Ет пен электр бағасы инфляцияны ушықтырды

2832

Ұлттық банк шілде айындағы инфляциялық тенденцияларды қорытындылады. 

Ет пен электр бағасы инфляцияны ушықтырды

Жеті айда инфляцияның жылдық деңгейі 8,4% өскен, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, шілдеде инфляция 0,7% болған. 2009 жылдан бері шілде айында инфляция бұлай ушығып көрмеген екен. Салдарынан инфляцияның жылдық деңгейі 8,4%-ға дейін өсіп отыр.

Маусым айында азық-түлік бағасының жылдық өсу қарқыны 10,6% болса, шілдеде 11,0%-ға дейін жеделдеген. Ұлттық банк сарапшылары бұған ішкі фактор мен сыртқы фактор қатар әсер еткенін айтып отыр. Әсіресе етттің барлық түрі қымбаттаған. Ұлттық банк мұны шығындардың көбеюімен байланыстыруда. Алайда ет өндірісінің шығындары неліктен артқаны туралы мәлімет айтылмаған. Осыған қарап, қуаңшылық дабырасын меңзеді деп түюге болады.

Ұлттық банк мамандары сыртқы нарықта азық-түлік бағасының өсуі баяулағанын айтады. Бірақ бұл ішкі нарыққа әсер етпеген. Керісінше, өсімдік майы мен қанттың қымбаттауы жалғасқан.

Шілдеде елдің оңтүстігі мен көрші елдерден көкөністің көптеп келетініне қарамастан, баға өскен.

Ал азық-түлік емес тауарлардың бағасы жанармай бағасымен бірге қымбаттаған. Мұндағы жылдық инфляция шілдеде 7,2%-ға дейін (2021 жылғы маусымда 6,9%) жеделдеген.

"Жеделдеудің негізгі факторы тұтынушылық сұраныстың кеңеюімен байланысты. Жанар-жағармай, киім мен аяқ киім, үйге арналған заттар, құрылыс материалдары қымбаттады. Осының салдарынан ақылы қызметтер бағасының жылдық өсуі 6,1%-ға (2021 жылғы маусымда - 5,6%) дейін жеделдеді",– деп жазылған Ұлттық банктің ақпаратында.

Айдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында  жанармай бағасының қымбаттауына алаңдайтынын білдіріп, мұнай өңдеу секторын ретке келтіру туралы тапсырма берген болатын. Бірақ ол пәрменнің шілде айына әсері болмаған сияқты.

Электр тарифі сәуірдегі рекордтық өсімін қайталап, инфляция 5%-ға  жылдамдады.

"Энергия ресурстарының қымбаттауы және ұсыныстың төмендеуі жағдайында туристік сапарларға сұраныстың қалпына келуі әуе көлігі тарифтерінің өсуіне себепші болды. Карантиндік шараларды күшейту және жұмысты шектеу жеке күтім мен қоғамдық тамақтану саласындағы қызметтердің қымбаттауына әсер етеді. Сонымен қатар, тұрғын үйді жалға алу мен жөндеу қызметтері бағаларының біршама өсімі тіркелді",– деп жазады Ұлттық банк мамандары.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу