Ескіден құтыл, жаңаға ұмтыл

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
16574

Ел азаматтары осындай ұстанымға көшіп жатыр. 

Ескіден құтыл, жаңаға ұмтыл

Күні бүгінге дейін 49 909 қазақстандық көнерген көлігінен құтылды. Тозған техникасын металға айналдыруға асыққандарға 7 млрд 486 млн теңге төленді.

Естеріңізде болар, 2016 жылдың 21- қарашасында елімізде ескі көліктерді қабылдау жобасы қолға алынды. Ол желтоқсан айының соңына дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында Қазақстанның 17 қаласында тозығы жеткен темір тұлпарларға "тұсау" салынды. Ескі көліктер 2 санат бойынша қабылданды. Төрт дөңгелегі айналып, лыпып тұрған автокөлік иелеріне 150, ал көлігі істен шыққан жүргізушілерге 48 мың теңгеден үлестірілді. Бұған қоса ескі көліктің орнына отандық автокөлік сатып алуға ниет білдіргендерге үш жүз он бес мың теңгенің сертификаты ұсынылды.
Энергетика министрлігі жобаға бас-аяғы 10 мың квота бөлді. Оның 5665-і жоба қолға алынған жылы үлестірілді. Қалған 4335 квота 2017 жылдың 16 қаңтарынан беріле бастады. Себебі қаңтар айының бірінен бастап жобаның екінші кезеңі қолға алынды. 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасатын жобаның екінші кезеңінде жеңіл көліктермен қатар автобустар, шағын автобустар және жүк көліктері қабылданатын болды.

Айта кетейік, көнерген көліктерді тапсырғандар бұрынғыша көлік құралының санатына қарай 315 мың мен 650 мың теңге аралығындағы сертификатқа ие болады. Олар сертификатты отандық көлік сатып алар кезде жеңілдік ретінде пайдаланады. Сертификатты 1 жыл ішінде кәдеге жарату қажет. Ерекше атап көрсетерлігі, бір адамға жеңілдігі бар 2 сертификатты қатар  қолдануға рұқсат берілген. Алайда сертификатты қайтаруға, ақшаға ауыстыруға болмайды.

"ӨКМ Операторы" ЖШС (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл жаңа көлік сатып алуға жеңілдік беретін сертификатқа сұраныс артқан. 2017 жылдың 26 маусымы мен 2018 жылдың 2 мамыры аралығында 12 840 ескі көлік сертификатқа ауыстырылған. Нәтижесінде 11 мыңнан астам сертификатқа 6089 су отандық жаңа көлік сатып алынған.

Осыған дейінгідей қолдану мерзімі өткен көліктерді тапсыру көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы алда тұр. Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары 8813 көлік өткізген. Екінші орынға алматылықтар орналасты. Олардан 5321 көлік құралы қабылданды. Ал көкшетаулықтар 4983 көліктен құтылып, үшінші орынға жайғасты.

"Қабылданған көне көліктердің орташа жасы 25-30 жылды құрайды. 1946 жылы шыққан "Москвич-400" автокөлігі раритет саналады. Ал 2014 жылы шыққан Lada Granta көлігі қабылданған ескі көліктердің ішіндегі ең жаңа көлік болып тіркелді", – деп хабарлады "ӨКМ Операторы" ЖШС баспасөз қызметі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу