"Манчестер Сити" шабуылшысы Эрлинг Холанд Норвегия құрамасының ойын жейдесіне өзгеріс енгізді. Енді оның жейдесінде Braut Haaland – Браут Холанд деген толық тегі жазылады. Бұл туралы ұлттық команданың ресми әлеуметтік желілерінде хабарланып, №9 нөмірлі жаңа жейдені көрсеткен бейнежазба жарияланды.
"Жаңа бейне. Енді Эрлинг құраманың жейдесінде толық тегімен ойнайды", – делінген Норвегия құрамасының парақшасындағы хабарламада.
Бұған дейін ол тек әкесінің тегін қолданып келген, ал енді 25 жастағы норвегиялық анасына – бұрынғы жеңіл атлетші Грю Марите Браутқа да құрмет көрсету үшін осындай шешім қабылдады.
Осылайша, ол құрамада екі ата-анасының тегі бірге жазылған жейдемен ойнайтын болады.