Ескендір есеңгіретіп, Шәрібаев шатқаяқтатты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3276

Кәсіпқой бокстан қазақтың күрзі жұдырықты бірнеше жігіті кезекті жекпе-жектерін өткізіп, барлығы жеңіске жетті.

Ескендір есеңгіретіп, Шәрібаев шатқаяқтатты Фото: vesti.kz

Әнші Ибрагим Ескендір Мәскеуде әзербайжан боксшысы Анар Абдуллаевпен кездесіп, бірінші раундта нокаутпен жеңіске жетті. Қазақ боксшысы әлеуметтік желідегі жеке парақшасына "Pro Box" белбеуіне қол жеткізіп, ТМД чемпионы атанғанын жазды. Дәл осы кеште Уәлихан Бисенқұлов қырғыз Ернист Сайлидинуулунді екінші раунда техникалық нокаутпен жеңді. Ал Астанада бірнеше боксшымыз шаршы алаңға шығып, "Астана Арландары" кубогының финалы күні кезекті жекпе-жектерін өткізді. Асхат Уәлиханов Украина боксшысы Ярослав Юровпен алты раунд айқасып, төрешілердің бірауызды шешімімен басым түсті. Ал Абылайхан Құсайынов украиналық Максим Морозды үшінші раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірді.

Аңшылықты жақсы көретін Айдар Шәрібаев кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы тоғызыншы жекпе-жегін өткізіп, Украина спортшысы Артем Айвазидимен жұдырықтасты. Ол алты раундтық жекпе-жекте қарсыласын екі рет есеңгіретіп, төрешілердің шешімімен күмәнсіз жеңіске жетті.

Ең ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев кәсіпқой бокс рингіндегі алтыншы жекпе-жегінде украин Павел Кроленкомен айқасты. Ол тұңғыш рет қарсыласын нокаутқа түсіре алмай, сегіз раунд бойы жұдырықтасып, төрешілер шешімімен басым түсті. Өкініштісі, Руслан барлық жекпе-жектерін тек өз елімізде өткізіп жүр.

Күрзі жұдырықты жігіттеріміздің осы жеңістеріне дейін Садриддин Ахметов (6-0, 6 KO) бокс әлемін қуатты соққысымен тағы бір тәнті қылған болатын. Ол Канаданың Эдмонтон қаласында Мексика боксшысы Элиуд Мелендес Рочаны (14-11-2, 7 KO) бірінші раунда-ақ екі бүктеп, жүресінен отырғызды.

Айтпақшы, біздің Геннадий Головкинді жеңген Мексика майталманы Сауль Канело Альварес тағы бір салмақ дәрежесінде чемпиондық белбеуді жеңіп алды. Нақтырақ айтқанда, екінші орта салмақта Британия боксшысы Рокки Филдингпен кездесіп, WBA тұжырымы бойынша чемпиондық атақты сарапқа салды. Әрі өзінен бойы да биік, салмағы да ауырлау боксшыны төрт рет нокдаунға түсірді. Төрешіге үшінші раунда жекпе-жекті тоқтатудан басқа амал қалмады. Сөз жоқ, жирен жігіт жер тарпып тұр.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу