Етікші әкімді жеңіп, жерін қайтарды

5218

Павлодарлық кәсіпкер сотта дүңгіршегінің қала көркін бұзбайтынын дәлелдеді.

Етікші әкімді жеңіп, жерін қайтарды

Павлодар қаласының тұрғыны Бағдат Байманқұлов 2015 жылы аукцион арқылы облыс орталығынан жер алып, аяқ киім жөндеу орнын ашты. Бұл кәсібін бастау үшін танысынан 500 мың теңге қарыз алыпты. Алғашқы екі жыл бойы тынбай еңбек етіп, осы берешегін қайтарды. Өткен жылы ғана жұмысының жемісін көріп, қалтасына тиын-тебен түсе бастады.

"Тұрақты клиенттер пайда болып, қызметіме деген сұраныс артқандықтан, ісімді одан әрі жалғастыруды қаладым. Сөйтіп Павлодар қаласының әкімдігіне жерді жалға беру мерзімін тағы 10 жылға ұзарту туралы өтініш жаздым. Бірақ жергілікті әкімдік бұл өтінішімді қанағаттандырмады. Жер комиссиясы дүңгіршектің орналасуы жалпы қолданысқа кері әсерін тигізіп отыр деген уәж айтты. Өткен жылдың соңында тиісті қаулыны шығарды. Мен бұл шешіммен келіспеймін. Шыны керек, маған бұл аумақта қаланың жоспарына түзету енгізу аясында өзгерістер орын алса, яғни жол, басқа да нысандар салынса, дүңгіршекті алуыма тура келетінін ескерткен. Десе де, дүңгіршекке жақын аумақтағы жұмыстың барлығы аяқталды, оған ешқандай кедергі келтірген емеспіз. Осы жайттарды алға тартып, сотқа жүгінуіме тура келді", – дейді Бағдат Байманқұлов.

Кәсіпкер ауданаралық экономикалық сотқа шағым түсіріп, Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев пен "Павлодар қаласының жер қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі жауап беруге мәжбүр болды. Тіпті сот көшпелі отырыс ұйымдастырып, мәселенің анық-қанығын анықтау үшін дүңгіршек орналасқан аумаққа арнайы барды. Нәтижесінде сот мәселені кәсіпкердің пайдасына шешті. Атап айтқанда, Бағдат Байманқұловтың бизнесі жаяу жүргіншілер жолында орналаспағанын, тұрғындардың жүріс-тұрысына бөгет жасамайтынын анықтады. Осылайша, қалалық әкімдіктің аяқ киім жөндеу дүңгіршегі иесінің жерді жалға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішін қанағаттандырмау бойынша қаулысын заңсыз деп таныды. Жауап беруші тараптың аппеляциялық шағымы шешімді өзгерткен жоқ. Енді кәсіпкерге әкімдік өз шешімінің күшін жойып, жалға алу мерзімін қашан ұзартатынын күту керек.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу