Ескі молаларға адам жерлеуге болмайды

7771

Қазақстан бойынша 25 мың ескерткіш болса, соның 40-45 пайызы Маңғыстау облысында орналасқан. 

Ескі молаларға адам жерлеуге болмайды Фото: Нұрлан Абызұлының жеке мұрағатынан

Қазыналы түбектің "аспан астындағы мұражай" деп аталуы да сондықтан. Бірақ мұнда да шешімін күткен проблемалар көп.

Соның бірі – ескі молаларға адам жерлеу. Мәселен, мемлекеттік қорғауға алынған ескерткіштердің қоршауы бола тұра ауласына заңсыз құрылыс салатындар көп. Ал заң бойынша ол жер қорғау аймақтарына жатады.

Фото: elana.kz

Соңғы уақытта мұндай деректер тіптен жиілеп кеткен. "Ата-бабам сол жерде жатыр" деп уәж айтатындар мемлекеттік жауапты органдарға ескертпей, қайтыс болған әке-шешелерін, бауырларын немесе жақын туыстарын тарихи ескерткіштердің аумағына апарып жерлейді екен. Онысы аздай үлкен-үлкен сәулетті күмбездер салып қойғандар да көп.

"Мұндай жағдайлар елді-мекендерге жақын жерлердегі қойымдықтарда жиі кездеседі. Ал заң бойынша мемлекеттік тізілімге енгізілген ескерткіштерге мәйіт қоюға болмайды және заңсыз құрылыстар салуға тыйым салынған. Өйткені, бұл сол ескерткіштердің тарихи сипатын бұзады. Біз үнемі осындай адамдармен соттасып жүреміз. Бірақ, заңымыз әлсіз. Сот оларға тек шамамен отыз мың теңге көлемінде ғана айыппұл салады. Ол аз. Адам жерлейтін болса, кеңес кезінде, кейінгі уақытта пайда болған молалар көп қой. Болмаса, әкімдіктер таза жерден орын берсін. Қола дәуірінде, орта ғасырларда пайда болған тарихи ескерткіштерге тимеу керек", – дейді "Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы" ММ директоры Нұрлан Құлбай.

Оның айтуынша осы қатынастарды реттейтін "Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану" заңын жетілдіру керек.

Фото: Нұрлан Абызұлының жеке мұрағатынан

Нақтырақ айтқанда, қатаңдата түсу қажет. Осы мақсатта ол айыппұл көлемін миллион теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынады. Сәті түскен жерде осы мәселені көтеріп жүрген ол бұл туралы Маңғыстаудан сайланған Мәжіліс депутаттарына да айтқан. Бірақ әзірге қозғалыс жоқ. Егер, айыппұлды миллион теңгеге дейін көбейтсе, жұрт ескі қойымдықтарды бүлдіруден тыйыларына сенімді.

"Ендігі бір мәселе – "қара" археологтар. Соңғы уақытта солардың қатары көбейіп барады. Ашық аспан астында жатқан көптеген тарихи құнды жәдігерлеріміз бар, соларды қазып кеткен. Өз көзіммен көргенім, Қарақабақ деген теңдесі жоқ ескерткіш бар, соны "қара" археологтар қазып кетіпті. Металл іздегіш аспабын арқалаған олар адам көзінен таса жерлерде көп жүреді. Керуен сарайларының айналасын қазып қопарып кеткен. Бүйте берсе олар молаларды да қаза бастауы мүмкін", – дейді Нұрлан Абызұлы.

Оның айтуынша, ғасырлар бойы қозғаусыз жатқан қатпарлар бұзылар болса, ғылым үшін үлкен нұқсан келмек. Сол үшін заңды қатаңдатып, металлодетектор деген құралды тек қана лицензиясы бар археологтар ұстай алатын етіп қана рұқсат ету керек. Мұндай аспаптардың қазір ашық саудада алуан түрі бар. Көп азаматтар оны хобби қылып алған.

"Археология, өлкетану дегеніміз – тарихты түгендеуші сала. Ол тарихи объективтілікті қалыптастырудың алғышарты. Этнос үшін де, ұлт үшін де, дін үшін де аса үлкен маңызға ие критерий. Бұрынғы өтіп кеткен ата-бабаларымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, ескерткіштері, қолмен ұстаған дүниелері, қолжазбалары, түрлі жәдігерлері – біздің баға жетпес қазынамыз", дейді ол.

Фото: Нұрлан Абызұлының жеке мұрағатынан

Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы" мемлекеттік мекемесі – 43 жылдық тарихы бар қара шаңырақ. Мұнда 90 мыңнан астам ескерткіштердің ғылыми құжаттары, құнды тарихи деректер, археологиялық артефакттар және мұражайлық маңызға ие жәдігерлер жинақталған.

Өлкедегі бүкіл тарихи, табиғи, сәулет және археологиялық ескерткіштерді түгендеу, зерттеу, бақылау, қорғау, сақтау, ағарту, насихаттау жұмыстары осы ұжымның мойнында. Қазiргi таңда Маңғыстау облысы бойынша 590 тарихи және мәдени ескерткiш мемлекеттiк қорғауға қабылданған десек, оның iшiнде 20-ы республикалық мәртебеде.

Олар – тас дәуiрi елдi мекендерiнiң орындары, қола және темiр дәуiрiнiң дiни-қабiрлеу кешендерi, орта ғасырлық Ұлы Жiбек жолындағы қалалар, бекіністер, керуен-сарайлар сынды 350 археологиялық нысан, үлкенді-кішілі сәулет туындылары шоғырланған 176 ансамбльді кешен мен 64 сәулет және қала құрылысының ескерткіші. Оған қоса 800-ден аса тарихи-мәдени мұра объектілері алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген.

Ендеше, өлке тарихын көзінің қарашығындай қорып, тірнектей зерттеп отырған алқалы ұжымның ұшан-теңіз еңбегі ұлт пен ұрпақтың ұлы мұрасына айнала бергей. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу