Ерекше форматтағы ескі сүрлеу

Даниал Ахметовтың есептік кездесуінде облыстың түкпір-түкпірінен 20-дан астам сұрақ қойылды. Ал залдан шығып сөйлегендердің сөзі сыпыра мақтауға толы болды.

Ерекше форматтағы ескі сүрлеу

Жыл бойы БАҚ жаза-жаза жауыр қылған жетістіктер мен өңірлік жобалар мұнда да айтылды. Денсаулық сақтау саласына бөлінген ондаған миллиард теңгенің жемісі мен үш тілді білім беру жүйесінің артықшылықтарын аймақтың басшысы тереңнен толғап, кеңінен әңгімеледі.

Ал есептік кездесуден ерекше тың жаңалық күтіп келгендер Катонқарағай ауданында қымызбен емдейтін шипажай ашылатынын естіп қуанды. Бүгінде Катонқарағай ауылында 2009 жылы салынған аурухана жартылай бос тұр. Сол бос орындар енді елге шипажай ретінде қызмет ететін болады. "Алтай" деп аталатын шипажайда халықтық емшілік, шөппен емдеу, қымызбен және батпақпен емдеу кабинеттері қызмет көрсетпек. Жаңа шипажай үш жұлдызды стандартқа сәйкес болмақ. Жоба бойынша мұнда бір мезетте 90 адамға дейін емделе алады.

Экран арқылы жолданған сұрақтар күні бұрын дайындалғаны білініп тұрса да, өңірдің тыныс-тіршілігіне тікелей қатысы бар өзекті мәселелерді қозғай алды.

Жүрдек пойыз қайта жүре ме?

Сондай сауалдың бірі – Шар шаһары арқылы Өскеменнен Астанаға жүретін "Тұлпар-Тальго" жүрдек пойызын қайта қалпына келтіру  мәселесі. Ресейдің аумағына енбей, тікелей қатынайтын аталмыш пойыз осыдан бір жыл бұрын тоқтап қалған болатын. Шар арқылы Астанаға 17 сағатта барып жүрген ШҚО тұрғындары қазір Ресейдің Локоть стансасы арқылы тәуліктен астам жол жүруге мәжбүр.

"Қазан айында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Өскемен-Астана бағытындағы теміржол қозғалысын қайта реттеуді өтініп, хат жолдағанбыз. Мәселенің жақын күндері толығымен шешіледі. Ол бойынша келіссөздер жүрді. Нәтижесі жаман емес" – деді әкім.

Ал күршімдік Әділбек Маткримов есімді тұрғын Ертіс өзені арқылы өтетін паромның қызметіне халық тарапынан көптеген шағым бар екенін айтып, осы проблеманы біржақты етуді сұрады. Даниал Ахметов бұл жағдайдан хабардар екенін айта келе, мәселені шешу екі кезеңмен іске асатынын түсіндірді.

"Біріншіден, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы паром қызметінің сапалы болуын тұрақты бақылауға алатын болады. Ауа райының қолайсыздықтарын ескергеннің өзінде тасымал жиілігі 90 пайыздан түспеуі керек. Екіншіден, "Құйған айлағы" ЖШС-не қызмет сапасын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмағаны үшін айыппұл санкциясын енгізу керек. Қажет болған жағдайда тасымал кестесін сақтамай, тариф саясатын ақылға қонымды жүргізбегені үшін келісімшартты бұзу қажет", – деді әкім.

Даниал Ахметовтың бұл жауабына қарағанда Бұқтырма су қоймасының үстінен көпір салу мәселесі белгісіз уақытқа шегерілген сияқты.

Қытай нарығы өзімізді аш қалдырмай ма?

Облыс әкімі Қытай стандартына сай зертхананың құрылуына күмәнмен қарайтындар бар екенін мойындады.

"Қытай нарығының құлпы ашылса, өзіміз азық-түліксіз қалмаймыз ба деген сұрақ туындауы мүмкін. Оған да жауап берейін. Өскеменде  ауыл шаруашылығы өнімдерін толайым бағамен сататын супермаркет ашамыз. Өз халқымыздың сұранысын сол сауда орны толық ақтайды. Бізде бал өнімдері жергілікті қажеттілік мөлшерінен 5 есе, мал еті 2 есе, қарақұмық 3 есе, картоп 4 есе, күнбағыс майы 10 есе, ұн 22 есе көп өндіріледі. Бұл салада әлі де әлеуетіміз орасан", – дейді облыс басшысы.

Қытай стандарттары бойынша аккредиттелген зертхана биыл ашылады деп күтілуде.  Оны қажетті зертханалық қондырғылармен жабдықтау үшін Қытай тарапы 1 млрд теңгенің құралын ақысыз негізде ұсынып отыр. Аталған нысан өңірдің шаруа қожалықтарына өз өнімдерін тұтынушыға  делдалсыз, тікелей өткізуге мүмкіндік береді.

Даниал Ахметов 4 жыл ішінде ауылдағы елден сүт қабылдау көлемі 9,8 есеге артқанын айтты. 2015 жылы халықтан 3,7 мың тонна сүт жиналса, биыл бұл көрсеткіш 36,2 мың тоннаға жеткен. Төрт жылда 37 тауарлы-сүт фермасы іске қосылған және қайта құрылған. Сондай-ақ, 55 сүт қабылдау пункті құрылып отыр. Осының арқасында өңірдегі сүт зауыттарының жүктемесі 29 пайыздан 75 пайызға дейін өскен.

"Мысалы, "Эмиль" компаниясы өндірістік қуатын 36 мың тоннадан 56 мыңға көбейту үшін қайта жарақтауға көшті. Сүтті мал шаруашылығын әрі қарай да дамыта береміз. Ол қысқа уақытта өз жемісін беріп жатыр", – деді Даниал Ахметов.

Көпбалы отбасыға кешенді бағдарлама

Бүгінде бүкіл Қазақстан үшін өзекті болып тұрған көпбалалы отбасылар мәселесі де әкім кездесуінде бірнеше рет көтерілді. Бұған дейін жергілікті сайттар облыс бойынша көпбалалы отбасының балалары балабақшаға тегін барады деген ақпарат таратқан болатын.

Әкімнің айтуынша, қысқа мерзімде аталмыш санаттағы отбасыларды қолдаудың тетіктері ойластырылып, қаржы бөлу мәселесі де шешімін таппақ. Қаржы көзі мен мөлшері анықталғаннан кейін кешенді бағдарлама жүзеге аса бастайды. Өңірлік бағдарлама төмендегідей жеңілдіктерді қамтиды деп жоспарлануда.

Біріншіден, көпбалалы отбасылардың барлық балалары балабақшаға тегін баратын болады.

"Бұл мақсатқа 245 млн теңге бөлінеді. Мұндай жеңілдік мемлекеттік те, жеке меншік те балабақшаларға қатысты. Көпбалалы жанұялар балабақшаға қатысты барлық шығындардан босатылады", – деді ол.

Екіншіден, жалпыға міндетті оқу қорының капиталы 500 млн теңгеге жеткізілмек. Бұл қаржыға, бірінші кезекте көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына жаңа оқу жылында мектеп формасы мен құрал-жабдықтары сатып алынады. Бұған дейін аталмыш мақсатқа бөлінген қаржыны қоса есептегенде осы санатқа енетін әр баланы оқу жылына дайындау үшін 22 мың теңгеден бөлініп отыр.

Үшіншіден, көпбалалы отбасынан шыққан студенттер оқу орындарының шәкірттеріне 3 млрд теңге бөлінді. Осының нәтижесінде 4 200 бала тамақ пен жол жүру ақысынан босатылып, шәкіртақы алатын болады.

Төртіншіден, көпбалалы отбасыларға шағын несие ұсыну мақсатында облыс бюджетінен 337 млн теңге бөлінетін болады. Бұл қаржы көпбалалы отбасыларға мемлекет атынан 85 пайыз несие кепілдігін ұсынуға жұмсалады.

Бесіншіден, бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін  қайтарымсыз негізде берілетін гранттарға көпбалалы отбасылар да  өтінім бере алады. Грант көлемі 252,5 мың теңге шамасында. Қазірдің өзінде бұл жобаға 67,7 млн теңге бөлініп, 268 жоба қолдауға ие болған.

Алтыншыдан, ауылдағы көпбалалы отбасыларға шағын несиенің пайыздық үстемеақысын субсидиялау, малды кепілдікке қою аясын кеңейту тұрғысынан көмек берілмек.

Жетіншіден, 12 ақпан мен 12 наурыз аралығында жүретін "Саламатты ана мен бала" атты акция аясында көпбалалы аналар мен отбасы мүшелері өзі тіркелген емханада тегін қаралып, диагностикадан өтіп, дәрігер кеңесін кедергісіз алады. Мұндай акцияларды жылына екі рет өткізіп тұру жоспарланып отыр.

"Осы айтқан бағыттардың бәрі бір кешенді бағдарламаға топтасады. Оның нақты сұлбасы бір айдың ішінде дайын болуы тиіс. Барлық ұсыныстар ескеріліп, қаржы көлемі есептеліп, облыстық мәслихатқа өтеді. Мысалы, көпбалалы отбасыларға суармалы жерді жеңілдікпен беру тетігі бар. Осының барлығына қаржы қанша мөлшерде бөлінетінін депутаттармен бірлесіп бекітеміз" – деді Даниал Ахметов.

Кездесу соңында залдан сөз алған тұрғындар кезек-кезек былтырғы жылдың облыс үшін сәтті болғанын атап, әкімнің бір жылғы жұмысына бірауыздан жоғары баға берді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу