Ертіс-Успен каналының құрылысын аяқтауға ақша жоқ

4067

Ал бұл арна 10 мың гектар жерді суармалы алқапқа айналдыруға тиіс. 

Ертіс-Успен каналының құрылысын аяқтауға ақша жоқ Фото: Ольга Бугаева

Павлодар облысында кеңестік кезеңде Ертіс-Успен каналының құрылысы басталған болатын. Бірақ өткен ғасырдың соңында мұндағы плиталар қолды болып, құрылыс қараусыз қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Былтыр бірнеше жыл бойы бос жатқан каналды жаңғырту жұмыстары қайта жалғасты. Жобаға жауапты болып "ҚазСуШар" республикалық мемлекеттік кәсіпорны бекітілді. Осы уақытқа дейін жалпы ұзындығы 12,5 шақырым болатын арнаның 7,5 шақырымы тартылып, 6 аванкамераның біреуі салынды. Енді жұмысты әрі қарай жалғастыруға қаржының жоқтығы қолбайлау болып тұр.

"ҚазСуШар" РМК Павлодар облыстық филиалы директоры Жұмагелді Қожановтың айтуына қарағанда, Қаржы министрлігі әр түрлі себепті алға тартып, қаражат бөлуден бас тартқан. Ал жоба дайындалып жатқан тұста қаржыландыруда қиындық болмайды деп сендірген еді.

"Биыл Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қаржы министрлігіне бес жобаны аяқтау мақсатында 6 млрд 100 млн теңге бөлу туралы бюджеттік өтініш берді. Бірақ қаржыгерлер бұл өтінішті мақұлдаған жоқ. Енді облыс әкімдігімен бірге бұл жобаның маңыздылығын дәлелдеп әлек болып жүрміз", – дейді Жұмагелді Қожанов.

Ертіс-Успен арнасының өткен ғасырда басталған құрылысы кезінде басы-қасында болған Леонид Баталовтың пайымынша, егер биыл тиісті қаржы бөлінбесе, каналды кәдеге жаратудың мәні қалмайды.

"Кеңестік кезеңде талан-таражға түскен каналды былтыр қайтадан жаңғыртуға тура келді. Бірақ жұмыстың барлығы жарты жолда қалып қойды. Қазір бос тұрған нысандарды күзетуден басқа іс жоқ. Бір-екі жыл аралығында арнаның құрылысын қолға алмасақ, ол жойылып кетуі мүмкін. Себебі қазірдің өзінде түбін тот пен арамшөп басып кетті. Бұған дейін мемлекет салған қаржының күлі көкке ұшайын деп тұр", – деп дабыл қағып отыр Леонид Баталов.

Арнаның іске қосылар уақытын облыстың шаруалары тағатсыздана күтіп отыр. Кейбіреулері қажетті техникаларды сатып алып та қойды. Жобаға сәйкес, Ертіс-Успен каналынан тартылған құбырлар арқылы су камераларға жиналады. Кейін алқаптарға жайылады. Соның есебінен облыстағы 10 мың гектар алқап суармалы жерге айналуға тиіс. Оның 40%-ына дақылдар, 23%-ына көкөніс, қалған 37%-ына картоп салу жоспарланған. Қаржының жоқтығы бұл жоспардың барлығын кейінге шегеретін түрі бар.

Әйтсе де, өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметінде есеп берген Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жоба келесі жылы аяқталатынын сенімді түрде айтты.

"Ертіс-Успен каналының құрылысына 7,7 млрд теңге қарастырылған болатын. Бүгінде жұмыстардың 40%-ы аяқталды. Канал келесі жылы іске қосылады", – деді аймақ басшысы.

Қаржы министрлігі қосымша қаражат бөлмей тұрған шақта облыстық әкімдік жобаны қалай аяқтауға ниетті екені әзірше жұмбақ болып отыр.

Ажар Дәулетова 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу