Еркін күрестен алтын бұйырмады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3512

Үндістанда күрес түрлерінен жастар арасындағы Азия чемпионаты аяқталды.

Еркін күрестен алтын бұйырмады Фото: unitedworldwrestling.org

Азияның жас балуандары Үндістанның Нью-Дели қаласында белдесіп, "Сарықұрлық" біріншілігінің жүлделерін сарапқа салған болатын. Бұған дейін жазғанымыздай, қазақ елі құрамасы грек-рим күресінен жеті медаль (2 алтын, 5 қола), ал қыздар күресінен 4 жүлде (1 алтын, 3 қола) еншілеген болатын. Ал еркін күрестен біздің елдің жас таланттарына алтын бұйырмады.

Боз кілемге ең соңынан шыққан еркін күрес шеберлері арасындағы белдесулерде бес жүлдемен шектелдік. Мадияр Құрамысов пен Самат Жақыпов жаттықтыратын жігіттерімізге бұйырғаны екі күміс, үш қола болды. Қос балуанымыз финалға шыққанымен, екеуі де шешуші сәтте ұтылып, Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері атанды.

Атап айтқанда, 61 келіде бақ сынаған Талғат Сырбаз финалда өзбек Аббос Рахмоновқа 4:6 есебімен есе жіберіп алды. Негізі жеребесі жеңіл түсіп, Азия чемпионатын ширек финалдан бастаған. Әуелі жапон, одан соң үндістан балуандарынан айласын асырған еді. Алайда финалдық кездесуде өзінен бір белдесу артық өткізген Аббостан жеңілді

97 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Серік Бақытжанов та құрлық біріншілігін ширек финалдан бастады. Өзбек және қырғыз жігіттеріне соқыр ұпай да ұстатпай финалға шықты (7:0 және 4:0). Өкінішке қарай, шешуші сында өзінен бір белдесу артық өткізген Иран балуаны Чоламхоссейн Азизиден ұтылып қалды (1:6).

Нұрқожа Қайпанов (70 келі), Ерғали Әлішер (92 келі), Омар Эюбов (125 келі) сынды жас балуандарымыз қола жүлдеге қол жеткізді. Өкінішке қарай, Қуаныш Дүйсенқұл (65 келі) және Айбар Жылқайдаров (79 келі) қола жүлде үшін өткен белдесуде жеңіліске ұшырап, бесінші орынды қанағат тұтты.

86 келі салмақ дәрежесіндегі Данияр Мелдебек қола жүлде үшін белдесу құқығына ие болғанымен, "жұбаныш" белдесуінде парсы жігітінен ұтылып, жетінші орынды қанағат тұтты. Ал Абзал Өкенов (57 келі) және Бибарыс Нұрыллаұлы (74 келі) сынды балуандарымыз Азия чемпионатын 8- орындармен тәмамдады.

Сөйтіп еркін күрестен командалық есепте қазақ елі құрамасы бесінші орынмен шектелді. Үздік үштікті Иран, Үндістан және Өзбекстан балуандары бөлісіп, Жапония құрамасы төртінші орынды иеленді. Естеріңізге сала кетейік, дәл осы Нью-Дели кілемінде грек-рим күресінен екінші, ал қыздар күресінен төртінші орындарға ие болғанбыз.

Жалпы, еліміздің жас балуандары үшін Азия чемпионаты соншалықты сәтсіз болған жоқ. Барлығы 3 алтын, 2 күміс, 11 қола медаль еншіледік. Еркін күрестен ғана алтын медаль бұйырмады демесек, 16 жүлде тақиямызға тар емес, әрине.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу