Ертіс өзені арқылы кокс, тұз және көмір тасымалданады

3852

Павлодар облысы Ертіс өзені арқылы Қытай және Оңтүстік Корея елдеріне жүк тасымалдауды көздеп отыр.

Ертіс өзені арқылы кокс, тұз және көмір тасымалданады

"Павлодар өзен порты" АҚ "УПНК-ПВ" кәсіпорнында өндірілетін қыздырылған мұнай коксын Ертіс өзені арқылы Қытайға жеткізбек. Жоспар бойынша, жүк Шүлбі, Өскемен және Бұқтырма бөгендері арқылы өтеді. Ал оңтүстіккореялық тарап тұз бен көмір алуға ниетті.

"Қазіргі уақытта Қытай және Оңтүстік Корея елдеріндегі әріптестермен жүк тасымалдауға қатысты келісімшарт жасалуда. Аспанасты еліне жеткізілетін қыздырылған мұнай коксының нақты көлемі белгіленген жоқ. Бір анығы, жүк 1000 тоннаға лайықталған баржалар арқылы жеткізілетін болады. Судағы жолдың қашықтығы – 1200 шақырым. Ал кореялықтар тұз және көмір тасымалын жандандыруды ұсынды. Бүгінгі таңда олар қатты отынды Аустралиядан сатып алатын көрінеді", – дейді "Павлодар өзен порты" АҚ бас инженері Алексей Гладков.

Бірақ су деңгейінің төмен болуы салдарынан бұл жоспар толыққанды іске аспауы мүмкін.

"Ертіс өзенінің біздің облыс аумағындағы деңгейі төмен. Семеймен шекараға дейінгі аралық тасты топырақ болғандықтан, өзеннің түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Судың жоғары деңгейін ұстап тұру үшін Шүлбі гидроэлектрстанциясынан қосымша су босату керек. Компания басшылығы өзен арқылы жүк тасымалы артқан кезде босатылатын су көлемін минутына 1200 текше метрге дейін жеткізуге уәде берді. Сол кезде ғана павлодарлық өнімдерді шетке еш қиындықсыз экспорттай аламыз", – дейді Алексей Гладков.

Одан бөлек, "Павлодар өзен порты" АҚ құмды өңдеуге кіріспек. Қазіргі уақытта компания жылына 600 тонна құм алып отыр. Оны тазартып, арнайы қаптарға салады да күніне шамамен 5 тоннасын облыс пен Ресей нарығындағы құрылыс дүкендеріне сатады. Ал келесі жылдан бастап құмнан жасалған кірпіштер шығармақ. Осы мақсатта құны 20 млн теңге болатын қондырғылар сатып алынды. Олардың көмегімен тәулігіне 5 мың дана кірпіш дайындалатын болады. Өндіріс тұралап қалмас үшін қыста да өзен порты аумағында жұмыс жүргізілуге тиіс. Бұған рұқсат беретін қағазды алу үшін кәсіпорын басшылығы ҚР инвестиция және даму министрлігіне  хат жолдады.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу