Ерлан Оразаев: "Әлсіздер сылтау, ал мықтылар мүмкіндік іздейді"

1780

Алдағы уақытта командаға жаңа бапкер тағайындалмақ және құрамда да өзгерістер болады.

Ерлан Оразаев: "Әлсіздер сылтау, ал мықтылар мүмкіндік іздейді"

"Шахтердің" бас бапкері Әли Әлиев "Таразбен" болған матчтан кейін клуб басшылығынан қызметінен босатуды сұраған болатын. Клуб басшылығы біраз ойланғаннан кейін Әлиевтің бұл өтінішін қабылдады. Қазіргі таңда қарағандылық клуб бас бапкерсіз қалды. Осыған орай "Шахтер" футбол клубының атқарушы директоры Ерлан Оразаев мәлімдеме жасады.

"Достар, біз команданың маусым басындағы жұмысына қатысты алаңдап жатқандарыңызды жақсы түсінеміз және білеміз. Менің сөзіме сеніңіздер. Ойыншылар, жаттықтырушылар және "Шахтер" әкімшілігі де қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдіреді.

Облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек бізге клубты басқаруды сеніп тапсырды. Мен оны және біздің жанкүйерлерімізді жерге қаратқанымды толық түсінемін. Жаттықтырушыны таңдау кезінде қателік жібердім. Әли Әлиевтің тәжірибесі жеткіліксіз болды және ол өз қызметінен кетіп қалды. Селекция жұмыстарында да қателіктер жібердік.

Әлсіздер сылтау, ал мықтылар мүмкіндік іздейді. Мен ешқандай сылтау іздегім келмейді және біздің жұмысымызда қате шешімдер болғанын мойындаймын. Бірақ, мен жағдайды түзету үшін қазірдің өзінде жұмыс істеп жатқандығымызға сіздерді сендіргім келеді. Біз "Зенит" клубының және басқа да бірқатар сарапшылармен келісім-шартқа отырдық. Жақында жаңа бас бапкер тағайындалады. Команданың құрамында да өзгерістер болады.

Сондай-ақ біздің қателіктеріміз кәсіби деңгейдің жоқтығынан немесе немқұрайлықтан болған жоқ деп айта аламын. Қазір клуб үлкен өзгерістер мен реформа кезеңін бастан өткеруде. Бұл қажеттілік пен уақыттың әсерінен туындаған ішкі процестер. Біз "Шахтердің" мықты болуы үшін бәрін жасап жатырмыз.

Қазір тек 5 тур артта қалды. Маусым біз үшін аяқталған жоқ. Бұл жағдайды түзетеміз. Ешкім де қол қусырып отырмайды. Нақты іс-шаралар жоспарын жасап қойдық. Біз өз клубымызды чемпионаттағы мықтылардың қатарына қайтару үшін бар күшімізді саламыз", - деді Ерлан Оразаев.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу