Анкарадағы саммит аяқталып, елдеріне тарыдай шашыла тараған НАТО-ға мүше мемлекеттердің көшбасшылары Түркия Президенті ұсынған естелік сыйлықтарын ашып қарағанда, жаға ұстады: жиде ағашынан жасалған сәнді қобдишалардың ішінен ".357 Magnum" калибрлі тапанша шыққан, деп хабарлады Euronews.
Мемлекет басшыларының бір бөлігі Ердоған мырзаның қоштасу тарту-таралғысын Анкарада да, тіпті ұшақ ішінде де ашып қарамапты. Сондықтан оларға тосынсыйдың сыры кейінірек мәлім болды, деп жазды inbusiness.kz.
Күлліге мәлім калибр: FBI-дің тұңғыш басшысынан Голливудқа дейін
1930-жылдары Smith&Wesson және Winchester компаниялары бірлесіп жасап шығарған ".357 Magnum" патроны – тарихтағы ең қуатты әрі танымал калибрлердің бірі, әрі нағыз аңыз екенін түсіндіре кеткен жөн. Өзінің сұсты сырт келбеті мен кері серпінінің қаттылығы арқасында бұл қару шынайы тарихи тұлғалардың да, бестселлерлердің де, видеоойындардың да "сүйікті" қаруына айналды.
Бұл пистолетпен Джон Коннор мен Терминатор T-800, "Росомаха" Логан, Клинт Иствуд сомдаған детектив "Лас Гарри", "Тірі өліктер" сериалындағы шериф Рик Граймс және "Твин Пикс" хикаятындағы агент Купер жауларын аяусыз атқылаған.
1935 жылы Smith&Wesson компаниясы осындай алғашқы револьверді жасап шығарғанда, №1 үлгісін салтанатты түрде АҚШ федералдық тергеу бюросының тұңғыш директоры Джон Эдгар Гувердің жеке өзіне табыстады. Ұзақ уақыт бойы бұл калибр бюро агенттері үшін алтын стандарт саналды. Екінші Дүниежүзілік соғыс тұсындағы америкалық аңызға айналған әскери қолбасшы Джордж Паттон бұл тапаншаны еркелетіп, "менің гаубицам" деп атаған.
Рок-н-ролл королі Элвис Преслидің де осындай бірнеше револьвері болған. Оның алтынмен апталып, бай әшекейленген, гауһар-жауһар кіріктірілген Smith&Wesson Model 19-3 қаруы аукционда миллион долларға сатылды. Музыкант бұл қарумен кейде өзі жатқан қонақүй бөлмелеріндегі теледидарларды атып тастайтын.
Осы патронның негізгі авторларының бірі, қару-жарақ сарапшысы Филип Шарп оның жойқын күшін тәжірибе жүзінде дәлелдеу үшін револьвермен ірі аңдарды, гризли аюларын аулаған. Осылайша, қысқа ұңғылы қарудың мүмкіндіктері туралы түсінікті мүлдем өзгертті. Ғасыр соңында Америка бұл қару түрін шығаруды Түркияға табыстады.
Шок, үрей және үйеңкі шәрбаты
Солтүстік Атлантикалық альянс тарихында мұндай жаппай қару-жарақ тарту ету оқиғасы бұрын-соңды болмапты. Euronews хабарлағандай, кейбір басшылар үшін бұл олжа нағыз үрей-дүрбелең туғызды.
Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевер өзіне арналып жасалған хромдалған револьверді тек Отанына оралғанда ғана байқаған: зәресі ұшқан көмекшілері Брюссель әуежайының ұшу-қону жолағына бірден полиция шақыртқан, оған дейін пакеттегі қорапты суретке түсірумен шектелген. Қауіпсіздік қызметінің өкілдерін қорапта қарумен бірге алты жауынгерлік патронның жатқаны қатты мазалады.
Ал Канада Премьер-министрі Марк Карни бұл жағдайды әзілмен қабылдады. Ол өзінің НАТО-дағы әріптестеріне жасаған сыйлығы – канадалық үйеңкі шәрбаты мұндай жарқыраған қаһарлы әрі қымбат тапаншаның көлеңкесінде қалып қойғанына қынжылғанын айтып қалжыңдады.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерге лезде тарап, Ердоғанның өзге одақтастарын тығырыққа тірей алатын, тәсілін ешкім болжап болмайтын көшбасшы бейнесін бекіте түсті.
.357 Magnum калибрлі Gümüşay ("Күміс ай") револьвері – бұл 1990-жылдары Түркияның Гүмүшхане қаласында жасалған, 6 оқты түрік қаруы. Зауыт жабылғаннан кейін қалған қор MKE мемлекеттік қорғаныс концернінің иелігіне өткен.
Түрік ақпараттық агенттігі İhlas Haber Ajansı-ның нақтылауынша, барлық НАТО елдері лидерлеріне бір модельдегі тапанша тарту етіліпті, бірақ оның безендірілуі әрбір көшбасшыға лайықталған екен. Оған алушының есімі қашалып жазылып, қорабы Түркия туымен және НАТО эмблемасымен безендірілген. Сондай-ақ экспортқа шығаруға қажетті рұқсатнамасы да бірге беріліпті.
Бұл жай ғана кәдесый емес, сонымен бірге тікелей жарнама болса керек: Түркия атыс қаруын экспорттау бойынша әлемде үшінші орынды иеленеді және бұл секторды белсенді түрде дамытып келеді.
Айтпақшы, түрік ақпарат құралдары револьвердің жалғыз сыйлық емес екенін қаперге салды: Ердоған оған жеке хатын, сиялы кәдесый қаламды және өзінің ағылшын тіліндегі "Батылдық саясаты: Ердоған және Түркияның өрлеуі" атты өмірбаяндық кітабының қол қойылған данасын қоса табыстады.
Сыйлықтардың тағдыры: револьверлер қайда кетті?
Көшбасшылар Анкарадағы саммиттен қайтқаннан кейін сыйлықтар әртүрлі ұлттық қауіпсіздік рәсімдерінен өтті. Қарудың тағдыры 4 түрлі сценарийге бөлінді, деп жазды turkiyegazetesi.
№1 сценарий. Күш құрылымдарына берілді
Канада Премьер-министрі Марк Карнидің кеңсесі револьвердің алынғанын растап, оның ресми түрде Канада корольдік атты полициясына (RCMP) тапсырылғанын нақтылады.
№2 сценарий. Сақтауға қойылды
Польша Президенті Кароль Навроцкийдің кеңсесі қарудың Варшавада кедендік рәсімдерден өтіп, сақтауға жіберілгенін мәлімдеді. Ол "біріншіден, қауіпсіз болуы үшін, екіншіден, сыйлыққа құрметпен қарау үшін тиісті жерде сақталады". Мәлімдемеде: "Бұл қарудан ешкім оқ атпайтыны анық", – делінген.
Италия Премьер-министрі Джорджи Мелонидің револьвері Үкімет резиденциясы – Палаццо Киджиде (Palazzo Chigi) басқа да мемлекеттік сыйлықтармен бірге сақтауға қойылды.
Люксембург Премьер-министрі Люк Фриденнің кеңсесі револьверді басқа да "дипломатиялық сыйлықтармен" бірге сақтауға жібермес бұрын оның "атыс қаруы ретінде қайта қалпына келмейтіндей қолдануға жарамсыз күйге" түсіретінін мәлімдеді.
Ұлыбритания Премьері Кир Стармер револьверді Түркиядағы британдық өкілдерге қалдырды. Қаруды Лондонға жөнелту алдында толығымен деактивациялауға (істен шығаруға) уәде етілді.
Нидерланды және Швеция Премьер-министрлерінің кеңселері сыйға тартылған тапаншалардың Анкарадағы елшіліктеріне жеткізілгенін хабарлады. Голландиялық револьвер елге тек жұмыс істемейтін күйге келтірілгеннен кейін, ал, шведтік қару – импорттық рәсімдер аяқталғаннан кейін ғана ұшады.
№3 сценарий. Музейлерге өткізілді
Германия канцлері Фридрих Мерц тапаншаны кейіннен ресми сыйлықтардың мемлекеттік коллекциясына қосу үшін Анкарадағы неміс елшілігіне тапсырды. Грекия Премьері Кириакос Мицотакис түрік сыйлығын Афинадағы Әскери музейге беруді жоспарлап отыр.
Еуроодақ ше? Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен сыйлық үшін Ердоғанға "алғысын білдірді", деп хабарлады оның өкілі. Ол револьвердің қолданыстан шығарылып, әскери музейге тапсырылатынын қосып өтті. Еуропалық одақ Кеңесінің төрағасы Антониу Коштаның сыйлығын оның қауіпсіздік қызметі тексеру жүргізу үшін алып кеткен.
"Біз тапаншаны Бельгияға әкелу үшін бельгиялық процедураларды орындаймыз, содан кейін оны Еуропалық кеңестің бас хатшылығы белгілеген қауіпсіздік талаптарына сәйкес сақтаймыз", – деп мәлімдеді ЕО ресми тұлғалары.
Бельгия Премьер-министрі Барт Де Вевер өзіне табыс етілген сыйлықтың револьвер екенін тек өз еліне оралғанда, әуежайдағы қауіпсіздік тексерісі кезінде ғана білген. Де Вевердің чемоданынан табылған тапанша қажетті рәсімдерден кейін қауіпсіз сақтау үшін әуе айлағының полициясына өткізілді.
№4 сценарий. Сыйлықтан бас тартылды
НАТО Бас хатшысы Марк Рютте бұл тартуды сыпайы түрде кері қайтарған жалғыз адам болды. Альянстың штаб-пәтерінде Рюттенің бұл ілтипатты жоғары бағалағанын, бірақ қаруды өзімен бірге алып кетпеу туралы қағидалы шешім қабылдағанын атап өтті.
Үш астарлы мағына: мұның мәнісі неде?
Ердоған мырзаның бұл тосын тартуының қандай символы бар? Түрік басылымдары мен сарапшылардың пікірлерінен бірнеше негізгі байламды бөліп көрсетуге болады. Басты нұсқа – Түркияның қорғаныс өнеркәсібінің мүмкіндіктерін паш ету. Түріктің барлық дерлік БАҚ-тары сыйлықты дәл осы тұрғыдан қарастырады.
Reuters агенттігі түрік шенеуніктеріне сілтеме жасай отырып, револьвер мына нәрселерді паш етуге тиіс болғанын нұсқады:
• Түркияның технологиялық серпілісін;
• Түркияның заманауи қару-жарақты өз бетінше шығаруға қауқарлылығын;
• Түркия әскери-өнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетін және жаһандық топ-экспорттаушы мәртебесін айғақтайды.
Швейцариялық Small Arms Survey зерттеу ұйымының мәліметінше, Түркия жеңіл қару-жарақ экспорты бойынша АҚШ пен Италиядан кейін әлемде үшінші орынды берік иеленіп отыр.
Екінші тұжырым түрік қару өндірісінің ұлттық тарихымен байланысты. Gümüşay ("Күміс ай") үлгісі – 1990-жылдары Түркияда MKE компаниясы шығарған алғашқы револьверлердің бірі. Сондықтан бұл сыйлықтың тарихи мәні де бар. Жергілікті журналистерге қару-жарақ сарапшысы Шевки Ясин Сонер түсіндіргендей, қару сыйлау – "көне түрік салты".
Үшінші түсіндірме сыйлықты "саяси күш көрсету" ретінде қарастырады. Ең қызықты талдауды DW Türkçe басылымы жариялады: ол Бонн-Рейн-Зиг қолданбалы ғылымдар университетінің оқытушысы, германиялық әлеуметтік психолог Бритта Кранның (Britta Krahn) пікірін келтірген.
Оның ойынша, оқ-дәрісі бөлек емес, бір жиынтықта, қоса берілген атыс қаруы түріндегі қаһарлы сыйлық – жай ғана кәдесый емес, бұл "қарсы тараптың шекарасын, әлеуетін тексеретін күш көрсету ойыны" және үстемдік белгісі.
Кран мұндай сыйлықтардың арандатушылық сипатқа ие болатынын ескертті. Өйткені олар сыйлаушы мен алушы арасында теңсіздік тудырады.
"Мұндай қадам сыйлық берушіні күшті позицияға қояды, ал, оппоненттерге тек жауап қату құқығын ғана қалдырады. Алушы автоматты түрде тек әлсіз, шектеулі дипломатиялық реакция көрсетуге мәжбүр болады", – деді психолог.
Бритта Кранның пікірінше, Президент Ердоған беделді қонақтарына нақты бір жолдауды жолдады: "Мұндай тарту жасауға менің шамам келеді, ерік-жігерім бар, ал, сіздердің қолдарыңыздан бұл келмейді", – деген ым-ишара болуы мүмкін.