"Ертістің" тағдыры қыл үстінде

1517

Павлодар футбол клубының тағдырына байланысты нақты шешім әлі қабылданған жоқ.

"Ертістің" тағдыры қыл үстінде

Наурыз айында Қазақстан премьер-лигасы екінші турдан кейін тоқтатылған болатын. Клуб басшылығы Павлодар қаласының жергілікті футбол командасы "Ертістің" ойыншылары ең төменгі жалақы 42500 теңге алады деген шешім шығарған еді. "Ертістің" ойыншылары орын алған жағдайға байланысты клуб басшылығының өздерін тығырыққа тіреп, жалақыларын қысқартқаны үшін ұжым болып Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа хат жолдады. Осылайша команда мен бапкерлік құрам 2020 жылдың 15-сәуіріне дейін таратылды. Ол кезде тек бір айлық жалақы ғана қысқартылады деген еді. Ал облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов футболшыларға шыдамдылық танытуды сұрады.

Павлодарлық команданың дирекоры Нұрлан Ысқақов аудиторлық тексеру жүргізіп, нәтижесінде клубтың миллиардтаған қарызы бар екенін анықтады. Бұл қаржылық міндеттемелер команданың одан әрі дамуына мүмкіндік бермейді. "Футбол клубы – бұл қоғамдық қор. Мұндағы барлық мәселелерді облыс әкімі шешпейді. Сондықтан Дене шынықтыру және спорт басқармасы облыстың футбол федерациясымен бірлесе отырып қазіргі дағдарыс жағдайынан шығудың оңтайлы шешімін табуға тырысады", - деді Әбілқайыр Сқақов. Ал төтенше жағдайда футболшылардың жалақысының қысқарғанын әділетті шешім деп есептейді. Сонымен қатар облыс әкімі қазіргі таңда "Ертіс" футбол клубының қиын жағдайда екенін растады. Аудиторлық тексеру барысында клуб басшылығының тиімсіз жұмыс атқарғанын анықтады. Ал, жалақыны төмендету "Ертістің" дағдарыста қаржылық жағдайды қалпына келтіру үшін жасалған іс-шаралардың бірі еді. Бірақ, бұл шешім де сәтсіз болды.

"Төтенше жағдай барысында елімізде барлық шағын және орта бизнес тоқтап тұр. Барлығы да 42500 теңгеден алды. Неге футболшыларға да миллиондаған жалақыларын 42500-ге дейін төментетпеске? Менің ойымша бұл өте әділ шешім. "Ертіс" командасының ойыншыларының келісім-шарттарында төтенше жағдай туындаған кезде біржақты тәртіппен ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеуге болады деп жазылған. Демек, мұның барлығы да заң аясында жасалып отырған дүние. Футбол ойындары өтпей, жалақы бұрынғысынша сақталған болса, клубтың қарызы одан әрі көбейе түсер еді. Өйткені ТЖ барысында футбол матчтары мен жаттығу жиындары мүлде өткен жоқ", - деп қоса кетті Павлодар облысының әкімі.

Қазіргі таңда ойыншылардың жалақысын төлейтін клубтың қаржысы жоқ. Осыған байланысты премьер-лига матчтары қайта басталғанда "Ертіс" ойындарға қатыса алмауы мүмкін. Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы павлодарлық клуб 12 команда арасынан 10-орынға ие болып, ҚПЛ-дан ұшып кете жаздаған. Тек соғылған голдар мен жіберіп алған доп айырмасына байланысты премьер-лигада орынын сақтап қалды. Ал былтырғы жылы клуб тағы да төменгі орындардың біріне жайғасып, тек 8-орынға ие болды. 2020 жылы екі тур ойнаған команда қызылордалық "Қайсарға" ұтылып, ҚПЛ-дың биылғы дебютант командасы "Қызылжармен" тең нәтиже көрсеткен.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу