Ет одағы "тірі" инвестициялық қорлар құруды ұсынды

2200

Шетелдік инвесторлар есебінен мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін қаржыландырудың жаңа үлгісі ұсынылды.

Ет одағы "тірі" инвестициялық қорлар құруды ұсынды

Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі отырысының "ауылшаруашылық" сессиясы барысында еліміздің ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев елдің ауыл шаруашылығындағы кемшіл тұстың біріне ерекше тоқталды: жайылымдық жер көлемі 180 млн гектарды құрайтын Қазақстан (әлем бойынша бесінші орын), мал басының саны бойынша тек 42-орынды иеленіп отыр.

"Ірі қара малдың басын кемінде үш есеге арттыруға мүмкіндігіміз бар, жыл сайын шетелге экспортталатын астықтың қолымызда жеті млн тоннасы бар, бұл жоғары сапалы сиыр етін өндіруге мүмкіндік беретін артық өнім, сондай-ақ көршілес ірі нарықтар бар және мемлекет тарапынан қолдау да жасалып отыр", – деді Мақсұт Бақтыбаев.

Аталған мүмкіндікті нақты табысқа қалай айналдыруға болады? Ет одағындағылар жоғары сапалы етті тұрақты түрде жеткізіп отыруға ұзақмерзімді келісімшаттар жасасу керек, болашақта ҚХР нарығына жаңа сойылған сиыр етін жеткізу үшін Қытаймен шекаралас аймаққа жақын жерде сала кәсіпорындары ортақ ет комбинатын салу керек деп есептейді.  Сондай-ақ, ең бастысы,  "тірі малдың инвестициялық қорын" құру керек.

"Бұл қызмет түрі тікелей фермерлікпен және ауыл шаруашылығымен айналысқысы келмейтін, бірақ қаражатын осы салаға салып, өз қажеттілігі үшін тұрақты түрде ет алғысы келетін инвесторлар мен елдер үшін қызық", – деп санайды Мақсұт Бақтыбаев.

Оның сөзінше,  егер инвестор сатып алған малды сақтандыру мәселесін мемлекет өз мойнына алса, шетелдік инвесторларды қаражат құюға тартуға болады.

"Қазір біз бұл мәселені ауыл шаруашылығы министрлігімен талқылап жатырмыз", – деді ет одағының басшысы. Нәтижесінде "тірі" инвестициялық қор үлгісі мынадай болады. Инвестордың (компанияның немесе елдің) қаражатына  асылтұқымды мал сатып алынады да Қазақстанға жеткізіледі.  Одан әрі ол ет одағының мүшелері арқылы фермерлерге тауарлық несие ретінде таратылады.

"Мұндай несиелерді өтеу мерзімі – шамамен сегіз жыл және бір жарым жыл жеңілдікті жыл, – деп сөзін жалғады Мақсұт Бақтыбаев.– Енді төлемдерге келер болсақ. Егер біз 30 сиыр берсек, фермер сегіз жылда 30 тайынша қайтару керек – бұл негізгі қарыздың төлемі. Ал пайызды фермер 8-10 айлық торпақтармен өтейді.

Сонда бір фермерге түсетін жүктеме шамамен жылына 14%-ды құрайды, бірақ бұл фермер үшін тиімдірек: ол кепілге мүлік қоймайды, қағазбастылықтан арылады. Сонымен қоса өнімінің өтетініне кепілдік алады", – деп түсіндіріп өтті ол. Одан әрі пайыз ретінде қайтарылған торпақтар ірі бордақылау алаңдарына өткізіліп, ол жерде тауарлық жағдайға дейін жеткізіледі. "Біздің есебіміз бойынша, әкелінген 20000 бас ірі қара мал жылына 2000 тонна сиыр етімен қамтамасыз етеді. Осыған сәйкес, 20 млн доллар инвестиция салып, біз жылына 10 млн долларға есептелетін өнім аламыз, ол инвесторға өткізіледі, – деп мәлімдеді елдің ет одағының басшысы. – Бұл инвестициялық қорларға қызық болуы мүмкін, сондай-ақ үнемі ет тапшылығын көріп жүрген және өз ресурстары болмағандықтан тапшылықтың орнын толтыра алмай отырған елдерді қызықтыруы мүмкін. Мысалға Қытай, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктерінде жайылымдық жер жоқ, есесіне қаражат бар".

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы Бауыржан Бақшылов елдегі мал басын көбейту керек деген ойымен келісті, себебі қазақтың еті сол Қытайдың өзінде бәсекеге қабілетті болып отыр.

"Қытайға қой етін экспорттаудың әлеуеті мынадай: ресми мәліметке сүйенсек, соңғы екі жылда қой етін импорттау шамамен 220 мың тоннаны құрады, бірақ баршамызға мәлім, іс жүзінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары, – деді қауымдастық басшысы. – Қазақстан аталған нарықта бәсекеге қабілетті, біздегі баға бір килограммға 4,15 долларды құрайды, баға жоғары екенін білеміз, себебі қазір маусым емес, алайда бір айдан соң бұл баға 0,8-1 долларға түседі, ал Қытайда ол кезде бір килограмм еттің бағасы шамамен 5,6 долларды құрайды".

Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығы төрағасының айтуынша, сиыр етінің экпорттық әлеуетіне қатысты жағдай да осыған ұқсас. "Қытайда сиыр етіне деген сұраныс жоғары, былтырғы жылдың өзінде импорт 200 мың тоннаға артып, 2016 жылдың қорытындысы бойынша 825 мың тоннаны құрады, – деді Бауыржан Бақшылов. –Бұл ресми мәлімет, ал шындығында бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары екенін түсінеміз, жоқ дегенде екі-үш есеге артық. Қазақстан бұл мөлшердің оннан бір бөлігін де жаба алмайды, бірақ біз оған талпынбаймыз да. Логистика құны бізге тиімді болатын құрлықтық шекаралардың сұранысын өтеуге тырысамыз, бұл 500 млн-ға жуық тұрғыны бар аумақ. Мұндағы баға да Қазақстан үшін өте тиімді, айырмашылық шамамен үш долларды құрайды және мен көтерме бағаны есептеп отырмын: Қазақстанда қазіргі баға 4,2 долларды құраса, Қытайда мұздатылған сиыр еті 7,2 доллар тұрады", – деп нақтылады ол.

Сондай-ақ экспорттаушылар қауымдастығы жем-шөп дақылдарының нарығын талдап шықты. Оның мәліметі бойынша, Қытайда соңғы 10 жылда сүтті сиырдың басы 3 млн-нан 14 млн-ға дейін көбейді, дәл осы мал басы ең көп шөп жейтіндердің қатарында. Қалған мал басын есепке алғанда жыл сайын 22 млн тоннадан артық жеп-шөп жұмсалады.

"Қытай өз күшімен 21 млн тоннаға жуық шөп жинай алады, бірақ белгілі бір себептерге байланысты жинай алмай отыр: мемлекет тарапынан қолдау жоқ, химикаттар қолданылғандықтан кейбір жайылымдық жерлер құлдырап кеткен. Сол себепті оларда жем-шөпті импорттау мөлшері артып келеді, ал Қазақстанның жем-шөп дақылдары бойынша экспорттық әлеуеті жоғары. Алайда ол жаққа өңделген өнімді жеткізу керек – билік жем-шөпті өскен қалпында экспорттауға рұқсат бермейді", – деп сөзін түйіндеді Бауыржан Бақшылов.

Әйгерім Сүлейменова, Игорь Воротной

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу