"Ертіс" 1 миллион еуро айыппұл төлейді

1885

Болгариялық бапкерлер "Ертіс" футбол клубына шағым түсірді. УЕФА оған байланысты үкім де шығарды. Мұндай келеңсіздіктің кесірі неден немесе кімнен болды?

"Ертіс" 1 миллион еуро айыппұл төлейді

"Ертіс" футбол клубының болгариялық бапкерлермен қалай қош айтысқаны барлығымызға мәлім. Клуб басшылығы маусым басында бірден бапкер ауыстыруға бел шешіп кірісіп, Димитар Димитровқа жұмыс істетпей қойды. Себебі, Димитар клубтың алдыңғы басшысы кезінде бапкер болып келген тұғын. Жаңа басшылық жаңа бапкер алу арқылы, командаға жаңадан легионерлер ала бастайды. Бұл қазақ футболындағы қаржы жымқырудың ең оңай әрі классикалық тәсілі. 

Сонымен, келісім-шарты жыл соңына дейін жасалған болгариялық бапкер не үшін қызметтен кетуі тиіс? Себепсізден, себепсіз. Тіпті бір матч кезінде танымал бапкер Димитар Димитровты стадион күзетшілері ішке кіргізбей де қойған. Әлбетте, "жоғары жақтан" келген тапсырманың салдарынан. Клуб басшылығы болгариялық маманды түбінде қызметтен кетіріп тынды. Сонымен бірге, командада ойнаған Аслан Дарабаев та өз еркімен ұжымнан кетті. Қазақ футболына еңбегі сіңген жартылай қорғаушы Рохер Каньяс Колумбияға қайтуды жөн санады. Себебі, мұндағы футболдың айналасындағы жемқорлық жаңа деңгейге көтерілгеніне көзі жетсе керек. 

Қызметтен кеткен Димитар Димитров шағым түсіріп, сотқа бармады. Оның екі көмекшісі Петар Колев пен Георгий Челиков УЕФАға хат жазып, келісім-шарт бойынша алуы тиіс қаржыларын талап етті. Георгий Челиков мырзаның адвокатының жазуы бойынша УЕФА оның шағымын қарастырып, кінәлі тарап "Ертіс" футбол клубы болып шығыпты. Енді Павлодарлық клуб екі бапкерге айыппұл төлейді. Бұл жағдайдан кейін Димитар Димтров та шағымданса онда клубтың берешегі миллион еуро көлеміндегі ірі сомаға айналатыны түсінікті. "Павлодар қаласының Құрметті азаматы" атағын алған Димитардың әзірге шағым жазуға ары жібермей тұрған секілді. Кезінде осы бапкерді қызметінен қинап кетірген тұлғалар бұл істеріне енді қалай жауап берер екен?

Ермұхамед Мәулен 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу