Кәсіпқой күрес лигасы (PWL 8) турнирінің жүлде қоры – 200 мың доллар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Балуан Шолақ" аренасында өтетін жарыс туралы PWL ұйымдастырушылары ресми жария еткен.
АҚШ аталған турнирде алғаш рет төбе көрсетпек. Америкалық балуандар арасында еркін күрестен Олимпиада чемпионы және бірнеше мәрте әлем чемпионы атанған Кайл Снайдер де бар. 97 келінің "патшасы" әлем чемпионы болған қазақ балуаны Ризабек Айтмұқанмен жарыс жолына шығады.
Ризабек осыған дейін Снайдермен күресуден қашпайтынын айтқан еді. "Снайдермен белдесуге қашан болса да дайынмын. Сол сәтті күтемін" деген-ді.
Кайл Снайдер Алматыдағы жарыста қазақ балуанынан бөлек, Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері ресейлік Алихан Жабрайловпен де кездеседі.
PWL 8 турнирінің көркін басқа қандай балуандар қыздыратыны әзірге айтылмаған. Алдағы уақытта PWL тізімді ресми жариялайтыны айдан анық.
Аталған турнирдің жүлде қоры 200 мың долларды құрап отыр. Ресейліктер ұйымдастыратын жарыстың 4-кезеңі бұған дейін Алматыда 2023 жылы ұйымдастырылған еді.