Ереуілдердің артында шынымен не тұрғаны әшкереленді

11823

Енді Тамара Дүйсенованың "ревизорлары" даулы кәсіпорындарға еш ескертусіз сау ете қалуы мүмкін. 

Ереуілдердің артында шынымен не тұрғаны әшкереленді

Бас прокуратураның мәліметінше, соңғы екі жылда еліміздегі кәсіпорындарда протестік көңіл-күйлердің ушығуы байқалады. Бүгінде елімізде 35 еңбек қақтығысы тіркеліп үлгерген. Салыстырсақ, 2021 жылы бұл сан – 31 болды.

Билік кейде ереуілге шығушы еңбеккерлердің өзін маргинал, жатыпішер масыл етіп көрсеткісі келеді. Ақпарат құралдары немесе билікке жақын "қоғамдық пікір көшбасшылары" арқылы наразылық білдіруші жұмысшылардың өз біліктілігіне сай емес, тым жоғары еңбекақы талап ететінін мәлімдеп, олардың пайдакүнем, тоғышар бейнесін қалыптастыруға ұмтылады.

Фото: facebook.com/adaniyar

Мысалы, саясаттанушы Данияр Әшімбаев ереуілдеген жаңаөзендіктерді "шантаж" құралы деп күстәналады, ал мемлекеттік мұнай компаниясында істеуді қазақтардың "шағын ұлттық идеясы" деп келемеждеді. Ол "мұнайшылар протестінің артында кім тұр" деген сұрақ қойып, оған жауап берді. Оның пікірінше, шарты түрде алғанда А компаниясы бірнеше жыл мұнай компаниясының тендерлері негізінде қызмет етті. Былтыр оған мұны Б компаниясымен бөлісуге тура келді делік. Еңбек қақтығысын тудырмау үшін Б-ға А жұмысшыларының біразы қабылданды. Ал биыл тендерді А жеңіп алды да Б-да істейтіндерге ұқсас шарттармен өзіне жұмысқа тұруды ұсынды.

"Б ұжымы келіспей, керісті: тендерді өзіне беруді немесе ұлттық компанияның өзіне қызметке тұрғызуды талап етті. А-ға көшсе, ұжым бұрынғы еңбек жағдайларын сақтайды, бірақ қожайындары мен менеджерлері табысын жоғалтады. Сондықтан олар жол ақысын, тамағын, қонақүйін, байланысын, палаткасын, басқасын төлеп, 200 адамды елордаға аттандырады. Келушілер Астанада ұқсас ұсынысқа келіспейді. Оларды заңсыз митинг үшін тұтқындайды және үйлеріне кері аттандырады. Шынын айтқанда, мұнда ереуілдің де, еңбек қақтығысының да иісі шықпайды. Бұлардың отанында дәл осы кезде бірнеше мың жұмыссыз митинг өткізеді. Олар да біліктілікті ескермей, әрі кезексіз мұнай компаниясына тұрғызуды талап етеді. Олардың арасында мұнай саласына орналасу үшін Қарақалпақстаннан арнайы келген қандастар жетерлік. Олар басқа жұмысты, вахтаға сапарлауды, басқа мамандыққа оқуды қаламайды. Бұларда "жергілікті протест" дәстүрі бар, сол арқылы мемлекетке шантаж жасайды", – деп салды Д.Әшімбаев.

Бұл жерде компанияларды нақты атамай, А және Б деп шартты алу арқылы саясаттанушы ереуіл тіркелген барлық бизнес нысандарына, тіпті қандастарға тіл тигізбей ме?

Оның айтуынша, ереуілдердің ар жағында "жергілікті элита мен көлеңкедегі тұлғалар", сондай-ақ өз мүддесін тықпалаған "қаптаған провокатор" тұр. Саясаттанушы бұл байламды нақты қандай ақпараттарға сүйеніп жасап, жариялап отырғанын хабарламады.

Ал салаға мұқият әрі білікті талдау жүргізген Бас прокуратура елдегі ереуілдердің басты себебі басқа екенін көрсетті.

Ведомствоның дерегінше, ұжымдардағы шиеленістің басты себептерінің бірі – өмір мен денсаулық үшін қауіпті еңбек жағдайлары. Ғылыми зерттеу деректері еліміздегі зиянды және қауіпті өндірістерде жұмысшылар арасындағы кәсіптік сырқаттанушылық 10 жылға жасарғанын паш етті. Егер ел тоқыраған 90-шы жылдары қазақстандық жұмысшылар кәсіптік ауруға тек 20 жыл бойы еңбек еткеннен кейін ғана душар болса, қазіргі уақытта бұл үшін 10 жыл да жеткілікті көрінеді.

Егер Әшімбаев мырза мұнай, мұнайсервис, тау-кен металлургия сияқты салаларда он жыл бойы жұмыс істесе, бәлкім басқаша сайрар ма еді?

Өйткені, технологиялық деградацияға ұшыраған Қазақстанда еңбек жағдайларының тым нашарлағаны сонша, онда жұмысшылар тіпті кәсіптік ауру туындайтын межеге де жетпей, ерте қайтыс болуы мүмкін. Сорақысы сол, Халықаралық еңбек ұйымының рейтингі бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында жарақат алу деңгейі жөнінен "антилидерлердің" үштігінде орнығыпты.

Билік өкілдері және соның сойылын соққан саясаттанушы, сарапшы, блогерлер республикамызға тәуелсіздік жылдары 370 млрд доллар шетелдік тікелей инвестиция тартылғанын, Қазақстан ол жөнінен бүкіл аймақтағы лидер екенін айтып шіренгенде, костюміндегі түйме үзіліп түседі. Алайда сонша инвестиция қайда, кімнің қалтасында тұнып қалды? Неге еңбек жағдайларын жақсартуға, технологияларды жаңғыртуға жұмсалмаған?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз тексеруін жүргізе келе, қалыптасқан күрделі жағдайға айыпты болған басқа факторларды атады. Бірақ олар да тікелей билікке тіреледі.

Фото: Максим Морозов

"Біріншіден, тиімді құқықтық реттеу жеткіліксіз. Мысалы, қызметкерлердің еңбек құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік санкциялар мардымсыз: ескертуден басталады, әрі дегенде 400 мың теңгеден аспайтын айыппұл салынады. Алпауыттар үшін бұл маңызды емес, сондықтан оларды "тәртіпке салудың" заңдағы солқылдақ әдістері нәтиже бермейді. Заңнамалық актілер жарақат алу және қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу фактілері байқалған кәсіпорындарды жыл сайын тексеруге мүмкіндік бермейді", – деп түсіндірді Еңбек ведомствосы.

Яғни, олигархтарды қорғап, оларға шық жуытпаған билік еңбек инспекторларының аяқ-қолын осылай байлап-матап қойғанға ұқсайды.

Екіншіден, министрліктің мәліметінше, мемлекеттік бақылау дұрыс емес. Уәкілетті органдар анықтаған құқық бұзушылықтар аяғына дейін жеткізілмейді, яғни айыптыны жазалаумен қисынды түрде аяқталмайды. Мұны прокурорлық тексерудің нәтижелері де куәландырады.

Жалпы алғанда, тексеру қорытындысында 69 қадағалау актісі енгізілді. Оның ішінде масқара ахуалды түзету керектігі жөнінде Үкіметке де хат жолданған. 226 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 40 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Прокурорлардың актілері бойынша 30 мың жерасты жұмысшысының жалақысына үстемеақы қосылыпты. 600-ден астам жұмысшыға 15 млн теңге өтемақы төленді. Қорғаныс құралдарымен және арнайы тамақпен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету басталды. Ақаулы, қауіпті 22 жабдықтың, құрылғының жұмысы тоқтатылды.

Бұдан бөлек, Бас прокуратураның мәліметінше, бір жылда, жалғыз құрылыс саласында 167 адам жарақат алып, 42 адам қаза тапты. Оның екеуі – әйел.

Фото: yandex.kz

Сондықтан ел басшылығы шынымен Әділетті Қазақстан құрғысы келсе, онда әлдебір саясаттанушысымақтардың митингті қуып таратуды ақтаған дәлелсымақтарына босқа алданбай, жұбанбай, ереуілдердің туындауының түп-төркініне үңіліп, сондағы кем-кетікті жоюға күш салғаны абзал. Әйтпесе, ТМД елдері арасында жарақат алу деңгейі бойынша "№1 антилидерге" айналуы ғажап емес.

Қазақстанда Қытай, Үндістан, Африка сияқты құжынаған халық жоқ. Бұлай бара берсе, Ұлы дала бос қалмай ма?

Себебі, тіпті ресми, яғни әшкереленген деректердің өзі төбе құйқаны шымырлатады. 2020–2022 жылдар кезеңінде мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуына қатысты 14 895 тексеру жүргізді. Соның ішінде 528-сі ғана – жоспарлы тексерулер мен профилактикалық бақылау болған. Еңбек инспекторлары шағым негізінде 14 367 жоспардан тыс тексеру жүргізуге мәжбүр болды. Осыдан-ақ елде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы заңнама аяқасты етіліп жатқанын байқауға болады.

Мына масқараға назар аударыңыз: осы тексерулер барысында 26 897 бұзушылық анықталды. Мұнда:

  • Еңбек қатынастары саласында – 17 817 былық;
  • Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында – 8 414;
  • Халықты жұмыспен қамту саласында – 469 жөнсіздік анықталды. Әшкереленбегені қанша?

Олай болса, ереуілдердің артында тек А мен Б-ның тендерге таласқан қожайындары, жергілікті элита, қаптаған провокатор және қандастар тұрған жоқ. Мұнда жан төзгісіз ауыр еңбек жағдайларынан әбден қажыған жұмысшылар қауымының ашынысы тұр.  

Жүргізілген бақылау іс-шараларының қорытындысында жұмыс берушілерге анықталған бұзушылықтарды жою туралы 9 006 ұйғарым жолданды. Олар бойынша жалпы сомасы 898,4 млн теңгеге 4 305 әкімшілік айыппұл салынды. Жалпақ тілмен айтқанда, бұған олардың қылы қисаймайды. Сондықтан еңбек жағдайларына мемлекеттік бақылауды күшейтіп, еңбек инспекторларына дамыған елдердегі сияқты қуатты құзырлар, тегеурінді тетіктер берген жөн.

Алайда Тамара Дүйсенованың батыл қадамдарға жүрегі дауаламай отырғаны аңғарылады. Мысалы, алда Мәжіліске енгізілетін "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы арқылы Еңбекмині Үкімет пен Парламентке тым сыпайы сұраныспен шықпақ.

Даңғарадай заң тексерулерді ұйымдастыру тәртібін өзгетуді қарастырады. Атап айтқанда, Еңбекмині осы заң жобасы арқылы биліктен тек "Мемлекеттік еңбек инспекторларын бақылау және қадағалау субъектілерін жоспардан тыс тексерудің басталғаны туралы алдын ала хабардар етуден босатуды" сұрап отыр.

Әйтпесе, еңбек инспекторларынан жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін компанияларды тексеру басталғанға дейін кемінде 1 тәулік бұрын сол туралы жазбаша түрде хабардар ету талап етіледі.

Еңбек қауіпсіздігі артуы, еңбеккерлердің құқығы лайықты қорғалуы, ереуілдер сиреуі үшін Еңбекмині "түнектің түріп түндігін, ақырып теңдік сұрайтын" тегеурін танытуы қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу