"Ertis" құрлықтық додаға қатысады

1817

IIHF-тың ұйымдастыруымен өтетін жарыста Қазақстанның намысын павлодарлық "Ertis" қорғайтын болды.

"Ertis" құрлықтық додаға қатысады

Коронавирус пандемиясы көптеген спорт түрлеріне, әсіресе ұлттық чемпионат нәтижесі бойынша халықаралық турнирлерге іріктеліп алынатын спорт түрлеріне өз әсерін тигізбей қоймады. Солардың бірі хоккейден Қазақстан чемпионаты. Ел біріншілігі мерзімінен бұрын аяқталып, жарысты ұйымдастыру комитеті биылғы маусымның медалистері мен жеңімпаздарын жариялаған жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, соңғы жылдары ұлттық біріншіліктің жеңімпазы 1997 жылдан бері Халықаралық хоккей федерациясының ұйымдастыруымен өткізіліп келе жатқан Құрлықтық хоккей лигасына қатысатын. Аталған турнир Федерация Кубогінің жалғасы десек те болады және 2009 жылдан бері ерлер арасында өткізіліп келе жатқан халықаралық хоккей турнирі. 2021 жылы өтетін Құрлықтық кубокке 17-наурыз күні хоккей клубтарының басшыларының қатысуымен өткен жиында еліміздің намысын қай команданың қорғайтыны белгілі болды. Тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша біріншіліктің жеңімпазы көкшетаулық "Арлан" командасы болатын. Бірақ, команда жарысқа қатысудан бас тартты. Сондықтан 2021 жылы өтетін Құрлықтық кубок додасына Қазақстан чемпионатында 2-орынға ие болған "Ertis" командасы баратын болды.  

Сондай-ақ Халықаралық Хоккей федерациясы 24-маусым күні виртуалды форматта кезектен тыс жиын ұйымдастыратыны белгілі болды. Онда 2021 жылы өтетін Құрлықтық кубоктің басқа форматта өткізілуі жайлы ұсыныстар қаралады деп жоспарлануда. Себебі жарыстың бірінші айналымын қысқартып, жаңадан үш кезеңді формат ұсынылуда. Жаңа нұсқа бойынша жарыс іріктеу турнирінен басталады. Ол 2020 жылдың 16-18 қараша аралығында өтуі тиіс. Содан соң топтық кезең. Онда 16 команданы 4 топқа бөледі. Әр топтың жеңімпазы финалға жолдама алып, 2021 жылдың 8-10 қаңтар күні өзара сайысқа түседі.

Естеріңізге сала кетсек, Құрылтық кубокті қазақстандық команда тек бір-ақ рет, 2019-жылы "Арлан" хоккей клубы жеңіп алған болатын. 22-мәрте ұйымдастырылғын Continental Cup жарысына Көкшетау қаласының хоккей клубы 3-айналымнан бастап қатысқан. Қазақстан хоккей тарихындағы маңызы зор суперфинал 2019-жылы 11-13 қаңтар аралығында Белфастта өтіп, "Арлан" барлық қарсыластарын – "Катовицені" 4:2, Гомельді 8:2, "Белфаст Джайантсты" овертаймда 3:2 есебімен ұтты. Нәтижесінде 8 ұпаймен "Арлан" Құрлықтық кубоктің Қазақстан атынан қатысқан командалар арасынан жеңіске жеткен алғашқы команда болды.

Бірақ, бұған дейін де дәл осы жарыста Қазақстан намысын қорғаған басқа командалар да жүлделі орындарға ие болған. 2017-жылы суперфинал қорытындысы бойынша атыраулық "Бейбарыс", 2018-жылы Нұр-Сұлтан қаласның "Номад" командасы 2-орын алған еді. Ал, 2008-жылы өскемендік "Торпедо" 3-орынға ие болды.

"Ertis" Құрлықтық кубоктің дебютанты емес. Команда бұған дейін 2013-2014 жылғы маусымда осы сайысқа қатысқан. Үшінші айналымда жарысты бастаған павлодарлық клуб D тобында 2-орын иеленіп, суперфиналға талас барысында италиялық "Азиаго" командасына ұтылды. Бір жылдан соң "Ertis" дәл осы жарыста тағы да суперфиналға жолдама алуға талпынып көрді. Алайда финалға іріктеу барысында төрт команда арасынан тек соңғы орыннан табылды. Соңғы рет 2015-2016 жылғы маусымда үшінші айналымда топ арасынан 3-орынға ие болды.

Сонымен, 2021-жылы, араға бес жыл салып "Ertis" Құрлықтық кубокте сайысқа түсетін болды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу