Этрит Бериша: "Біз Қазақстаннан мықтымыз"

2850

Сонымен қатар ол қарсыластарының осал тұстарынан бөлек мықты жақтарын да атап өтті.

Этрит Бериша: "Біз Қазақстаннан мықтымыз"

Албания футбол құрамасының қақпашысы және капитаны Этрит Бериша Ұлттар Лигасының 15-қарашада Қазақстанға қарсы өтетін матчқа қатысты пікірімен бөлісті, - деп хабарлады Албания футбол қауымдастығының ресми сайты.

- Жолдастық ойында Косовоны жеңдіңіздер. Бұл Қазақстанмен өтетін матч алдында сізді жігерлендіре ме?

– Әр жеңіс бізге келесі матчтарда көбірек мотивация және жеңіске деген ұмтылыс береді. Косовомен кездесудің де өзіндік мәні бар. Бірақ Қазақстан және Беларуссиямен болатын ойындар сияқты емес. Біз қарсыластарымызға көп көңіл бөлдік. Дегенмен бапкер жолдастық ойынмен салыстырғанда біраз өзгеріс енгізеді. Менің ойымша жігіттердің барлығы өздерін жақсы жағынан көрсетті. Ал, бапкер құрамды таңдауда қиындықтарға тап болады. Біз команда ретінде қуаныштымыз және осы екі матчта жеңіске жетеміз деп сенеміз.

- Алда Қазақстанға қарсы матч өтеді. Енді құрамды ауыстыруға уақыт жоқ ...

- Бізде тәжірибелі ойыншылар мен дебютанттар бар. Олар жақсы өнер көрсетіп жатыр. Жоғарыда атап өткендей, біз Косовоға қарсы өткен кездесуде өте жақсы ойнадық. Тәжірибелі ойыншылардың келуімен ойынымыздың сапасы одан сайын жақсарды. Бұл матчтарда бізге ұпай қажет. Бірге болып, бар күшімізді салуымыз керек.

- Капитанның белгісі сізге үлкен жауапкершілік жүктей ме, жоқ әлде қосымша жүк бола ма?

- Ештеңе өзгермейді. Капитан болсам да, болмасам да  мен әрқашан алаңда бар күшімді саламын.

- Албания Қазақстанды жеңсе, топтағы бірінші орынға көтеріліп, одан әрі шығуға жақсы мүмкіндік бар. Бұл сізге қосымша жауапкершілік жүктей ме?

- Бұл өте маңызды матч және біз бұған қатты алаңдамаймыз. Өйткені, біз Қазақстаннан мықтымыз. Матчқа барынша жақсы дайындаламыз, себебі қарсыласымызды бұрыннан білеміз. Өз алаңымыздағы ойын да маңызды рөл атқарады және бізде қиындықтар болмайды деп үміттенемін.

- Бірақ Қазақстанда өткен матчта біз күткен нәтижеге қол жеткізе алмадық.

- Біз жақсы ойнадық деп ойлаймын. Бұл матч 2-0 немесе 3-0 біздің пайдамызға аяқталуы мүмкін еді. Қауіпті сәттерді ұйымдастырдық. Егер олар жүзеге асқан болса, бұл әңгіме қазір болмас еді. Дегенмен, біз қорғаныста да, гол соғуға мүмкіндіктер жасауда да жақсы ойнадық. Енді өз алаңымызда ойнаймыз. Негізгі ойыншылар құрамға оралды. Бұл матч біз үшін өте маңызды.

- Қазақстан құрамасының мықты және әлсіз жақтары қандай?

- Бұл команда қорғаныста ұйымшылдықпен ойнайды және қарсы шабуылдарда ойнауға тырысады. Бұған біз жақсы дайындалдық деп ойлаймын. Олардың әлсіз жақтары мен қателіктерін қолдануға тырысамыз.

- Бапкер сізді тактикалық, техникалық немесе психологиялық жағынан көбірек дайындады ма?

- Оңай матчтар болмайды. Әр ойынның техникалық, тактикалық және т.б. маңызды тұстары бар. Бапкерлер құрамымен алдағы ойындарға жақсы дайындалуға тырысамыз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу