Эстрада "жұлдыздарының" сахнаға мас болып шығуына заңмен тыйым салынады

3111

Роза Рымбаева, "Ирина Кайратовна" шығармашылық ұжымы, Shiza концерттерінде жұрттың наразылығын туғызған әдепсіз қылықтар билікті жаңа заң қабылдауға итермелеп отыр. 

Эстрада "жұлдыздарының" сахнаға мас болып шығуына заңмен тыйым салынады

Эстрада "жұлдыздарының" біразы жұртшылық алдына арақ-шарап, тіпті есірткі тұтынып шығатыны жасырын емес. Бұл туралы ақпарат құралдары көп жазды. Мұны Үкімет те мойындады. 2020 жылғы 18 қыркүйекте Мәжілісте қолданыстағы заңнамаға мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасын ұсынған сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова көптеген өнер адамдары сахнада, көпшіліктің көзінше өздерін өте нашар ұстайтынына қынжылыс білдірді.

"Концерт, ойын-сауық іс-шараларын өткізуге қатысты проблема жетіп артылады. Орындаушылар концертте әдепсіз мінез-құлық көрсетеді. Сахнаға мас күйде шығып өнер көрсету үрдісі белең алған. Ел есінде қалу үшін әдепсіз, былапыт сөздері бар репертуарды таңдайтынын дәлелдейтін нақты фактілер де бар", – деді А.Райымқұлова.

Ол қазақстандықтар бұған көп шағымданатынын жеткізгенімен, сол жолы оны түзететін заңнамалық тетіктер ұсынбады. Оны қазіргі Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ұсынуға талаптанбақ.

Министрлік сахнадағы көргенсіз тірліктер тым көбейіп кеткеніне назар аудартады. Мысалы, ресейлік әнші Дима Билан және басқалары Қазақстандағы іс-шараларда мас күйде өнер көрсеткені бейнеленген видеолар тарады. Одан қазақстандық жұлдызсымақтар да қалыспайды.

Министрлік жаңа заң жобасының қажеттілігін дәйектеген талдауында бірқатар жанжалды оқиғаларды мысалға келтірді. Мысалы, биылғы 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында "Ирины Кайратовна" тобының концерті болды. Оны тамашалауға келген көрермендер қойылымнан әбден көңілі қалғанын хабарлады. Әртістер концерт үстінде, сахна ортасында отырып, стақанмен спирт ішімдіктерін тұтынған. Мас екендерін жасыруға да тырыспаған. Ал шақырылған қонақ, Shiza лақап атымен белгілі әншісымақ, ащы суға сылқия тойып алған Асхат Жолшиев Қазақстанның туын сахнаға алып шығып, залдағы еденге лақтыра салған. Соңынан микрофоннан бұл үшін бар-жоғы әкімшілік жауапкершілік, яғни шағын айыппұл ғана қарастырылғанын, сондықтан оған пысқырмайтынын айғайлай бастады. Егер ұйымдастырушылар оны сахна сыртына алып кетпегенде, залға тағы біраз балағат сөз айтып салатын еді. Олар концертке ата-аналар жас балаларын ерте келгенін ескермеді. Яғни ұйымдастырушылар зиянды көрініс көрсетіп, жас ұрпаққа теріс тәрбие береді. 

Сондықтан Мәдениет министрлігі жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Ол Әкімшілік кодекске толықтыру енгізеді. Жаңа баптар "Ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу барысында көрермендермен қарым-қатынас кезінде әртістердің нормативтік емес лексиканы қолдануы, алкогольдік ішімдіктерді ішуі, алкогольдік, есірткілік масаң күйде болуы, сондай-ақ психотроптық заттардың, аналогтары мен прекурсорларының әсерінен орын алатын мінез-құлқын тиісінше қамтамасыз етпегені үшін" бір жағынан ұйымдастырушылардың, екінші жағынан әдепсіз әртістердің жауапкершілігін енгізеді.

"Шоу-бизнес саласы өз қарқынымен дамып келеді. Әртүрлі топтардың концерттерін, гастрольдерін ұйымдастыру сапасы қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға және оның көркемдік талғамын қалыптастыруға бағытталғаны өте маңызды. Алайда заңнамада концерттік қызметті жүзеге асырудың көптеген мәселелері сол бойы реттелмеген. Салдарынан концерттік қызметті ұйымдастырудың және дамыту үрдістерінің проблемасы ушығып барады. Мәдениет және спорт министрлігіне азаматтардан концерттік іс-шаралардың сапасыз өткізілетініне, ұйымдастырушылардың жауапсыздығына, теледидардың әдепсіз контентіне, орындалатын шығармалардың сапасының төмендігіне, қазақстандық әртістердің мінез-құлқына қатысты шағымдар жиіледі", – деп түсіндірді мәдениет ведомствосы.

Меморганның тұжырымдауынша, танымал әртістердің қатысуымен болған жанжалды оқиғалар үлкен қоғамдық резонанс тудырады және әлеуметтік желіде жағымсыз пікірлер толқынына түрткі болады. Ал ел Президенті 2022 жылғы 22 маусымда қоғамда әлеуметтік шиеленістің алдын алуды және концерттік қызметті реттеу мәселелерін шешуді жүктепті. Жаңа заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жазылып отыр.

"Бұл айтылғандар 2022 мамырда "Ирина Кайратовна" шығармашылық ұжымы, Shiza және Нурик Смит әншілерінің қатысуымен өткен іс-шараларда орын алған оқиғаларға қатысты. 2022 жылғы наурызда Семейде Халық әртісі Роза Рымбаеваның концертіндегі оқиға да әлеуметтік желілерде резонанс тудырды. Бұдан бұрын әртіс Төрағали Төреәлінің қатысуымен Павлодарда, концерт кезіндегі оқиға қоғамда теріс пікірлер тудырды. Қазақстандық орындаушы "Скриптониттің" концерттері жастарға кері әсерін тигізеді: оның әндерінің мәтіндері нормативтік емес лексикаға толы, сондай-ақ онда алкоголь мен есірткі заттарын пайдалануды насихаттау белгілері бар. Соған қарамастан бұл әртістің қатысуымен өтетін концерттер Қазақстанда еш кедергісіз ұйымдастырылды", – деп мысал келтірді министрлік өз талдауында.

Еске сала кетсек, Семейде, биылғы әз-Наурыз мейрамына арналған даладағы бұқаралық іс-шарада Роза Рымбаева жиналған халық алдында атақты "Наурыз-думан" әнін шырқады. Сонда әдепсіз бір жігіт сахнаға атып шығып, халық әртісін қапсыра құшақтап, селфи суретке түспек болады. Роза Рымбаева әнін кілт үзіп, оны дереу өзінен итеріп жіберді. Бұл жайт интернет пайдаланушыларды екіге жарды. Бірі тәрбиесіз көрерменді және қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген ұйымдастырушыларды айыптаса, басқасы шетелдік атақты әншілердің өзі көрерменіне құрмет көрсететінін алға тартты. Арыға бармай-ақ, ресейлік әнші Валерий Меладзе Астанадағы концертінде сахнада өзімен суретке түскісі келген көрермендердің ешқайсысының меселін қайтармады. Қайта сол үшін концертте бөгеліс болып жатқаны үшін өзге көрермендерден кешірім сұрады.

"Қоғамдық пікірге жүргізілген талдау көрсеткендей, аталған әртістердің іс-әрекеттерін халық қатты айыптады және салада тиісті бақылаудың жоқтығы үшін мемлекет атына сын айтылды. Яғни қазіргі кезде қоғам концерттік қызметті реттеуді, іс-шараларды ұйымдастырушылардың ғана емес, әртістердің де жеке жауапкершілігін күшейтуді белсенді талап етіп жатыр. Бүгінде әртістердің ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу барысында көрермендерге көргенсіз қарым-қатынасы, әртістердің нормативтік емес лексиканы, балағат сөздерді қолдануы, спирттік ішімдіктерді ішуі, алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде шыққаны үшін заңнамада еш жауапкершілік қарастырылмаған. Сондай-ақ әртістері құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін сол іс-шараларды ұйымдастырушыларға ешқандай жауапкершілігі көзделмеген", – деген түсініктеме берді мәдениет министрлігі.

Қазақстанда қанша "жұлдыз" бар?

Мәдениет министрлігінің мәліметінше, ұсынылып отырған заң жобасы қабылданса, онда ол көптеген ұжымды қамтиды.

Нақтыласақ, Қазақстанда 32 мемлекеттік концерттік ұйым бар. Оның ішінде 2 республикалық концерттік ұйым эстрадалық концерттерді ұйымдастырумен айналысады.

Бұған қоса, 300-ден астам жекеменшік фирмалар мен жеке тұлғалар да мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруды кәсіп еткен. Бұл әрине, заңда белгіленген тәртіппен тіркелгендері ғана. Әу демейтін қазақ жоқ. Мұның сыртында еш тіркелмей асаба-тамада болып жұмыс істейтін, өзі ән айтып, домбыра тартатын мыңдаған ортанқол таланттар, қырланбаған жауһарлар бар.

Министрліктің бағалауынша, "еліміздің сахналық алаңдарында концерттік іс-шаралардан табыс алу мақсатында өнер көрсетіп жүрген 1000-нан астам дипломды эстрадалық орындаушылар және 2000-ға жуық білімі жоқ эстрада әншілері бар".

Егер әлеуметтік желідегі қазақстандықтарды тыңдаса, естісе, министрлік "туды қорлайтын найсаптарға", "сахнада тұрып арақ ішетін алқаштарға" қылмыстық жаза енгізіп, оларды бірнеше тәулікке не айларға қамаққа алуды қарастырғаны құба-құп.

Бірақ Дәурен Абаевтың командасы ондай батылдыққа бара алмайтынын бірден мойындады.

"Қазіргі уақытта эстрадалық музыка белгілі бір дәрежеде идеологияны алмастырды және жастардың санасына теріс, залалды әсер етудің тиімді әдісіне айналды. Бұл ықпал барған сайын шынымен ауқымды сипатқа ие болуда. Музыканың ықпалы тұлғаның қалыптасуында, денсаулығында, адам психологиясында көрініс береді. Түрлі идеологиядағы жүздеген ән жазылып, отандық және шетелдік өнерпаздар арқылы ашық насихатталып жатқаны өскелең ұрпақтың ақпараттық өрісінің қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Ең тиімді жаза шарасы айыппұл болады: өйткені егер жазаны қатаңдатып, олардың концерттік және басқа қызметін тоқтата тұрсақ немесе тыйым салсақ, бұл кретивті индустрия нарығының дамуына теріс әсер етуі мүмкін. Бұл әртістерге қатысты мемлекеттік қатаң цензура ретінде қабылданады", – деп мәлім етті өз ұстанымын министрлік.

Сонымен жаңа заң жобасында келесі жаза ұсынылады:

"Ұйымдастырушының ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу барысында көрермендермен қарым-қатынас кезінде әртістердің нормативтік емес лексиканы қолдану, алкогольдік ішімдіктерді ішу, алкогольдік және/немесе есірткілік масаң күйде болу, сондай-ақ психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының әсерінен орын алатын мінез-құлқын тиісінше қамтамасыз етпеу бөлігінде ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру тәртібін бұзуы –жеке тұлғаларға – 150 айлық есептiк көрсеткiш (2022 жылы 459 450 теңге), заңды тұлғаларға 750 АЕК (2 297 250 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер:

жеке тұлғаларға – 200, заңды тұлғаларға 1000 АЕК (3 063 000 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

     5. Әртістің ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу барысында көрермендермен қарым-қатынас кезінде нормативтік емес лексиканы қолдануы, алкогольдік ішімдіктерді ішуі, алкогольдік және/немесе есірткілік масаң күйде болуы, сондай-ақ психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының әсерінен орын алатын мінез-құлық танытуы:

жеке тұлғаларға – 150 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      6. Осы баптың бесінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер:

жеке тұлғаларға – 250 АЕК (765 750 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады".

Жалпы тек бір тойға қатысқаны үшін 15 мың доллардан (7,3 миллион теңгеден) жоғары сыйақы алатын танымал әншілер үшін Абаев командасы ұсынған 459 мың теңгені төлей салу түкке тұрмайды. Демек, әншілер сахнаға мас шығуын, боғауыз сөйлеуін жалғастыра береді.

"Айыппұл санкциялары ұйымдастырушылардың концерттен түсетін табыстарына және әртістердің қатысқаны үшін гонорарларына сайма-сай болуға тиіс" деген сарапшылардың ұсынысы елеусіз қалды.

Соған қарағанда шенеуніктер халық талабын естіген сыңай танытып, кезекті көзбояушылыққа барғанға ұқсайды. Себебі, біраз салада Қазақстанды артқа тастаған көрші Өзбекстанда сахнаға мас шығуға, көрерменді лас сөзбен көмуге бірде бір әншінің жүрегі дауаламайды. Өйткені өзбектерде эстрада жұлдыздарының қызметі лицензияланады. Заң бұзса, айыппұл салынады. Заңсыз қылығын қайталаса, лицензиясынан айырылады, сахнадан өлең айтуына тыйым салынады.

Ал бізде үш мыңдай жұлдызсымақтың әрқайсысы әлеуметтік кернеу мен жанжалды тудыратын ошаққа айналып барады. Пиар үшін қасақана соған барады. Егер заң жобасын талқылау барысында Парламент жазаны күшейтіп, тегеурін таныта алмаса, бұл салада Әділетті Қазақстанда да әділет орнамауы ықтимал. Тыйым енгізілгенімен, ол тыйымды жүзеге асыратын пәрменді тетік сол бойы пайда болмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу