Конституциялық реформа мен сайлау үлкен саясатқа жаңа тұлғалардың келуіне ықпал етті. Бұл туралы Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын ашты. Тіпті "бірінші сессия", "бірінші шақырылым" деген тұжырымның өзі бұл оқиғаның айрықша тарихи маңызын айшықтай түседі. Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы бірпалаталы парламентке өту туралы идеяны ұсынған еді. 355 күннен кейін бұл бастама жұмыс тобы мен Конституциялық комиссия шеңберінде ұзақ, терең әрі жіті талқылау кезеңдерінен өтіп, бүкілхалықтық референдумда Жаңа Конституция қабылданғаннан және Құрылтай сайлауынан кейін іс жүзінде жүзеге асты", – деді Ерлан Қарин.
Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары бүгіннен бастап жаңа заң шығарушы институт – бірпалаталы Құрылтайдың жұмысы басталатынын баса айтты.
"Жаңа жоғары өкілді орган билік тармақтарының алдағы уақытта орнықты тепе-теңдігін қамтамасыз ете отырып, жаңа өкілеттіктерге ие болады. Құрылтай Вице-Президент, Премьер-Министр лауазымдарына кандидатураларды келіседі, сондай-ақ Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның құрамын мақұлдайды. Ең бастысы, конституциялық реформа мен Құрылтай сайлауы үлкен саясатқа жаңа тұлғалардың, қоғам қайраткерлерінің жаңа буынының келуіне ықпал етті", – деді ол.
Ерлан Қарин жаңа Парламенттегі әйелдердің өкілдігі екі есе, ал жастардың үлесі үш есе өскенін айтты. Қазір депутаттардың орташа жасы 45 жасқа тең.
"Бұрынғы Ұлттық құрылтайдың 22 мүшесі және мәслихаттардың 26 экс-депутаты депутат атанды. Құрылтайға Президенттік жастар кадр резервінің 10 мүшесі, Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 4 мүшесі және Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның 5 мүшесі сайланды. 24 депутаттың парламентте жұмыс тәжірибесі бар", – делінген жазбада.
Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары депутаттардың арасында әртүрлі саланың өкілдері бар екенін атап өтті.
"Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары көптеген белсенді азаматтар мен өз ісінің кәсіби мамандарына өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға нақты мүмкіндік беріп отыр. Құрылтай жұмысының басталуымен саяси жүйені толық институционалдық жаңарту басталады. Бұл жаңа, неғұрлым серпінді әрі ашық мемлекеттік-саяси үлгіге түбегейлі өтуді қамтамасыз етеді", – деді Ерлан Қарин.