Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде солтүстіктегі екі шаһар – Павлодар мен Петропавл қалаларының атауын өзгерту мәселесі қызу талқылануда. Бұған қатысты көпшілік пікірі екіге жарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, Аслан Абдолла есімді азамат Петропавл қаласын Қызылжар, ал Павлодарды Ертіс деп ауыстыруды ұсынып, петицияға қол жинай бастады. Қазірдің өзінде петицияға 17 199 адам қолдап, 11 191 тұрғын қарсылық танытып қол қойған.
Бұл ретте Ертіс деген атауды осыдан екі жыл бұрын мәжілісмендерден кездескен павлодарлық "JEBE" қоғамдық бірлестігінің өкілдері ортаға салғанын айтады. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жылт еткені сол еді, жарияланымдарға түрлі пікірлер жазыла бастады.
Ал "JEBE" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділ бұл ел арасында дүрбелең туғызуды көздейтін топ өкілдерінің кезекті амалсыз шарасы деп пайымдайды.
"Амалы таусылғандар оқтын-оқтын осылай ақпараттық шабуыл ұйымдастырып тұратыны бар. Оған үйреніп те кеттік. Өздері де жақсы ырым бастаған екен. Олай болса, қала, облыс атауын түптің түбінде өзгертеміз", – дейді Данияр Жұмаділ.
Аталмыш мәселеге қазақ тарихы, салт-дәстүрі мен біртуар тұлғалары туралы қызықты әрі мағыналы деректерді жариялап жүрген блогер, @unknownkazak атымен танымал Диас Камериданов та пікір білдірді.
"Неге Қазақстанның қаласы мен облысы осыдан 100 жылға жуық уақыт бұрын құлаған империя басшысы ұлының сыйы ретінде аталуы керек? Ресей империясы патшасының баласы Павел Александровичтің біздің елге қатысы қанша? Мұндай атаулар басқа елдердің Қазақстан жеріне көз тігуімен де қауіпті. Ал Ертіс – түріктердің тарихи жері. Бұл өзеннің жағасында Қимақ қағанатының екі астанасы болған. Мұнда Алтын орданың негізін қалаушы Жошы ханның ордасы орналасқан. Петропавл болса, бұрыннан-ақ Қызылжар деп аталып келді. Оған қатысты артық сұрақ қоюдың да қажеті жоқ", – деп жазады блогер.
Кейбірі Ертіс атауын құптаса, енді бірі оның орынсыз ұсыныс екенін алға тартты. Мәселен, Ескендір есімді тұрғын Ертіс өзенінің Қытайдан бастау алып, Ресейге дейін жететінін, тіпті біздің елдің өзінде бірнеше облысты басып өтетінін негізге алып, бұл атауды қате деп есептейді. Сондықтан атауға қатысты жақсылап ойланған дұрыс деп пайымдайды ол.
Аталмыш мәселеге қатысты Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов та түсініктеме берді.
"Соңғы бірнеше күнде әлеуметтік желілерде Павлодар қаласының атауын өзгерту туралы петиция талқылануда. Бұл өтініш жеке тұлғаның бастамасы және жергілікті атқарушы органдарға қатысы жоқ. Облыс орталығының атауын қайта атау мәселесі бойынша қала әкімдігіне ресми өтініштер түскен жоқ және бұл мәселе қазір қарастырылып жатқан жоқ", – дейді шаһардың басшысы.
Сондықтан қала атауын өзгерту мәселесін қозғауға әлі ерте көрінеді. Қалай болғанда да аталмыш тақырыптың қызу талқылаудың өзегіне айналары анық.
Құндыз Қабылденова