ERG #Birge #TazaQazaqstan акциясын қолдайды

Еуразиялық топ кәсіпорындарының 2,5 мың қызметкері аумақты тазалауға шығады. 

ERG #Birge #TazaQazaqstan акциясын қолдайды

Республикалық #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясына Еуразиялық Топ (ERG) та қосылады. Компанияның еліміздің өңірлеріндегі кәсіпорындарында жұмыс істейтін 2,5 мыңға жуық қызметкер сенбілікке қатысады.

Компанияның баспасөз-қызметі хабарлағандай, 27 шілде күні жеті қалада, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Хромтау, Рудныйда Еуразиялық Топтың 1600 қызметкері жақын маңдарды тазалауға шығады. 3 тамыз күні эстафетаны Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы 900 қызметкер қабылдайды.

Елордадағы ERG қызметкерлері Вячеслав су қоймасының жағалауын тазаламақ. Осы арада, бұл аумақтың Еуразиялық Топтың "қамқорлығына" алынғанын айта кету керек.

2017 жылы "Экологиялық десант" акциясы аясында компания қызметкерлері су қоймасына 70 мың тұқы шабағы мен басқа да балық түрлерін жіберген болатын. Сондай-ақ, жағалауда қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақыратын ақпараттық қалқандар мен демалуға арналған орындар қойылған.

"Еуразиялық топ экологияны қолдау шараларына белсенді қатысады. Жыл сайын қоршаған ортаны қорғау мен жақсартуға бағытталған өз шараларымызды ұсынамыз. Табиғат байлықтарына ұқыпты қарау біздің компанияның негізгі миссияларының бірі, бұл – біз жұмыс істейтін өңірлер мен біздің кәсіпорындарды тұрақты дамыту кепілдерінің бірі", – деп атап кетті Еуразилық Топ басқармасының төрағасы Серік Шахажанов.

Еске салар болсақ, #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы 20 шілде күні бастау алды. Сол кезде Қазақстан Республикасы премьер-министрі Асқар Мамин, вице-премьер Жеңіс Қасымбек, экология, геология және табиғат ресурстары министрі Мағзұм Мырзағалиев, әділет министрі Марат Бекетаев, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, парламент мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева, еліміздің қоғамдық ұйымдары мен экологиялық қауымдастықтары өкілдері, еріктілер мен қорғашан ортаға немқұрайлы қарамайтын жастар Нұр-Сұлтан қаласындағы Қоянды су қоймасының аумағын тазалауға шыққан болатын. Акцияға бас-аяғы 2000 адам қатысып, олар 26 шаршы шақырым болатын жерді тазалап, 10 тоннадан астам қоқыс жинаған.

Тап сол күні экология, геология және табиғат ресурстары министрі Мағзұм Мырзағалиев ел өңірлерін осы бастаманы жалғастыруға шақырды. Министрдің ұсынысы Еуразиялық топ, еліміздің бес өңірінде орналасқан бес кәсіпорында қолдау тапты.

 Гүлназ Ермағанбетова  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу