Ескі Үкіметтің жаңасына не қалдырғаны анықталды

173

Қазақстандық атқарушы билік үлкен өзгерістерге "толғатып" тұр.

Ескі Үкіметтің жаңасына не қалдырғаны анықталды Фото: canva

Жаңа Конституцияның 69-бабының 1-тармағына сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін доғарды. Ал, Президенттің 28 тамыздағы жарлығымен министрлер кабинетіне жаңа құрам бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқара тұру жүктелді.

Олжас Бектенов кезінде, 2024 жылғы 6 ақпанда Үкіметтің тізгінін Әлихан Смайыловтан қабылдап алып, бұл креслода 2 жыл 6 айдан астам отырды. Оның тұсында ел "тар жол, тайғақ кешті" болмағанымен, азды-көпті сын-тегеурінмен бетпе-бет келіп, экономикалық көрсеткіштер қарама-қайшы динамиканы паш етті.

Макроэкономикалық көрсеткіштердің "әткеншегі"

Смайылов Үкіметі ізбасарына біршама қолайлы ахуал түзіп кетті. Ел пандемия және "Қаңтар оқиғасы" күйзелістерінен кейін толықтай ес жиды, етегін жапты, еңсе көтерді. 2023 жылдың қорытындысында өндірілген жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) көлемі 119 трлн 442,3 млрд теңгені құрады. Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) сол кезде нақты өсімнің 5,1% болғанын хабарлаған еді.

Арада ағып айлап, жылжып жылдар өтті, цифрлар мүлде басқа сипат алды: 2025 жылы ЖІӨ-нің өсу қарқыны 6,5%-ға жеделдеп, жалпы көлемі 159 трлн 608,5 млрд теңгеге дейін шарықтады.

Екі жыл ішінде экономика 40,1 трлн теңгеге немесе шамамен 83,6 млрд долларға ұлғайған. Алайда ЖІӨ-нің атаулы түрде өсуі экономиканың сапалы жақсарғанын білдірмеуі де мүмкін. Бұл өсімнің ненің есебінен қалыптасқанын және оның қаншалықты тұрақты екенін жіктеу маңызды.

ҰСБ ресми мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның ЖІӨ-сінің өсу қарқыны 4,1%-ға дейін баяулады. Салыстырсақ, былтырғы ұқсас мерзімде, 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында ЖІӨ өсімі бұдан әлдеқайда қомақты, 6,3% болатын.

Қазіргі Үкіметтің тұсында экономика құрылымы біраз өзгеріске ұшырады. Егер 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында ЖІӨ құрылымындағы "тауар өндірісінің" үлесі 37,1% болса, 2026 жылдың ортасында бұл көрсеткіш 36,4%-ға дейін төмендеген. Дәл осы кезеңде "қызмет көрсету саласының" ЖІӨ-дегі үлесі 2023 жылғы 54%-дан 2026 жылы 55,4%-ға дейін көтерілген.

Әйтсе де, азаматтардың нақты әл-ауқатын әлдеқайда дәл көрсететін басқа бір барометр бар: ол – жан басына шаққандағы ЖІӨ. 2023 жылы бұл көрсеткіш 13 276,7 долларға жетті. 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 14 759 долларға дейін өсті. Статорганның мәліметінше, орташа есеппен жан басына шаққандағы ЖІӨ ел бойынша 7 млн 827,2 мың теңгені құрады. Өңірлер бойынша көш басында шикізат пен қаржы орталықтары тұр: Атырау облысында – 23 млн 332 мың, Алматы қаласында – 15 млн 601,1 мың, Ұлытау облысында – 13 млн 831,8 мың және Астанада – 12 млн 370 мың теңге. Керісінше, тізім соңындағы Түркістан облысында жан басына шаққандағы ЖІӨ 2 млн 508 мың, Жамбыл облысында – 2 млн 741,2 мың теңге болды.

Кетіп бара жатқан Үкіметтің қанжығасы олжаға татыр ізгі жетістіктерге де толы. Мәселен, Бектеновтің кабинеті көлеңкелі сектормен күресте біршама жеңіске жетті. Егер 2023 жылы "бақыланбайтын экономиканың" деңгейі ЖІӨ-нің 17,58%-ын құраса, 2025 жылға қарай ол 15,69%-ға дейін азайды.

ҰСБ мәліметінше, көлеңкелі капиталдың басты генераторлары – мегаполистер: Алматының үлесі – 3,78%, ал, Астананыкі – 2,52%. Оларға Түркістан облысы (0,95%) қосылады. Ұлытау, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарында экономика барынша таза көрінеді: мұнда "көлеңкелі экономиканың" үлесі бар-жоғы 0,10%-дан 0,35%-ға дейін құбылады.

Тағы бір сөзсіз артықшылық – еңбек өнімділігінің өсуі. Мұнда экономика бойынша орташа көрсеткіш бір жұмысшыға шаққанда 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы 2 млн 188,2 мың теңгеден 2026 жылға қарай 3 млн 57,2 мың теңгеге дейін күрт өсті.

Бектенов Үкіметі тұсында қызметкерлердің орташа айлық атаулы жалақысы 364 295 теңгеден 443 315 теңгеге дейін өсті. Екі жыл ішінде медиандық жалақы 251 356 теңгеден 317 512 теңгеге дейін көтеріліпті.

Салық реформасының бизнеске әсері

Бұл Үкіметтің кейінгі құрамға қалдырған маңызды мәселелерінің бірі – салық реформасы. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі бизнеске бірқатар өзгеріс әкелді. Атап айтқанда, салық жүктемесі артып, арнайы салық режимдерінде жұмыс істеу мүмкіндіктері қысқарды.

ҚҚС мөлшерлемесінің бұрынғы 12%-дан 16%-ға дейін өсуі бизнеске әсер еткен негізгі өзгерістердің бірі болды. Таза табысы төмен компаниялар шығындарын қайта қарап, бірқатары бағаны көтеруге немесе пайда көлемін қысқартуға мәжбүр болды.

Кәсіпкерлікке әсер еткен тағы бір өзгеріс – "жеңілдетілген режимнің" қайта қаралуы болды. Бұл режим бойынша кіріс шегі 600 000 АЕК көлемінде сақталғанымен, арнайы режимдерді қолдануға болатын қызмет түрлерінің тізбесі айтарлықтай қысқарды.

Кәсіпкерлердің бір бөлігі салық салудың неғұрлым күрделі "жалпыға бірдей белгіленген тәртібіне" (ОУР) өтуге мәжбүр болды. Салдарынан, олардың төлейтін салық мөлшерлемесі 2-3%-дан 10%-ға дейін, яғни үш еседен астамға артып шыға келді.

Әсіресе, жалпы режимдегі ірі және орта компаниялардың "жеңілдетілген режимдегі" жеткізушілермен өзара іс-қимылы кезіндегі (B2B) салық шегерімдерін шектеу барлық нарыққа аса ауыр тиді. Салдарынан, ірі бизнеске дара кәсіпкерлермен (ДК) жұмыс істеу тиімсіз болып қалды. Бұл қалыптасқан өндірістік байланыстарды және мердігерлік тізбектерді бырт-бырт үзді.

Оның әсері көп күттірмеді. Бір қарағанда, тіркелген заңды тұлғалардың саны 2023 жылғы 363 208-ден 2026 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 445 675-ке дейін ұлғайған.

Бірақ Ұлттық статбюро мәліметінше, олардың арасында нақты жұмыс істеп тұрғандары небәрі 191 665 компанияны құрайды. Тағы 195 914 компания қызметін уақытша тоқтатып қойды. Тағы 3 479-ы тіпті таратылу рәсімінен өтуде.

Шағын және орта бизнес секторында да өзгерістер байқалады. Қағаз жүзінде дара кәсіпкерлердің саны 2,6 жыл ішінде 1 369 043-тен 1 595 909-ға дейін өскен. Алайда ҰСБ дерегінше, 2026 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, жыл басынан бері шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2 145 344-тен 1 979 527-ге дейін төмендеген.

Оның үстіне, тіпті "тіркелген ДК" саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл минус 11,4%-ға азайған. Мұндай бірінші рет болып отыр: бұрын бір жойылған жеке кәсіпкерлік орнына бірнеше жаңасы ашылушы еді. Сонымен қатар, "жұмыс істеп тұрған ДК субъектілерінің" саны да минус 10,5%-ға кеміді.

Дегенмен, статистика органы жұртты сабырға шақыруға асық: "Көрсеткіштің төмендеуі ДК субъектілерінің 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық Кодексі аясында енгізілген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режиміне өтуімен байланысты (Салық кодексінің 718-бабы)", – делінген ҰСБ түсініктемесінде.

Өзге реформалар бастауында

Үкіметтің өзі де "Президенттің тапсырмалары бойынша Үкімет жұмысының негізгі нәтижелерін" қорытындылады.

"Мемлекет басшысының 2024 және 2025 жылдардағы Жолдауларын іске асыру аясында Үкімет мемлекеттік қаржы, инфрақұрылым, инвестициялар, цифрландыру және әлеуметтік саясат салаларындағы бірқатар шараларды жүзеге асыруда. 2024-2025 жылдарға арналған жалпыұлттық жоспарларда 180 іс-шара қарастырылған. Олардың бір бөлігі толық орындалды. Қалған міндеттер белсенді іске асыру сатысында және қатаң белгіленген мерзімдерде атқарылады. Бұл жұмыстың нәтижесі әртүрлі салада байқалады. 2025 жылы 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделді. Цифрлық экономика, жасанды интеллект және инвестициялық саясат үшін жаңа нормативтік база қалыптасты", – деп хабарлады Үкімет.

Реформалардың бір блогы қаржы нарығы мен мемлекеттік активтерге әсер етті. Экономикалық белсенділікті ынталандыру, салада дағдарыс бола қалса банкрот банктерді бюджет есебінен құтқару тәжірибесін тыю, сондай-ақ финтехті (қаржы технологияларын) дамыту үшін "ҚР Банктер және банк қызметі туралы" жаңа заң қабылданды. Нарық, байланыс және банкроттық туралы іргелес заңнамалар қайта жазылды.

"Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын да осы Үкімет өз пайдасына жазыпты. Бағдарлама халық пен бизнес үшін электр энергиясы, жылу, су және газ тарифтерін көтеруде. Олардан жиналған триллиондаған қаражатты компаниялар тозған құбырларды, ЖЭО мен желілерді жөндеуге, авариялық жағдайларды азайтуға және инфрақұрылымды жаңартуға бағыттауға тиіс.

Сонымен қатар, 2024 жылдың желтоқсанында Үкімет осы ауқымды жөндеу науқанының тағы бір тірегіне айналған "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасын қабылдады. Жоба 200-ден астам кәсіпорынды қамтиды. 2025-2029 жылдарға бюджеттен 13 триллион теңге инвестиция салу қарастырылған. Оның 6,8 трлн теңгесі коммуналдық секторға, тағы 6,2 трлн теңгесі энергетикаға бағытталады.

Басты мақсат – желілердің тозуын 40%-ға дейін төмендету және авария санын 20%-ға қысқарту. 2025 жылы жаңғыртуға 547 млрд теңге шығындалды. Нәтижесінде, 8 коммуналдық кәсіпорын апатты тозудың "қызыл аймағынан" шығарылды. 2026 жылы қаржыландыру екі есеге – 1,1 триллион теңгеге дейін ұлғайтылды. 12 мың шақырым желіні жөндеу және тағы 8 кәсіпорынды төтенше тозу аймағынан шығару жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу