Еркін өскен қазақ қызынан табысты қайраткер көп шығады

2812

ҚР Кәсіпкерлерінің "Атамекен" ұлттық палатасы Іскер әйелдер кеңесі мен РФ-ның Азаматтық бастамалар мен жобаларды қолдау жөніндегі Әйелдер одағы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 

Еркін өскен қазақ қызынан табысты қайраткер көп шығады

Құжатты қазақ жағынан ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, Ресей жағынан - Әйелдер одағы ақпарат агенттігінің бас директоры Наталья Урмацких өз қолтаңбаларымен бекітті.

Қол қою рәсімінде Ләззат Рамазанова Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында достық қарым-қатынас орнағанын келтірді. Төрайым Іскер әйелдер кеңесінің мақсат-міндеттері жайлы әңгімелей келе, басты мақсат әйелдердің іскерлік ортадағы белсенділігін көтеру және олардың неғұрлым көпшілігін кәсіпкерлікке тарту екенін айтты. 

"Бүгінгі жиын қазан айында екі ел басшыларының қатысуымен өткен бизнес-форумнан бастау алып отыр. Басты көздегеніміз – екі елдегі бизнесте жүрген қыз-келіншектерге жан-жақты көмек көрсету. Себебі, ықпалдастық үдерістерінен сырт қалу қиын. Мысалға, 2005-2015 жылдары Ресей Қазақстанға 9 млрд доллардан астам инвестиция құйса, Қазақстан бизнесі Ресейге 3 миллиард доллардан артық қаржы салған. Шекара маңы саудасы да дамып келеді. Демек, Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі әйелдердің бизнес-қауымдастығын да біріктіретін кез келді. Қазіргі уақытта әйелдер қауымының әлеуметтік белсенділігі артып, көбісі өз ісін ашып үлгерген және ер адамдармен қатар табыс табуға ниетті. Қазақтың еркін өскен дала қыздары Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы аясында қызметі сәтті бизнесвумендерге айналуда", – деді КҰП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова.     

Оның айтуынша, бүгінде елдің Жалпы ішкі өнімін қалыптастырудағы қазақ әйелінің үлесі 40%-ға жуықтайды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің 41,5%-ын әйелдер басқарады. 2016 жылдың 1 қаңтарында олардың саны 700 мыңға жуықтап, 2015 жылмен салыстырғанда 70 мыңға артты. Дәл осы жандар 794,5 мың жұмыс орнын ашып берді. Бұл дегеніңіз Қазақстанның шағын және орта бизнесіндегі жұмыс орындарының 30% көлемі деген сөз.

КҰП-тың Іскер әйелдер кеңесі қызметіндегі бағыттардың бірі тараптармен сындарлы пікіралмасу болып отыр. Бұл жерде қазақ және шетелдік кәсіпкер әйелдердің экономикалық және мәдени салада жемісті тәжірибе алмасуы да көзделеді. Осыған байланысты РФ Әйелдер одағымен Келісімге қол қою арқылы әйел кәсіпкерлігін дамыту тұрғысындағы ынтымақтастықты нығайту жұмысы жалғасын таба бермек.

Өз кезегінде, ресейлік мейман, Ресей мен Қазақстанның іскерлік нәзік жандар ұйымдарының күш біріктіруі ортақ бағдарламалар жасауда біртұтас бизнес алаңын құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Біздің одақ та Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі әйелдер ұйымдарын біріктіріп, халықаралық қарым-қатынастар барысында бейбітшілікті нығайтуға ұмтылады. Ресей Әйелдер одағының ақпарат агенттігі бизнес бастамаларын ақпараттық тұрғыда сүйемелдеуге дайын", – деді Наталья Урмацких. 

Тәңірберген Арғын

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу