Еркебұлан Сейдахмет Болгарияда алғаш рет алаңға шықты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3791

"Қазақ Мессиі" атанған жас талантымыз "Левски" клубының негізгі құрамындағы алғашқы ойынын өткізді.

Еркебұлан Сейдахмет Болгарияда алғаш рет алаңға шықты Фото: levski.bg

Болгария чемпионатының 26-турында Софияның "Левски" клубы Пловдивтің "Ботев" командасын өз алаңында қабылдаған. Өкінішке қарай, бұл ойында алаң иелері жеңісті есепті уыстарынан шығарып алды. Матч 1:1 есебімен аяқталып, чемпиондық атақтан дәмесі бар "Левски" екі ұпай жоғалтты. 

Әйтсе де, бұл ойында тарихи дерек тіркелді. Қазақтың жас футболшысы Еркебұлан Сейдахмет София клубы сапындағы екінші ойынын өткізді. Ол негізгі құрамда алаңға шығып, тәп-тәуір ойын үлгісін көрсетті. Алайда екінші таймда (76-минутта) "Левскидің" бас бапкері Георги Дерменджиев оны алмастырып, орнына Б.Ваштшукті шығарды.

Бұл ретте, Еркебұлан Сейдахметтің біраздан бері алаңға шықпай кеткендігі ескерілген сияқты. Білікті бапкер оның спорттық бабына жүйелі түрде келтіруді ойлайтындай. Бірден шектен тыс көп жүктеме түсіргісі келмеген сыңайлы. Әйтпесе, "Левски" бапкерлерінің оны негізгі құрамда алаңға шығарғандарының өзі оған үлкен сенім артатындығын білдіретіндей. 

Жалпы, "Левски" – "Ботев" матчында Еркбұлан жоғары жылдамдығымен көзге түсті. Екі рет қауіпті соққы бағыттады. Соның бірінде, Еркебұланның алыстан шыр айналдыра тепкен добын "Ботев" клубының қақпашысы тойтарды. Ал қонақтардың қорғаушысымен жанталаса секіріп, баспен ұрған добы қиыс кетті...

Өкінішке қарай, жоғарыда жазғанымыздай, "Левски" бұл ойында екі ұпай жоғалтты. Негізі, "Ботев" те осал ұжым емес, басты бәсекелестерінің бірі болатын. Десек те, екінші таймның басында (50-минутта) қонақтардың бір ойыншысы алаңнан қуылып, кем құрамда қалса да, алаң иелері гол соға алмай, пұшайман болды.

Дәл қазір, "Левски" 26 ойыннан 54 ұпай жинап, үшінші орында тұр. "Ботев" (Пловдив) – 45 ұпаймен төртінші орында. Ал көш басында – "Лудогорец" (62 ұпай). Екінші орынға 57 ұпаймен "ЦСКА-София" орналасқан. Ал біз Еркебұлан гол соға бастағанда, оның жаңа клубы жоғары өрлейді деп үміттенеміз.  

PS: Еркебұлан бұған дейін "Левски" сапында бір ойын өткізген. 16 наурыз күні "Верея" клубымен өткен матчта алаңға екінші таймның 59-минутында шыққан болатын. Бұл жолы жаңа командасының негізгі құрамына ілігіп отыр.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу