Есіл арнасынан тасуы мүмкін

3314

Сәуір айында еліміздің солтүстік, шығыс және орталық бөлігі 18 °С -ге дейін жылиды.

Есіл арнасынан тасуы мүмкін

"Қазгидромет" РМК алдағы жарты жылдың ауа райы болжамын ұсынды. ҚР энергетика министрлігінің баспасөз қызметі "Қазгидромет" РМК ауа-райының ұзақмерзімді болжамдар басқарамасының басшысы Гүлмира Ақышеваға сілтеме жасай отырып, сәуір айында жылы және суық ауаның алмасуы салдарынан ауа райы қолайсыз болатындығын мәлім етті. Айдың басында жел күшейіп, жауын-шашын, көктайғақ болады.

Содан кейін Қазақстанға ойысқан жылы ауа массаларынан жалпы ел аумағында ауа райы жылып, тіпті оңтүстікте күн ысиды. Еліміздің солтүстік, шығыс және оңтүстігінде сынап бағанасы күндіз 10-нан 18 °С-ге дейінгі жылылықты көрсетсе, батыста 15...23 градус, оңтүстік және оңтүстік-шығыста 20...25 градусқа дейін жылиды.

Айдың ортасында ел аумағын кезекті суық ауа толқыны басып, солтүстік өңірде жаңбыр аралас қар жауып, оңтүстікте жауын-шашын болады. Сынап бағанасы солтүстікте түнде 2 градус аязды көрсетсе, күндіз 3 градус жылы болады. Оңтүстік бөлікте түнде 3-10 градус, күндіз 10-15 градус жылылықты көрсетеді.

Сәуір айының үшінші онкүндігі жылы, жауын-шашынды болады деп болжанып отыр, ауа температурасы солтүстік бөлікте түнде 5-10, күндіз 10-15 градус жылы болады. Ал оңтүстік аймақта түнде 10-15, күндіз 15-20 градус жылы.

Күннің жылуы наурыз айының соңы мен сәуір айының басында-ақ су тасқынына әкеп соғады деп болжайды "Қазгидромет" гидрология департаментінің директоры Дидар Жәнібекұлы.

Қазірдің өзінде Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендердің тасу қаупі бар, олардағы судың көлемі нормадан 30-60%-ға артық болады деп болжанған. Есіл, Жабай, Қалқұтан өздері арнасынан асып тасуы ықтимал. Күн жылынып, жаңбыр мен еріген қар суы қосылып, Қостанай облысында су тасқыны мен су деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін.

Ал еліміздің батысындағы судың деңгейі нормадан төмен болады деп болжайды гидрологтар. Тек Ресей аумағындағы Орал өзенінің су қоймаларындағы судың көлемі қардың молдығы нормадан жоғары, сондықтан осы аумақтан Қазақстанға келіп құйылатын су көлемі нормадан 1,5 есе артық болып, былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп болады дейді мамандар.

Ал Қарағанды облысындағы су көлемі нормадан аспайды. Ағын су наурыз айының соңы мен сәуір айының басында жүре бастайды.

Гидрологтардың болжамы бойынша, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында қар еріген кезде және жауын-шашынның мол болуы салдарынан сәуір және мамыр айларында су тасқыны болуы мүмкін. Таудағы қардың айтарлықтай көп болуы көктемгі-жазғы уақытта осы облыстардағы өзен суының мөлшерін нормадан жоғары 15-40%-ға көтереді деп болжануда.

Сонымен бірге маусым-тамыз айларында Алматы облысының тауларында сел болуы мүмкін.

Ал Наурыз мерекесінде еліміздің солтүстік және орталығында ауа-райы жауын-шашынсыз, батыс, оңтүстік және шығыста жауын-шашынды болады. Кей жерлерде тұман, көктайғақ болып, жел күшейеді, еліміздің шығысында жаяу бұрқасын болады деп болжанып отыр.

Батыс бөліктің кей жерлерінде жауын-шашын, тұман, 15-20 м/с дейін жел болады. Температура түнде 2 градус аяз, 3 градус жылы болады. Кей жерлерде 5-10 градус аяз болса, өңірдің оңтүстігінде 2-7 градус жылы болады.

Кезеңнің екінші жартысында солтүстік-батыс бөліктің кей жерлерінде жауын-шашын, көктайғақ болады. Кей жерлерде тұман, желдің екпіні 15-20 м/с дейін жел тұрады. Температура түнде 13-23 градус, аймақтың оңтүстігінде 3-8 градус аяз болады, ал күндіз 0-10 градус аяз, оңтүстікте 7 градусқа дейін жылы болады.

Еліміздің солтүстігінде жуын-шашын болмайды. Кей жерлерде тұман болады. Температура түнде 15-23 градус, күндіз 0-10 аяз.

Республиканың орталығында жауын-шашын болмайды. Кей жерлерде тұман, 15-20 м/с дейін жел тұрады. Температура түнде 10-25 градус, күндіз 0-10 градус аяз болса, кей жерлерде 0-5 градус жылы болады.

Қазақстанның шығыс бөлігінің кей жерлерінде қар жауу ықтимал, тұман, жаяу бұрқасын, 15-20 м/с дейін жел көтеріледі.

Оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлікте барлық кезеңде жауын-шашын, тұман, 15-20 м/с дейін жел болады. Температура түнде 2-13 градус аяз, күндіз 2-12 градус жылы.

Синоптиктердің болжауы бойынша, мамыр айында ауа райы құбылмалы, бірде жылы кейде тіпті жаздағыдай ыстық болып, артынан күрт суытып, түнде аяз болады деп күтілуде. Сонымен бірге айдың басы мен ортасында арктикалық теңіз айдынынан суық ауа массаларының келуімен кірбік қар жаууы мүмкін.

Осы жылдың жазы ыстық, құрғақ болады деп болжанып отыр. Тек оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда ғана солтүстік-батыстан келетін ағынның салдарынан температура күрт төмендеп, көп мөлшерде жауын-шашын болады, жекелеген өңірлерде тіпті бұршақ жауады.

Алдын ала жасалған болжам бойынша қыркүйек айы салқын болады деп күтілуде. Ал солтүстік және шығыс өңірдің тұрғындары қыстың алғашқы салқынын айдың соңында-ақ сезіне бастайды.

Қазан айы қазақстандықтарды қолайлы ауа райымен қуантып, халық күнтізбесі бойынша "мизам шуақ" туады.

"Температура бойынша орташа дұрыстығы 65%, жауын-шашын бойынша 60% екендігін есепке ала отырып, маусымдық ауа-райын кейіннен толық бір айға, онкүндікке және қысқа мерзімге берілетін ауа-райымен нақтылап, кеңес беру ретінде пайдалануға болады", – деп қорытындылады "Қазгидрометтегілер".

 Саян Абаев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу