Беделді марапат америкалық боксшы Теренс Кроуфордқа табысталды.
Марапаттау рәсімі Нью-Йорк қаласында өткен The Ring Awards кешінде ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға орта салмақта бірнеше мәрте әлем чемпионы атанған Геннадий Головкин де қатысты. Шара барысында GGG pound-for-pound рейтингінің бұрынғы көшбасшысы Теренс Кроуфордпен, сондай-ақ өзінің бұрынғы қарсыласы Дэниэл Джейкобспен жүздесті.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда Головкиннің Кроуфордпен бір үстел басында әңгімелесіп отырғаны және Джейкобсты жылы қарсы алғаны байқалады.
2024 жылы Теренс Кроуфорд бір ғана жекпе-жек өткізгеніне қарамастан, айтарлықтай жетістікке жетті. Ол мексикалық Сауль "Канело" Альваресті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, екінші орта салмақтағы барлық негізгі әлем чемпиондық белбеулерін иеленді. Дәл осы нәтиже оның The Ring нұсқасы бойынша жылдың үздігі атануына себеп болды.
Марапатты украиналық боксшы Александр Усик табыстады. Бұл атаққа Кроуфордпен қатар Дмитрий Бивол, Наоя Иноуэ, Джесси Родригес және Фабио Уордли де үміткер болған.
Айта кетейік, Теренс Кроуфорд 2024 жылдың желтоқсан айында кәсіпқой бокстағы мансабын аяқтағанын мәлімдеген еді.