Ерлан Қарин халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты

150

Ол конференцияның ашылуында Мемлекеттік кеңесші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып берді.  

Ерлан Қарин халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты Фото: akorda.kz

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ресей Федерациясы Алтай Республикасының Горно-Алтайск қаласында өтіп жатқан "Алтай – түркілердің ата қонысы. Түркі өркениетінің қалыптасу тарихы" атты ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысты. Бұл туралы Ақорда мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Іс-шараға Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Мажарстан, Моңғолия, Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан мемлекеттерінің лингвистері, археологтары, алтайтанушылары, түркологтары, тарихшылары жиналды.

Сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі Владимир Мединский және Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов құттықтау сөз сөйледі.

– Ерлан Қарин түркі өркениетін зерттеуге арналған мұндай іс-шаралардың өткізілуі ғылым саласындағы байланыстарды кеңейтетін маңызды бағыт екенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Трансалтай диалогын" бастау жөніндегі ұсынысының мәні зор. Бұл өңірдегі ғылыми-гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуді көздейді. Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші биыл Қазақстанда әлемнің 11 елінен келген қонақтардың қатысуымен "Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі" атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылғанын еске салды, – делінген хабарламада.

Сөз соңында Ерлан Қарин сындарлы әрі ашық ғылыми пікірталас алаңын ұсынған ұйымдастырушыларға алғыс айтып, қатысушыларға нәтижелі жұмыс пен толайым табыс тіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу