Ермұрат Бапи: Исламдық секта Қазақстанның біраз өңірінде етек жайып барады

Мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар.  

Ермұрат Бапи: Исламдық секта Қазақстанның біраз өңірінде етек жайып барады Фото: Видеокадр

Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи осылай деп мәлімдеді. 

"Біздің елде дәстүрлі діндердің дамуына барлық мүмкіндік жасалған. Салынып жатқан мешіттер мен шіркеулердің санында шек жоқ. Үлкен қалаларда мектеп салатын қуыс қалмаса да, мешіт пен храм салатын жер табылып жатыр. Қазақ халқының рухани дүниесі мешітпен емес, мектеппен бірге, өнер ордалармен қатар дамуы керек еді", – деді мәжілісмен. 

Бұл ретте ол Еуропа елдерінде Құран өртеу актісі етек жайып бара жатқанын, бұған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алаңдаушылық білдіріп, таяуда БҰҰ-ның трибунасынан сөз сөйлегенін атап өтті. 

"Әлемдік саяси лидерлер арасынан осы  Бас ассамблеяда Құранға араша түскен жалғыз мемлекеттік басшы – біздің Президент болды. Бұл – Ислам дінінің дамуына деген жанашырлықтың бірден-бір белгісі деп білем. Дегенмен солай бола тұрса да, мен Қазақстанның премьер министрі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына депутаттық сұрау жолдай отырып, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға да құлаққағыс еткім келеді", – дейді Ермұрат Бапи. 

Оның пайымынша, соңғы бірер жылда Ислам дінін жамылған жат ағымдар қазақстандық қоғамға әлеуметтік-тұрмыстық жарқышақ салып, ол саңылау барған сайын ажырап барады. Тіпті, қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастаған жарқышақ қазақ халқының ұлттық бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мыңжылдық қазақи ислам салтына қарсы шабуылға айналған сыңай танытады.

Бұл ретте депутат теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқананын айтады. Себебі халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс діни топ жанталасып, қоғамға жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасауда.

"Мысалы, Парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездірсе керек. Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер – депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек! Бір өкініштісі – бұл исламдық секта Қазақстанның біраз аймағында: әсіресе, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде етек жайып барады. Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе, базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизм идеясына табынушылар басып барады. Яғни,  теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз", – деген депутат мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген деректі ортаға салды. 

"Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені", – деп ескертті Бапи. 

Иә, өркениет көшіне ерген біздің ел адам құқығын қадірлейді. Бұл – демократиялық принциптердің басты қағидасы. Бірақ сол еркін құқық бас бермей кетіп, біздің ұлттық және мемлекеттік діңімізді шайқалта бастаса, біз бұған көзжұмбайлықпен қарауға қақымыз жоқ, деп есептейді халық қалаулысы. 

Бұл ретте ол "ескі Қазақстан" бұл қатердің шоғын үрлей түскенін айтады. 

Оның айтуынша, қазақтың ұлттық дамуына қатерлі уахабизм идеясын халықтың біраз бөлігіне сіңірген "ескі режим" елді әлеуметтік топтарға бөлу арқылы өзінің жеке дара билігін мейілінше ұзақ сақтауды көкседі. Бүгінде сол "ескі Қазақстан" қазақтың ұлттық дәстүріне жат діни идеология арқылы "Жаңа Қазақстанның" жасампаздық жолына кесекөлденең тұруға ниетті. Оның алғашқы қанды нәтижесін Қаңтар оқиғасы кезінде көрдік.       

"Сондықтан ендігі жерде "мемлекет – діннен бөлек" немесе "дін – мемлекеттен бөлек" деп, сырттай бақылаушы болып, самарқау отыруға болмайды. Мұндай саяси тоғышарлық позиция біздің ұлттық тұтастығымыз бен мемлекеттік бірлігімізге бірте-бірте ор қазып жатқынын түсінетін кез келді", – деген мәжілісмен депутаттардың Әлихан Смайыловқа жолдайтын бірнеше сауалын жеткізді. 

"Біріншіден, Сіз және Сіздің Кабинетіңіз қалыптасқан күрделі жағдайды түйсініп отыр ма? Қоғамның діни негізде бөлшектену қаупіне қарсы іс-қимыл жоспары бар ма?", – деп сауалды төтесінен қойды депутат.

Екіншіден, Үкімет пен Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті және уәкілетті органдар бірлесіп, теріс діни ағымдар тудырып жатқан ұлттық алауыздықты шұғыл тоқтатудың амал-әрекеттері Ел Президентінің назарына ұсынылды ма?

Үшіншіден, бұдан 12 жыл бұрын – 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қоғамдық қажеттілігін көтеретін кез келген жоқ па?   

"Төртіншіден, қалыптасқан осы қоғамдық жағдайда біз барлық күш-жігерімізді біріктіріп, ұлт бірлігі мен мемлекеттің тұрақты даму жағдайын сақтауға Үкімет пен Парламент мүдделі болуы керек деп есептейміз. Егер Үкімет тарапынан қандай да бір тиісті құжат қабылдау бастамасы туатын болса, депутаттар оны қолдайды деген сенімім зор", – деді депутаттық сауалын қорытындылаған мәжілісмен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу