Еркін күрестен де Азиядан екі алтын алдық

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3706

Бішкекте күрес түрлерінен Азия чемпионаты тәмамдалып, еркін күрестен Қазақ елі қоржынына екі алтын, бір күміс, төрт қола медаль түсті.

Еркін күрестен де Азиядан екі алтын алдық Фото: unitedworldwrestling.org

Дәулет Ниязбеков – Азияның үш дүркін чемпионы болған бірінші қазақ
Бішкек төріне төселген боз кілемге еркін күрес шеберлері де шықты. Әсет Серікбаев жаттықтыратын Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының бесінші күні бір алтын және екі қола медаль жеңіп алды.

65 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Дәулет Ниязбеков сенімді ақтады. Ол қырғыз кілемінде қарсылас шақ келтірмей, үшінші рет Азия чемпионатында топ жарды. Бұған дейін 2015 және 2016 жылдары құрлық чемпионы атанған болатын. Осы ретте айта кетуге тиіспіз, еркін күрес тарихында біздің елден тек Марид Муталимов қана үш дүркін Азия чемпионы болған еді. Енді, міне, мұндай ерен жетістікке өз қандасымыз да қол жеткізіп отыр.

Дәулет әуелі КХДР балуанын Кукван Кимді жеңді (7:4 есебімен). Ширек финалда боз кілем иесі, қырғыз балуаны Ерназар Акматалиевті ұтты (6:3). Жартылай финалда өзбек Темуржон Усмонохуновты бұйым құрлы көрмеді (10:0). Ал финалда жапон жігіті Даичи Такатаниден үстем түсті (11:0). 

57 келіде бақ сынаған Жандос Исмаилов бірінші айналымда Қытай балуаны Минху Лиуді ұтқанымен (12:3), ширек финалда өзбек Махмуджон Шавкатовқа есе жіберіп алды (5:7). Қарсыласы финалға шыққан соң, қола жүлде үшін күресу құқығына ие болды. Әуелі Тайпэй жігіті Юн Джи Линді лақтырып (10:0), содан соң Иран үміті Надер Ахмад Хаджиганисамакоушиден басым түсті (10:3). Сөйтіп, қола медаль олжалады.

70 келіде белдескен Мейіржан Әшіров те қола жүлдегер атанды. Ол әуелі түркімен Батыр Оразгылыджовтан айласын асырды (9:6). Ширек финалда тәжік Гуломджон Шариповты жолынан тайдырды (9:5). Өкінішке қарай, жартылай финалдағы тартысты белдесуде Корея балуаны Сеунбон Лиге есе жіберіп алды (3:4). Үшінші орынды моңғол Биамбадорж Бат Ерденемен сарапқа салып, шектен тыс шиеленісті күресте 4:3 есебімен жеңіске жетті.

79 келіде сынға түскен Ғалымжан Өсербаев іріктеу сатысында Үндістан үмітін жеңгенімен (8:1), ширек финалда жапон жігітінен ұтылып қалды (0:8). Өзін жеңген қарсыласы жартылай финалда өзбек өренінен жеңіліп, қола жүлде үшін күресу мүмкіндігі бұйырмады.  

97 келі салмақ дәрежесінде күрескен Мамед Ибрагимов ширек финалда Иран саңлағынан ұтылып қалған (0:4). Бірақ қарсыласы финалға шығып, қола медаль үшін күресу бақытына ие болған. Алайда Корея қыраны Ж.Кимге қайрат көрсете алмай (0:11), жүлделі орыннан тыс қалды. Бұйырғаны – бесінші орын.

Екінші алтынды Нурислам Санаев жеңіп алды
Азия чемпионатының соңғы күні Қазақстан балуандары үшін біршама сәтті болды. Екі бірдей балуанымыз финалға шығып, төрт жүлде еншіледік. Бірақ финалда белдескен жігіттеріміздің біреуі жеңілістің кермек дәмін татып, күмісті қанағат тұтты. 

61 келіде белдескен Нұрислам Санаев бапкерлер сенімін ақтады. Қазақ елінің намысын қорғайтын Тува тумасы іріктеу сатысында моңғол Чинзориг Цермаадан басым түсті (9:0). Одан кейін қырғыз Улукбек Жолдошбековті ұтты (7:4). Жартылай финалдағы шектен тыс шиеленісті белдесуде Иран қыраны Иман Мохтар Садегхикоукандехті жеңді (5:4). Ал финалда жапон Казуя Коянагиден айласын асырды (6:2).

92 келіде ел намысын қорғаған Әділет Дауламбаев іріктеу сатысында жапон Такаши Ишигуроны жеңді (9:2). Ширек финалда өзбек Азизбек Солиевті тізе бүктірді (9:2). Жартылай финалда моңғол Туртогтох Лувсандоржбен күресіп, өте тартысты өткен белдесуде 10:9 есебімен жеңіске жетті. Осы кездесуде кқп күш жұмсады ма, финалда ирандық Мохамамдибрахим Ебрахимизивлаеиге есе жіберіп алды (2:5). Сөйтіп, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

74 келідегі Данияр Қайсанов боз кілемге ширек финалдан бастап шығып, жапон Кен Хосаканы тізерлеткен (9:1). Алайда жартылай финалда моңғол Мандахнаран Ганзоригке есе жіберіп алды (6:8). Бірақ қола жүлде үшін өткен белдесуде қайсарлықтың үлгісін паш етті. Корея балуаны Дайсунг Кимнен жеті ұпай айырмасымен ұтылып жатып, белдесудің аяқталуына екі минут қалғанда, 11 ұпай еншілеп, 12:8 есебімен жеңіске жетті. Осындай жанкештілігінің арқасында қолаға қол жеткізді.  

86 келіде сынға түскен Азамат Дәулетбеков те Азия чемпионатын бірден ширек финалдан бастаған. Бірақ Иран тарланы Хассан Алиазам Иазданичаратиге тап болып, жеңілістің кермек дәмін татты (2:12). Қарсыласы финалға шыққан соң (ол тіпті осы салмақта чемпион да атанды), қола медаль үшін күресу құқығына ие болды. Өзбекстандық Джавраил Шапиевпен күресіп, бағы жанып, жеңіске жетті (4:0). Осылай, қола жүлдегер атанды. 

Өкінішке қарай, 125 келідегі алыбымыз Дәулет Шабанбай іріктеу сатысында Қытай балуаны Ж.Денгке есе жіберіп алды (3:4). Қарсыласы келесі белдесуінде жеңіліп қалғандықтан Азия чемпионатынан тым ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Түйін
Еркін күрестен Әсет Серікбаев жаттықтыратын Қазақстан құрамасы Бішкектегі Азия чемпионатында жеті жүлде олжалады. Жалпы командалық есепте, медаль саны бойынша үшінші орынға ие болды. Алдымызды Өзбекстан және Иран балуандары орап кетті.

Сонымен 2018 жылғы Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы грек-рим күресінен де, еркін күрестен де 2 алтын, 1 күміс, 4 қола еншіледі. Ал әйелдера арасындағы еркін күрестен 3 қола медаль бұйырды. Барлығы – 17 (4 + 2 + 11) медаль!

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу