Эрлан Батырбеков: Атом электр станциясынан қорқудың қажеті жоқ

2113

Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков inbusiness.kz тілшісіне сұхбат берді. 

Эрлан Батырбеков: Атом электр станциясынан қорқудың қажеті жоқ

– Қазақстанға АЭС қажет пе?

– Бізге болашақта қолданысқа базалық қуаттың ірі энергия көзін енгізу қажет болады. Бұған еліміздің оңтүстігінде электр энергиясының апаттық жағдайда ажыратылуы дәлел. 2030 жылға қарай 1,2-1,7 ГВт деңгейінде энергия тапшылығы болжанып отыр. Шұғыл шара қабылданбаса, тапшылық көлемі ұлғая береді.

Біздің мемлекет көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуді қолдайды. Мақсатқа жету үшін Париж келісіміне де қол қойды. Өздеріңіз білетіндей, көмірсутек шикізатын пайдаланатын жылу электр станциялары экологияға орасан зор залал келтіреді. Мұндай жағдайда базалық қуаттың энергия көзі тек АЭС бола алады.

Біз электр генерациясындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін арттыру арқылы ел энергетикасының мәселесін шешу мүмкін емес екенін бұған дейін бірнеше рет мәлімдедік. Бұл жағдайда кешенді тәсіл қажет. Қазақстанға АЭС салуды кешеуілдетуге болмайды. Жоба қысқа мерзімде қолға алынуы керек. Атом электр станциясынан қорқудың қажеті жоқ.

– АЭС адамдарға, қоршаған ортаға қаншалықты қауіпті?

– Атом энергетикасы едәуір алға жылжыды. Қазір әлемде салынып жатқан және жұмыс істеп тұрған атом электр станциялары 3 және 3+ буынға жататын станциялар. Олардың құрамында белсенді және белсенділігі төмен қауіпсіздік жүйесі бар. Ол кез-келген жағдайда реакторды адамның қатысуынсыз автоматты түрде қауіпсіз күйге келтіруге қабілетті.

Қауіпсіздік жүйесін құру кезінде бұрынғы станцияларда болған барлық оқиғалар мен апаттар ескерілді. Болуы ықтимал қандай да бір ірі гипотетикалық апат жағдайында реакторлардың қорғаныс сызықтары өз міндетін орындауға кіріседі. Апат кезінде радиоактивті заттар АЭС алаңынан аспайды. Апат болған жағдайда станция орналасқан ауданда тұратын халықты эвакуациялау қажет емес.

Әрине, АЭС кез келген технологиялық күрделі құрылғы секілді сәтсіздікке ұшырауы мүмкін, бірақ қазіргі уақытта мұндайдың ықтималдығы өте төмен. Сондықтан экология мен адамдардың денсаулығына қиян келтіретін ірі апаттардың қайталануынан үрейлену қажет емес. Қазіргі заманғы АЭС – сенімді және қауіпсіз энергия көзі болып саналады.

– АЭС салу бастамасы халықтың радиофобиясын күшейтті. Қалай ойлайсыз, азаматтардың алаңдауына негіз бар ма?

–  Халықтың радиофобиясы бұрынғы КСРО-ның ядролық мұрасымен байланысты болып отыр. Мен Семей сынақ полигонында жүргізілген ядролық сынақтар және Чернобыльде болған ірі апат туралы айтып отырмын. Бұл ретте кейінірек болған Фукусима апатын да тілге тиек етуге болады. Тұрғындарда атом ғылымы мен техникасы және қазіргі атом энергиясы көздерінің ядролық және радиациялық қауіпсіздігі туралы шынайы ақпарат жоқ. 

Семей полигонындағы сынақ "бейбіт атом" деген ұғыммен мағыналас болмағанын, бұл жерде ядролық қару сынақтан өткізілгенін түсіну қажет. Жоғарыда айтқанымдай, қазіргі атом реакторлары 1977-1984 жылдары Чернобыльде салынған және 1971 жылы Фукусимада қосылған атом реакторларына қарағанда әлдеқайда қауіпсіз. Қазіргі уақытта АЭС құнының жартысына жуығы апатты болдырмауға немесе оның салдарын барынша азайтуға, яғни радиоактивті заттардың атмосфераға таралуына жол бермеуге арналған әртүрлі қауіпсіздік жүйелері мен физикалық тосқауылдардан тұрады.

Бүгінгі таңда Энергетика министрлігі мен атом саласының ғылыми-техникалық кәсіпорындары халыққа атом энергетикасының артықшылығы мен қауіпсіздігін түсіндіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр.

Мақалалар жарияланып, ашық семинарлар ұйымдастырылуда. Біз халықтың радиофобиясын негізсіз деп санаймыз. Алайда адами тұрғыдан оның себебін түсінеміз.

– АЭС салынса, реакторға қызмет көрсететін жоғары білікті мамандарды қайдан табамыз?

– Бүгінгі таңда Қазақстанда 3 зерттеу реакторы бар. Оның екеуі – Курчатовта, біреуі – Алматыда. Реакторларды қауіпсіз пайдалануды Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтының мамандары қамтамасыз етіп отыр. Бізде қазірдің өзінде осындай технологияларды қауіпсіз пайдалануды меңгерген, тәжірибелі кадрлар бар. Дегенмен мамандардың саны жеткіліксіз. Атом электр станциясы үшін болашақта оператор, инженер, сондай-ақ жабдықтар мен жүйелерге қызмет көрсететін техник сынды мамандардың үлкен тобын әзірлеу қажет болады. Орта есеппен алғанда бір блогы бар атом станциясы үшін шамамен 700 маман даярлануға тиіс. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, АЭС үшін маман даярлау реакторды жеткізуші мемлекеттің қолдауымен құрылыс басталғаннан пайдалануға берілгенге дейінгі кезеңде жүзеге асырылады. Бұл жеткізушіні таңдау барысында қойылатын шарттардың бірі.

Дәл осы қолдау атом энергетикасы саласындағы мамандарды даярлауға, реакторлық технологияны сатып алатын мемлекетте тиісті жоғары оқу орындарының филиалын құруға, АЭС қызметкерлерін даярлауға мамандандырылған оқу орталықтарында, сондай-ақ реакторлық технологияны беруші мемлекеттің тікелей жұмыс істеп тұрған атом электр станцияларында мамандарды тағылымдамадан өткізуге негізделуі мүмкін.

Еліміздің жоғары оқу орындарында АЭС-те жұмыс істей алатын мамандар тәрбиеленіп жатыр. Олар: физиктер, энергетиктер, электриктер, автоматтандыру, бақылау-өлшеу аспаптары саласының мамандары. Осы мамандық иелерін АЭС-ке жіберу үшін қосымша оқыту қажет. Әдетте АЭС салу туралы келісім-шарт жасасу кезінде тапсырысты орындаушының станцияның жанында толық көлемді тренажері бар оқу орталығын құру қажеттілігі жазылады. Осы жерде қызметкерлер тұрақты негізде оқытудан, аттестаттаудан және біліктілігін арттырудан өтеді. 

Кез келген жағдайда таңдалған реактор қондырғысының түріне байланысты жобалаушылар мен өндірушілер белгілі бір теориялық курсты, жұмыс істеп тұрған реакторлардың осындай түрлері бар АЭС-тегі тағылымдаманы, мамандандырылған тренажерларда дәріс беруді қамтитын даярлаудың мамандандырылған бағдарламасын қарастырады. АЭС салу мерзімі 10 жылдан кем емес екенін ескере отырып, осы уақыт аралығында орта мектептегі білім деңгейінен бастап қажетті мамандарды даярлауға болатынын жеткізгіміз келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу