Бұл сайлауда халықтың авторитарлық үкіметті өзгертуге деген ерік-жігері барлық қысымдарға қарамастан пайда болғанын көрдік",– дейді ол.

Халықаралық бақылаушылар бірінші турдың еркін өткенін, бірақ үгіт-насихат жұмыстарының әділ ұйымдастырылмағанын атап өтті. Ердоған тегін газ және сутденттерге 10 ГБ интернет сияқты сыйлықтар беріп, мемлекеттік ресурстарға қатты сүйенді. Ол сондай-ақ бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, ең төменгі айлықты да өсірген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу