Ерекше футбол мәнері қалыптасқан Дания

1030

Бұл құраманың ойыны да, мәнері де ерекше.

Ерекше футбол мәнері қалыптасқан Дания

Әлем футболында үнемі сенсация болып тұрады. Сондай бір сенсацияның көкесі 1992 жылы болды. 1992 жылы Швецияда өткен Еуропа Чемпионатының финалдық турниріне Дания құрамасы жолдама ала алмай қалады. Бірақ чемпионат жақындағанда саяси хал-ахуалға байланысты быт-шыт болып тарап жатқан Югославияға БҰҰ тарапынан санкция жарияланады да, оның орнына күтпеген жерде Дания құрамасы Еуропа Чемпионатына қатысатын боп шешім шығарылады. Осылайша дат құрамасы біріншілікке ешбір дайындықсыз барады.

Топтық турнирдегі үшінші, соңғы матчтың 79-шы минутына дейін оларды ешкім плей-оффқа шығады деп ойламаған-ды. (Алғашқы екі турда оларда бір ғана ұпай бар еді). Франциямен өтіп жатқан матчтың 79-минутында Ларс Эльструп күтпеген жерде жеңіс добын соғып кетіп, құрамасын жартылай финалға алып шығады.

Жартылай финалда оларды азуын айға білеген Голландия құрамасы күтіп алды. Аты шулы құрамадан даниялықтар жасқанбайды да, ойын барысында екі рет есепте алға озды. Тек 86-минутта қақпа алдындағы қарбаласта Райкаард есепті теңестіріп кетті. Бәрібір матчтан кейінгі пенальтилер сериясында дат қақпашысы Петер Шмейхель керемет өнер көрсетіп, Дания құрамасы финалға шықты.

Финалдық матчқа Дания құрамасының негізгі құрамдағы футболшылары түгел қатысады. Бұған дейін дат шабуылшысы Ким Вильфорт ракпен ауырып жатқан қызының халін білу үшін чемпионатты тастап үйіне ұшып барып та келген-ді. Қызы науқастан тәуір бола қоймаса да Вильфорт Швецияға қайта келіп матчтарға қатысып жүрді. Финалдық матчта Вильфорт та, өзге даниялықтар да өліспей беріспеді. Олардың қарсыластары Германия еді. Азулы немістердің де бұларға тісі батпады. 19-минутта даниялықтар есеп ашқаннан кейін (голды Йон Йенсен соқты) тізгінді немістер толығымен қолдарына алғанымен, даниялықтардың қақпасын дәл көздеу оларға мұң болды. Ал ойынның 79-минутында Ким Вильфорт айып алаңының сыртынан Бодо Иллгнер қорғаған қақпаны дәл көздеп, чемпионаттың тағдырын шешкен голды соқты — 2:0! Бұл — Еуропа Чемпионаттарының финалдық турнирлер тарихындағы 200-ші гол еді.

Дания құрамасы Еуропа Чемпионы атанды. Арада бір ай өткен соң Ким Вильфорттың қызы науқастан қайтыс болды...

Бұдан кейін Дания футболшылары 1995 жылғы Конфедерациялар кубогында чемпион атанды. 1998 жылғы әлем чемпионатын да олар керемет өткізді. Тек 1/4 финалда ғана Бразилиядан ұтылды — 2:3. ЕУРО-2000 турнирінде топтан аса алмады. 2002 жылғы Әлем чемпионатында 1/8 финалда Англиядан ұтылып қалды (0:3). Дәл осындай есеппен ЕУРО-2004 ширек финалында Чехияға жол берді де, 2010 жылға дейін ешқандай ірі жарыстарға қатыса алмады. 2010 жылғы әлем чемпионаты мен ЕУРО-2012 турнирлерінде топтан шыға алмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу