Ердоған Түркияға 41 жыл тыныштық бермеген ежелгі қарсыласын ақыры тізе бүктірді

13447

"Күрдістан жұмысшы партиясы" қаруларын тастап, бұдан былай Түркиямен соғыспайтынын жариялады.

Ердоған Түркияға 41 жыл тыныштық бермеген ежелгі қарсыласын ақыры тізе бүктірді Фото: inbusiness.kz

Дүниежүзінің жетекші ақпарат құралдары Таяу Шығыста тарихи бетбұрыстар болып жатқанын жарыса хабарлауда.

BBC "террористік ұйым" деп танылған "Күрдістанның жұмысшы партиясы" (КЖП) қарулы күштері атысты тоқтататынын жария еткенін жазды.

Бұрынғы жылдары бұл қақтығыстан Түркияның шекаралас өңірлері зардап шегетін. Оны қорғау үшін Түркия бірнеше рет Сирияға әскер кіргізіп, "атажауын" біраз ығыстырды. Бұл мәселені түпкілікті шешпеді.

Содан өткен жылы Түркияның Президенті Режеп Тайып Ердоған (есімі түрікшеден "Ер туған" деп аударылады) өз халқына терроризмнің тамырына балта шауып, бұл түйткілді түпкілікті шешуге уәде еткен болатын. Енді міне, Сирия билігіне бұрынғы шиит өкілдерінің орнына түрікшіл сунниттер келді.

"Күрдістанның жұмысшы партиясы (КЖП) Түркиямен қарулы қақтығысында атысты тоқтататынын жариялады. Бірнеше күн бұрын түрмеде отырған партия лидері Абдулла Оджалан өз қанаттастарын қарсылас алдында қаруларын тастап, партияны таратуға шақырған болатын. Сирия басшылығына Түркияны жақтайтын жаңа билік келгелі "өздеріне қарсы жойқын соққы жасалуы мүмкін" деп қауіптенген сириялық күрдтер Абдулла Оджаланның бейбіт пен бітімге шақырған үндеуін қуана-қуана қарсы алды", – деп мәлім етті британдық ВВС.

КЖП өзін-өзі таратуға жауап ретінде Түркия Оджаланды абақтыдан босатады деп үміттенеді. Бұл партия (шын мәнінде қарулы құрылым) өз мәлімдемесінде Оджалан КЖП-ның толық қарусыздану процесін басқара алатынын айтып, дәйектеді.

Өйткені ортақ көшбасшысыз қалғалы ол бірнеше қарулы топтарға бөліне бастады. Демек, бұл процеске ортақ жетекшілік етіп, үйлестіретін тұлға болмаса, кейбір топтар қаруын тастауға, Түркиямен бейбіт өмір сүруге келіспей қоюы ғажап емес көрінеді.

Жалпы, күрдтердің үлкен бір бөлігі түрік қоғамына жақсы кіріккен. Түркия билігінде олардың өз өкілдері, заңды тіркелген партия-қозғалыстары бар. Олар өз ойларын ашық айтудан, өз ұстанымын ілгерілетуден қаймықпайды. Мысалы, 2023 жылғы мамырда Түркиядағы Президент сайлауында күрдшіл саяси партиялар оппозиция кандидаты Кемаль Кылычдароғлыны қолдағаны мәлім.

Дегенмен, тәуелсіз Күрд мемлекетін құруды көксеген, сол үшін қан төгуден, соғысудан тайынбайтын күштер бар. Олардың лидері Оджалан Кенияда ұсталып, сонау 1999 жылдан бері Түркияда қамауда отыр.

Халықаралық сарапшылар түркиялық билік пен радикалды күрдтер арасындағы қарулы күрес 40 жылдан астам уақытқа созылғанын, салдарынан, екі жақтан ондаған мың адам қаза тапқанын еске салады.

Сириядағы жаулық көзқарастағы билікті құлатқан, ондағы Түркияға қарсы күштерге дем беріп келген АҚШ пен Ресейді "Сирияның тарих керуені" жолының жиегіне ығыстырып тастаған Ердоған мырза осы жарты ғасырлық қанды қырғынға нүкте қоюға жақын қалғандай.

"Қақтығыстар негізінен Түркияның оңтүстік-шығысында орын алып келді. Сондай-ақ, күрдтер бүкіл ел бойынша бірнеше ірі теракт ұйымдастырды. Оджаланның түрмеден жасаған үндеуі түріктің ультраұлтшыл партиясының (ПНД) депутаты Девлет Бахчелидің шиеленісті түпкілікті тоқтатуға шақыруына жауап ретінде айтылды. Үзеңгілестері "Апо" деп атайтын Абдулла Оджалан Мәрмәр теңізіндегі Имрали аралындағы түрмеде ұсталады. Өткен аптада оған Түркия Парламентінде күрдтердің мүддесін қорғайтын Халық теңдігі мен демократия партиясының депутаттарының тобы барып қайтты. Олар КЖП мен түрік билігі арасында араағайынға айналды", – деп хабарлады BBC.

Сирияда барар жері, басар тауы қалмай бара жатқан "Күрдістанның жұмысшы партиясы" өткен сенбіде Түркия алдында тізе бүгуге дайын екенін жариялады.

"Апоның бейбітшілік пен демократиялық қоғамға шақыруын жүзеге асыру үшін қажетті жағдай жасау мақсатында біз атысты тоқтататынымызды жария етеміз! Ол бүгінгі күннен бастап күшіне енеді. Біздің бірде бір бөлімшеміз егер өзіне шабуыл жасалмаса, қарулы іс-қимылға бармайтын болады", – делінген КЖП атқарушы комитетінің мәлімдемесінде.

Түркияның 85 миллиондық халқының шамамен 20%-ын күрдтер құрайды. Оның кейбір лидері күрд ұлтының құқықтары аяқасты болып жатыр деп есептеді. Мысалы, Түркия билігі 1990-шы жылдарға дейін күрдтерді жеке этнос деп есептеуден бас тартып келді. Тек "тау түріктері" деп атайтын.

Euronews мәліметінше, 1970-ші жылдары революция жасауды мақсат тұтқан радикалды күш – "Күрдістанның жұмыс партиясы" құрылды. Оның "көтерілісшілері" Түркияның әр өңіріне бүлік салды, лаңкестік шабуылдар жасады. Онымен шектелмей, КЖП 1980-ші жылдардың ортасына қарай Түркияны бөлшектеп, тәуелсіз күрд мемлекетін құруды "басты мақсаты" ретінде жариялады және белсенді қақтығысқа көшті.  

Сондықтан КЖП Түркияда ғана емес, бүгінде Америкада, Ұлыбританияда, Еуропалық Одақта "террористік ұйым" деп танылған.

Телеарналар Оджаланның үндеуін күрд лидерлері де оң қабылдағанын хабарлады. Бірақ әзірге қарулы қақтығысты түбегейлі тыю бағытындағы нақты қадамдар белгісіз болып қалуда. Қарусыз қалған күрдтер қуғын-сүргінге ұшырамай ма? Немесе, қару тастағаны көзбояушылық болып, ізінше шабуылдар қайта жалғаспай ма?

Қалай болғанда, Түркия қарулы күрд күштеріне бас июден басқа жол қалдырмайтын түрі бар. Түркия қолдаған күштер Сирияның солтүстік-шығысында қаруын тастағысы келмеген күрд құрылымдарына қарсы кампанияны қайта жандандырды.

Сарапшылар түбі Түркия діттегеніне жетпей тоқтамайтынына сенімді.

"Абдулла Оджаланның үндеуімен "Күрдістанның жұмысшы партиясының" содырлары қаруларын тастап, Түрік мемлекетіне қарсы қарулы күресін доғарса, осының өзі Таяу Шығыстағы ең күрделі қақтығыстардың бірінің аяқталуына қарай жасалған бірінші қадамға айналар еді. Бұл Түркиядағы, Сириядағы және Ирактағы саяси ахуалдың өзгеруіне ықпал етеді. Олардың бәрінде күрдтер тұрады. Түркияның бұл жетістігі сондай-ақ бүкіл аймаққа әсер етеді", – дейді Esquire бұрынғы шеф-редакторы, ресейлік журналист Григор Атанесян.

Оның айтуынша, Әзербайжанға тікелей көмек көрсету арқылы Арменияны тізе бүктірген, сол арқылы өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері жүрген Таулы Қарабақ қақтығысына нүкте қойған Түркияның енді Сириядағы және қарулы күрд құрылымдарына қатысты кезекті тарихи жеңісі оның әлемдік геосаясаттағы орнын бекемдеп, жаһандық державалар арасындағы мәртебесін нығайта түседі.

Келіссөздер қалай басталған еді?

Ердоған осы арқылы ешкім күтпеген және нәтижесін ешкім болжап білмейтін көп деңгейлі саяси ойындардың нағыз шебері екенін паш етті.

"Бұл жаңалықтардан бәріміз шок болдық! Бұлай болатынын ешкім де күтпеген еді және оқиғалар біршама жылдам өрбіді", – дейді тегі күрд, түркиялық мәдени антрополог Ектан Тюркйылмаз Батыс ақпарат құралдарына сұхбатында.

Атап айтқанда, алдымен түрік депутаты, ПНД әсіреұлтшыл партиясының лидері әрі Президент Ердоғанның одақтасы Девлет Бахчели аяқ астынан күрдтердің "Халық теңдігі мен демократия партиясының" депутаттарына өзі таяп барып, олардың кезек-кезек қолын алды. Олардың ит пен мысықтай араз екенін білетін ақпарат құралдарының өкілдері бұған аң-таң болып, жамыраса қоршап алды.

Осыдан кейін Бахчели өмір бойға бас бостандығынан айырылған күрд көсемі Оджаланға Парламент мінберінен сөз сөйлеуді ұсынды. Ұлтшыл депутаттың айтуынша, күрд лидері "терроризмнің аяқталғанын және өз ұйымын жоятынын" мәлімдегені жөн. Сонда ол еркіндікке шыға алады.

Бұл мәлімдеме елді естен тандыра жаздады, өйткені түрік ұлтшылдары Оджаланды "қас жау" санайтын, оны бостандыққа қоя бермек түгіл, оның қарулы күштерімен бітімге келуге үнемі қарсы шығатын.

Алайда көп ұзамай, Оджаланның туысы, немере інісі түрмеге барып, оның хал-жағдайын білуге мүмкіндік алды. Бұрын сағын сындыру, рухын түсіру үшін бірде бір туысқаны көрісуге жіберілмейтін, тіпті тілдесетін жан болмауы үшін оның камерасына ешкім отырғызылмады.  

Бұған иісе, көңілі босаса керек, күрд көшбасшысы Түркиямен қақтығысты мүлдем доғаруға дайын екені туралы хабар салды. Міне, осыдан кейін оған күрд депутаттары жіберілді. Түркиядағы күрдшіл Халық теңдігі мен демократия партиясының (DEM) депутаттары түрмеде отырған Абдулла Оджаланға кіріп шықты.

Келіссөз аяқталған соң, депутаттар Ыстамбұлдың орталығындағы бесжұлдызды қонақүйдің төрінде журналистерді жиып, телекамера алдында "Күрдістанның жұмысшы партиясы" лидерінің үндеуін оқыды.

"Мен КЖП-ны съез шақырып, кез келген заманауи саяси партия сияқты Түркия мемлекетімен және қоғамымен интеграциялану туралы шешім қабылдауға шақырамын! Барлық қарулы топтар қаруларын тастауға тиіс. Ал, КЖП өзін өзі таратуға тиісті!", – деген  Оджаланның үндеуін күрд тілінде күрдтік "Фират" ақпарат агенттігі таратты.

"Бейбітшілік пен демократиялық қоғамға шақыру" деп тақырып қойылған үндеуде Оджалан түріктер мен күрдтертің тарихта, мыңжылдықтар бойы жатжұрттық басқыншыларға – "гегемониялық державаларға" қарсы иық тірестіре, бірге шайқасқанын еске түсірді.

Алайда Оджаланның байламынша, "соңғы 200 жылда капиталистік күштер бұл берік одақты күйретуге тырысты". Ол кезінде КЖП-ны құру күрд халқының күресінің бір кезеңі болғанын, алайда енді заман өзгергенін нықтады.

"Тәуелсіз Күрдістанды құруды немесе тіпті жеке автономияны талап ету қазіргі кезде өзекті болмай қалды! Бүгінде ең бастысы – Түркия Республикасы аясында демократия мен саяси плюрализмді нығайту", – деді күрдтердің лидері.

Осылайша, сөз жүзінде болса да, Оджаланның біртұтас әрі қуатты Түрік мемлекетінің басты жақтаушыларының біріне айналғаны байқалады.

Күрд көсемі Оджаланның үндеуі тікелей эфирде күрдтер тығыз тұратын Ван мен Диярбакырда, сондай-ақ Сирияның солтүстігіндегі қалаларда үлкен экраннан тікелей эфирде таратылды.

Түріктің белгілі саяси шолушысы Эмберин Заман назар аудартқандай, ұзаққа созылған қарулы қақтығыстан бас тартқаны үшін күрд лидері Түркиядан ешқандай жеңілдік сұрамады, қарсы талап та қоймады. Толық капитуляция деген осындай болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу