Еркебұлан Ресей асып, Болгариядан бір-ақ шықты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3476

Қазақтың талантты жас футболшысы Еркебұлан Сейдахмет жыл соңына дейін "Левски" клубына ауысты.

Еркебұлан Ресей асып, Болгариядан бір-ақ шықты Фото: levski.bg

Соңғы екі-үш күнде Ресей мен Қазақстандағы спорттық басылымдардың аңдығандары және жарыса жазғандары Еркебұлан Сейдахметтің трансфері болды. Қазақтың жас таланты "Уфа" футбол клубынан кететінін өзі сездірген болатын. Нақтырақ айтқанда, ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасына "Рахмет, "Уфа" деп жазды...

Содан бастап, отандық басылымдар оның әрбір қадамы мен жазбасын торып, өз жорамалдарын жайып сала бастады. Болжамдар сан саққа жүгіртілді. Көпшілігі Еркоштың Алматының "Қайратына" келетініне шүбәсіз сенетіндей болып көрінді. Ал "Уфа" клубының басшылары асықпады. Қайда баратынын соңына дейін ашып айтпады.

Сөйтіп, Еркош көпшілік күткендей және болжағандай Алматыға немесе Шымкентке келмей, Ресейден Еуропа асты. Дәлірек айтқанда, Болгарияның "Левски" клубына ауысты. Ресми мәлімет бойынша, "Уфа" Сейдахметті биылғы жылдың соңына дейін жалға беріпті. Болгарияда қысқы трансфер 28 ақпан күні жабылып, Еркебұлан соң күні медициналық тексерістен өтіп үлгерді.  

Бір қызығы, қазір "Левски" клубын бізге жақсы таныс Георги Дерменджиев жаттықтырады. Бұл қызметке қаңтар айында ғана бекітілген. Ол былтыр жарты жылдай (2018 жылдың қаңтарынан маусым айына дейін) "Ордабасы" клубының бас бапкері болған. Қазақ футболынан бейхабар емес.

Жалпы, "Левски" қазір Болгария чемпионатында 2-орынды иеленіп тұр. 23 ойыннан еншілеп, көш басындағы "Лудогорец" клубынан бес ұпай қалып келеді. Еркебұлан Сейдахметтің ендігі мақсаты – "Левскидің" бірінші орынға көтерілуіне көмектесу. Енді бүкіл қазақ жанкүйерлері осы клубтың тілеуқоры болатын шығар...

 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу