Есік бұзу, үй өртеу, клиентті алдау...

16008

Жұмысшылар табуға көмектесетін сервис проблема тауып беруде ме? 

Есік бұзу, үй өртеу, клиентті алдау...

Кәсіпқой жұмысшы маманды табу мұңға айналды. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар қарапайым жұмыс кәсібін жете меңгерген майталмандардың тапшылығы мәселесін қызу талқылауда, деп жазады Inbusiness.kz.

Мәселені колумнист, қоғам белсендісі, елордалық танымал Facebook-тобының негізін қалаушы Рүстем Жансейітов көтерді. Ол кез келген сала маманды тауып беруге жәрдемдесуге бейімделген белгілі сервиске жүгініп, аузы күйгенін әңгімеледі.

"Naimi қосымшасы кінәратты көрінеді. Бір қарағанда, онда не керектінің бәрі бар. Тек өз ісінің кәсіпқойы аз. Оның үстіне ондағы маман дегендердің рейтингтері де жасанды. Алдыңғы күні жаңа есікті орнату үшін осы қосымша арқылы шеберді шақырдым, шынында шеберсымақ болып шықты. Есікті қалай болса солай, қисық-қыңыр орната салды. Кемшіліктері жетіп артылады. Соған қарамастан, әлгі олақ жан олқылықтарын ертесіне түзеп беруге уәде етіп, уағдаласқан соманың жартысын қиыла сұрап алды. Оны білетін адамдар оның жұмысын аяусыз сынады. Ұзын сөздің қысқасы: есікті қайта орнату керек. Іске қыры жоқ адам екен, жөнсіздікті жөндеуге асықпады. Тіпті есікті қалай дұрыс орнатуға болатынын нашар түсінетінге ұқсайды", – деп күйінеді Р.Жансейітов.

Сондықтан оның қызметінен бас тартады, сондай-ақ өзгелер біле жүруі үшін аталған қосымшада теріс пікір қалдырыпты. 

"Ол олақтығымен қоймай, жанжалқор екен! Маған телефон шалып, теріс пікір қалдырғаным үшін ұрысты. Бассыз кеткен арсыз. Қымбат есікті бүлдіріп тастағанымен қоймай, оңды емес пікір жазғаныма өкпелейді. Naimi.kz қосымшасы қалағанның бәрін тіркей бермей, бағасына қарай іріктеу жүргізгені жөн секілді. Тұтынушылар алдана берсе, ол сервистен теріс айналады ғой", – деп ұсыныс білдірді қоғам белсендісі.

Енді ол төл фейсбук-тобы арқылы өз бетінше шебер іздеп жатыр.

Рас, осы қосымша арқылы нағыз маманды тапқандар да болыпты. Елорда тұрғыны Елена Гафнер жолы болғанын, қосымша арқылы білікті сантехникке жолыққандарын жеткізді.   

"Біліксіздер бар. Бірақ біраз жақсы мамандарды да кездестіруге болады", – дейді Мая Макенова.

Әйткенмен, Рүстем Жансейітов салыстырмалы түрде алғанда оңай құтылғанға ұқсайды. Бұдан да масқара жағдайлар кездескен көрінеді.

Нұрсұлтандық адвокат Ербол Қанафин бас қалада болған бір жағдайды баяндады. Елорда тұрғыны Елбасының кітапханасы жанында орналасқан Caspian Palace тұрғын үй кешеніндегі өзінің салтанатты пәтерінде "фальшбалкондарды" гидроизоляциялау жұмыстарын жүзеге асыруға бел буады. Содан Naimi қосымшасындағы рейтингке сеніп, Ерлан және Айбат есімді мамандарды жалдайды. Олардың жұмысы кесірінен өрт тұтанып, қымбат үйдің шатыры жанған.

Былтырғы 8 қыркүйекте сол өрттің шығу себептерін тергеп-зерттеу ісі басталды. Зардап шеккен пәтер иесі әйелімен екеуі полиция басқармасына шағыммен жүгінген. Қолдарында Ерланмен WhatsApp арқылы алмасқан хаттары, келісімшарт, "Naimi KZ" қосымшасының скриншоттары, ақша аударылғанын растайтын 3 түбіртек қалған. Қорғаушы оның бәрін іс материалдарына тіркетуге күш салуда. Зардап шеккен адамға 3,9 миллион теңгедей шығын келтірілген екен.

Жалған шеберлерден жәбір көргендер жетерлік. Гүлнәр М. өткен жылдың соңында Мақсат есімді "жиһаз дайындаушымен" келісімшарт жасасады. Содан кейін "шебердің" талап етуімен 400 мыңнан астам аванс береді. Сонша сомада ақша алғанын растап, Мақсат өз қолымен қолхат жазған. Алайда сол бойы жиһаздарын да жасамаған, қаражатын да қайтармаған.

"Қаншама рет әңгімелестім. Сыпайы да сұрадым, қорқытып та көрдім. Былқ етпейді. Адамдарды алдауға маманданып алған сұмырай. Биылғы жыл басында Нұр-Сұлтандағы Тұтынушы құқығын қорғау департаментіне шағыммен жүгіндім, барлық құжаттарды қоса тіркедім. Департаменттен тұтынушы ретінде бұзылған заңды мүдделерім мен құқықтарымды қорғау шараларын қабылдауды сұрадым. Бірақ департамент қызметкерлері қолын да қимылдатпастан, еш шара қабылдамастан, өтінішімді қанағаттандырудан бас тартты. Мемлекеттік органдар әрекетсіз қала бергендіктен, мұндайлар талтаң басып, өздерін жазаланбайтындай сезінеді, елдің ақшасын ары қарай арсыздықпен қалтасына басады", – деп қапаланады зардап шегуші.

Жалпы, тұтынушыларды қорғау Қазақстанда ең соңғы орындарға сырғығаны байқалады: мемлекеттің бұл қызметінің сапасы еш сын көтермейді. Демек, кінә тұтынушылар мен қызмет көрсетушілерді өзара байланыстыратын делдал қосымшаларда емес, шенеуніктердің, құзырлы органдардың өз ісіне салғырт қарауында болуы мүмкін.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу