Шын-өтірігі белгісіз, бірақ Болгарияның "KotaSport" деген ақпараттық-сараптамалық сайты Еркебұлан Сейдахметтің "Левски" клубы сапында айына қанша ақша алатындығын жариялады. Бұл ретте, аталмыш басылым өзінің дереккөзіне сүйенген...
"Қазақтың інжу-маржаны тым арзан емес екен. Бізге мәлім болғаны, оның бір айлық жалақысы 15 000 доллар көрінеді. Біз тек ол сенімді ақтайды деген үміттеміз", – деп мәнерлеп жазды аталмыш басылым. Ал бүгін Еркебұлан София клубы сапындағы, біраздан күткен, алғашқы ойынын өткізді.
"Левски" түзде "Верея" командасымен кездесіп, 4:3 есебімен жеңіске жеткен. "Қазақтың Мессиі" екінші таймның басында (56-миинутта) алаңға шығып, Жерсон Кабралды алмастырды. Еркебұлан алаңға шыққанда, "Левски" 3:2 есебімен жеңіп жатқан. Қонақтар соңғы голды пенальтиден соқты.
Бір қызығы, 2017 жылы дәл осы "Верея" клубының сапында басқа бір Еркебұланымыз ойнаған. Нақтырақ айтқанда, бұл клубтың намысын Еркебұлан Нұрғалиев қорғаған болатын. Өздеріңіз де білерсіздер, ол биыл "Шахтер" (Қарағанды) клубының сапында ойнайды.
Маруан Түсіп