Кеше Анкарада өткен түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті барысында бірқатар құжатқа қол қойылды. Соның бірі - Түркі инвестициялық қорын құру, деп хабарлайды іnbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі.
Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитінен кейін баспасөз мәслихатын өткізген Түркия президенті Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қойылуы - саммиттің ең басты жетістіктерінің бірі екенін атап өтті.
"Түркі инвестициялық қорының түркі әлеміндегі экономикалық интеграцияға зор үлес қосатынына сенемін. Ол түркі әлемінде тең капитал салымы және тең дауыс құқығы негізінде құрылады. Аталмыш қордың кеңсесі Ыстамбұлда орналасады. Осылайша Түркі мемлекеттерінің компаниялары қаржыландыруға оңай қол жеткізе алады", - деді Ердоған.
Демек, Түркі инвестициялық қоры осы ұйымға мүше елдердің экономикалық дамуына мүмкіндік береді.
Ал еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің айтуынша, инвестициялық қор аймақішілік сауданы кеңейту және ТМҰ елдерінің экономикалық қызметін қолдау арқылы экономиканы дамытуды көздейді.
"Экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жетілдірудің басым бағыттары құрылып отырған Қордың келісім жобасына енгізілген. Бұл аймақішілік сауданы дамыту, шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыру, көліктік-логистикалық тізбектерді кеңейту, өнеркәсіптік өндіріс, инфрақұрылым, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жасыл экономика, туризм және т.б. дамыту", - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Сонымен қатар баспасөз мәслихатында Ердоған ғасыр апаты кезінде Түркияның жанынан табылған бауырлас елдерге деген алғысын жеткізді.
"Аталмыш ұйымға мүше елдер апаттан кейін көмекке бірінші келген, ең жылдам әрекет еткен және қайғымызды шын жүректен бөліскен достарымыздың қатарында. Осы зұлмат күндерде қасымызда болған әрбір бауырлас елге халқымның және өзімнің атымнан шын жүректен ризашылығымды білдіремін", - деді.
Түркі мемлекеттері ұйымының келесі саммиті Қазақстанның Түркістан қаласында өтеді деп жоспарлануда.