Ердоған Украинадағы соғысқа қатысты күтпеген мәлімдеме жасады

444

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Ашхабадтан оралғаннан кейін журналистерге берген сұхбатында Ресей Президенті Владимир Путинмен өткен кездесуге және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Ердоған Украинадағы соғысқа қатысты күтпеген мәлімдеме жасады Фото: RTE

Ердоғанның айтуынша, Түрікменстан астанасында өткен Халықаралық бейбітшілік пен сенім форумының аясында Владимир Путинмен, сондай-ақ Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөздер жүргізілген.

Тараптар екіжақты қатынастарды, Украинадағы соғысты және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылаған.

Түркия басшысы Ресей-Украина соғысы әлдеқашан аяқталуы тиіс екенін атап өтті.

"Біз бұл соғыстың баяғыда тоқтауы керек екенін ашық айтып келеміз. Бейбітшілік алыс емес – біз оны көріп отырмыз. Енді тек бағытты бейбітшілікке бұру қажет", – деді Ердоған.

Ол АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен басталған диалогты оң бағалап, Путинмен кездесуден кейін бейбіт жоспарды Трамппен де талқылауға мүмкіндік туатынына үміт білдірді.

Ердоған Қара теңіздегі жағдайға да тоқталып, бұл аймақты текетірес алаңына айналдыруға болмайтынын айтты.

"Қара теңіз қақтығыс аймағы болмауы тиіс. Бұл Ресейге де, Украинаға да пайда әкелмейді. Барлығына теңіздегі қауіпсіздік қажет", – деді ол.

Сонымен қатар, Түркия Президенті Сирия, Газа секторындағы жағдай және Еуропалық одақпен қарым-қатынас мәселелеріне де пікір білдірді.

Ол Сириядағы келісімдер елдің тұтастығы мен тұрақтылығын нығайтуға бағытталуы тиіс екенін, ал Газада атысты тоқтату келісімі толық орындалмай отырғанын атап өтті.

Еуропалық одаққа мүшелік тақырыбын қозғаған Ердоған Түркияның қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы әлеуетін еске салып, Еуропа үшін Анкарамен стратегиялық әріптестіктің маңызын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу