Ердоғанның қарсыластары біріге алмай отыр

2329

Түркияның оппозициялық партиялары арасында дау туындады.

Ердоғанның қарсыластары біріге алмай отыр Фото: ehonews.kz

Оппозициялық партиялар президенттікке үміткер таңдау барысында ортақ шешімге келе алмады.

"Алты үстел" отырысында "IYI" (Жақсы) партиясының төрайымы Мерал Акшенер басқа бес партия ұсынған кандидатқа қарсы шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі.

2 наурыз күні оппозициялык алты партияның басшылары алдағы сайлауға қатысатын кандидатты анықтау үшін жиналған. Партиялар өзара бір шешімге келіп, Ердоғанның қарсыласының есімін БАҚ-та дүйсенбі күні жариялаймыз деген. Алайда 3 наурыз күні "IYI" партиясының төрайымы Мерал Акшенер үміткер таңдауда ортақ шешімге келе алмағандарын айтты.

Оның сөзінше, "алты үстел" отырысында 5 партия басшысы бірауыздан республикалық халық партиясының төрағасы Кемал Кылычдароғлуның кандидатурасын ұсынған. Ал өзі басқаратын партия Стамбұл және Анкара қалаларының әкімдері Экрем Имамоғлу мен Мансұр Яваштың есімдерін ортаға қойған.

Айта кетейік, бұл екеуі де республикалық халық партиясының мүшелері.

"Алайда біздің ұсынысымыз қабылданбады. "Алты үстелде" Түркияның болашағына қарағанда жеке амбицияның басым екенін түсіндік. Біз "IYI" партиясын бұл үшін құрған жоқпыз. Осыдан кейін "алты үстел" ұлттың қалауын ойлайтын қабілетінен айырылды. Ол бір кандидатты бекіту үшін жұмыс істейтін нотариус үстеліне айналды", - деді партия төрайымы.

Сонымен қатар Мерал Акшенер президент үміткерлігіне лайық деп санаған Анкара және Ыстамбұл қалаларының әкімдері Мансұр Яваш пен Экрем Имамоғлуна "халқымыз сіздерге үміт артып отыр" деді. Алайда бұл екі есім де твиттер желісінде партия басшысы Кемал Кылычдароғлуны қолдайтындарын айтып жазба қалдырды.  

Ал республикалық халық партиясының төрағасы Кылычдароғлу: "Уайымдамаңыздар, барлығы орнына келеді" деп жазды әлеуметтік желіде.

Мерал Акшенердің "алты үстелден" айрылуына байланысты Президент Ердоған да пікір білдірді. Оның айтуынша, "AK" партияның өз мақсат-мүддесі бар. Соған жету жолында жұмыс істеп келеді. Сондықтан "алты үстелде" не болып жатқаны қатты алаңдатпайтын көрінеді.

"Мұның осылай болатынын айлар бұрын айттық. Үстел басына жиналды, сөйлесті, соңында тарқады. Ал біз "АК" партия, халық альянсы ретінде олар не айтады, не істейді, қандай қадамдар жасайды деп бас қатырмаймыз, өз жолымызбен алға қарай жүреміз", - деді мемлекет басшысы.

Мерал Акшенер "алты үстелден" айрылғаннан кейін 4 наурыз күні қалған 5 оппозициялық партия өкілі кезектен тыс отырыс өткізді. Жиын 4,5 сағатқа созылды.

"Біз "Ертеңгі Түркияны" құруға және жаңғыртуға бел будық! 85 миллион халықтың сеніміне селкеу түсірмей жолымызды жалғастырамыз", - делінген жиналыстан кейінгі хабарламада.

5 партия басшысы алдыңғы кездесуде уәде еткендей 6 наурыз дүйсенбі күні "Саадет" партиясының ұйымдастыруымен қайта бас қосады. Онда 13-ші президенттік сайлауға қатысатын кандидаттың есімін жарияламақ.

Айта кетейік, партиялар арасында Кемал Кылычдароғлу басқаратын республикалық халық партиясы ең жоғары үлеске ие, шамамен 24-26 пайызды құрайды. Одан кейінгі орында 14-19 пайызбен "IYI" (Жақсы) партиясы тұр.

Сарапшылар аталмыш партияның альянстан шығуы елдегі саяси жағдайды өзгертіп, қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанның жеңіске жету мүмкіндігін арттыруы мүмкін дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу