"Ертіс" ел чемпионатын жалғастырмайды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2504

Қазақстанның әйгілі клубын банкроттықтан сақтау үшін осындай шешім қабылданды.  

"Ертіс" ел чемпионатын жалғастырмайды

Павлодардың "Ертісі" Қазақстан чемпионатымен одан әрі жалғастырмайды. Облыс билігі клубты банкроттықтан сақтап қалу үшін осындай шешім қабылдады. Бұл туралы Павлодар облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев хабарлады.

"Дәл қазіргі сәтте 2020 жылдың қаңтарында қабылданған қаржылық міндеттемелерді орындау мүмкін болмай тұр. Бұл туралы бірнеше мәрте айтылды да. Себебі, клубтың бас демеушісі – ERG компаниясы жобаны қаржыландырудан бас тартты. Тиісінше, біз легионерлерге еңбекақы төлей алмаймыз. Жағдай күн санап ушығып барады. Қарыз жинақталып жатыр. Сондықтан, бәрін есептеп, ел чемпионатына қатыспау туралы шешім қабылдадық", – деді бүгін Марат Айдашев журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, биыл Павлодар облысында футболды дамытуға бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінген. ERG компаниясы 1,6 млрд теңге демеушілік қолдау көрсетуге тиіс-ті. Бас демеуші жыл басында 200 млн теңге аударған. Одан кейін ештеңе бөлінген жоқ.

"Бюджеттен әзірше 183 млн теңге берілді. Қалған 1,6 млрд теңгені өзге клубтарға бөліп береміз. Яғни, "Ақсу" футбол клубына шамамен 40 млн теңге аударылады. Сол секілді "Екібастұз" футбол клубына да жеткілікті мөлшерде қаржы беріледі. Сондай-ақ, қаржының бір бөлігі "Ертіс" клубының қосалқы құрамы мен футбол орталығын ұстап тұруға бағытталмақ. Қалған соманы бюджеттік комиссияның шешімі бойынша облыс қазынасына кері қайтарамыз", – деп нақтылады басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, "Екібастұз" – Бірінші лигада, "Ақсу" Екінші лигада өнер көрсетеді. Марат Айдашев атап өткендей, "Ертістің" қосалқы құрамы сақталады. Ондағы ойыншылар жоғарыда аталған екі командаға ауысады.  

"Ертіс" клубының ойыншыларымен кездесу өткіздік. Жағдайды түсіндіріп айттық. Проблеманы бұдан әрі сағызша созып жүре алмаймыз. Одан жағдай жақсармайды да. Легионерлер бұл жаққа ақша табу үшін келгені белгілі. Легионрелердің ендігі қадамы қандай боларын да біліп отырмыз. Олар ФИФА-ға, Қазақстанның футбол федерациясына шағымданатын болады. Дәл қазір шешім қабылдамай жүре берсек те, олар шағымданар еді. Оларға ақша төлемей, біріншілікті жалғастыра бергеннен түсер пайда жоқ", – деді Марат Айдашев.

Басқарма басшысының сөзінше, ел ішінде айтылып жүргендей, клубты банкрот етуге жол берілмейді.

"Клубта қаржылық тұрғыдан "тазалау" жұмыстары өтеді. Салықтар бойынша не істеу керектігін ойластырамыз. Қылмыстық іс қозғалып жатыр. Оның қорытындысын күтеміз. Одан әрі не болатынын қосымша хабарлаймыз. "Ертістің" тағдыры жыл соңына қарай нақты белгілі болады", – деді ол.

Осылайша, "Ертіс" биылғы чемпионатты жалғастырмайды. Клуб ендігі қадамын Екінші лигадан бастайды. Оны ұтқан жағдайда ғана Бірінші лигаға шығады. Бірінші лигадан соң, Премьер-лигаға жол ашылады.

Фархат Әміренов

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу