Етті мал шаруашылығын дамыту үшін

АШМ алдағы уақытта еліміздің 12 өңіріндегі ірі бордақылау алаңдарының жұмысын ретке келтіруді жоспарлап отыр.

Етті мал шаруашылығын дамыту үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерлерінің айтуынша, үкіметтің 12 шілде күні қабылдаған АӨК-ні дамытудың өзекті бағдарламасы ведомство алдына маңызды міндет қойып отыр. 2027 жылға қарай  ІҚМ басы қазіргі 7 миллионнан 15 млн-ға, қой саны 18 млн-нан 30 млн-ға дейін артуға тиіс. Экспортқа шығару көлемі 30 млн доллардан 2,4 млрд долларға көбейіп, сиыр мен қой етінің өндірісін 600 мыңнан 1,1 млн тоннаға жеткізу көзделген.

Іскери ойын

Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бес жылда Қазақстанда бір мезгілде 3 мың ірі қара мал ұстайтын 350-ге жуық бордақылау алаңын құруды жоспарлап отыр. Бордақылауға әкелінетін мал өңірлерде пайда болатын отбасылық фермалардан жеткізіледі.

Бұл жерде әңгіме "бір бордақылау алаңы 300-ге жуық отбасылық ферма" деген жоспар жайында болып отыр.

"Бағдарлама (АӨК-ні дамытуға. – Автор еск.) фермерлер класын құруды көздейді. Бағдарлама аясында ірі кәсіпорындар емес, шағын отбасылық фермаларды құруға басымдық береміз. Бүгінгі күні Қазақстанда 20 мыңнан астам фермерлік шаруашылық бар. Олардың барлығы "Сыбаға" бағдарламасының қатысушылары. Қолға алынған бағдарлама бұлардың санын 100 мыңға жеткізеді", – деді ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы өнімін өндіру мен қайта өңдеу департаментінің басшысы Еркебұлан Ахметов.

Фермерлерге көмек ретінде 15 жылға жылдық 4%-бен 30 айға жеңілдетілген несие берілмек. Бұл ретте үш-төрт адамды жұмыспен қамтып отырған ферма барлық шығынды алып тастағанда жылына 4,5 млн теңгеге жуық пайда әкелуі мүмкін.

Құжатта мал шаруашылығын дамытудың жаңа жоспары зәкірлі кооперация деп көрсетілген. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев мемлекеттік бағдарламадағы ауқымды және бұған дейін қойылмаған міндеттер теңдесі жоқ шараларды іске асыруды қажет ететінін атап өтті. Министрліктегілер бағдарламаны іске асыру үшін істің мәнісін іскери ойындар арқылы бағдарлап көрмек болды. Осының шеңберінде мал шаруашылығының жаңа үлгісі – конвейерлік үлгіні талқыламақ.

Нарықтың нақты ойыншыларымен болған іскери ойын бастапқы кезеңде жүйелі мәселелерді анықтап, оларды мүмкіндігінше шешу немесе олардың жұмыс істеу жоспарына әсер етуін төмендетуге тиіс. Мұндай іскери ойындарды өңірлерде өткізудің кестесі белгіленіп қойған. Алғашқылардың қатарында Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстары бар.

"Бұрынғыдай жиналыс жасап, екі-үш сағат баяндама оқып, слайд көрсетпедік. Ол кезде жиналған адамдар айтылған ақпараттың түп-төркінін түсінбей тарайтын. Сондықтан адамдардың талқылауға, шешімдерді әзірлеуге қатысуына мүмкіндік беретін іскери ойын форматын таңдадық. Барлық тарапты (әкімдіктер, қаржы институттары, фермерлер, бордақылау алаңдары, мал шаруашылығы мамандары және т.б  –  Автор еск.) бір командаға жинаған кезде олар бір-бірін тыңдап қана қоймай, бір-бірін түсіне  бастайды", – деп түсіндірді Арман Евниев.

Вице-министрдің айтуынша, Ақмола облысында өткен диалог фермерлердің жер учаскелерін жылдам алуына қатысты проблеманың бар екенін көрсетті. Бұл жерде әңгіме 20 ІҚМ басын ұстау үшін кооперацияның әр қатысушысы алуға тиіс 500 гектар жайлы болып отыр. Диалог барысында бұл жұмыс бір жолға қойылмағаны және жер телімін жылдам әрі заңды түрде рәсімдеу өте қиын екенін белгілі болды. АШМ бұл проблеманы қолға алып, жұмыс істеу жоспарын пысықтап, мәселені бір ай ішінде шешуге уәде етті.

Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық іскери ойын қорытындысы бойынша ортақ жұмыс арқауын жасамақ. Сөйтіп әдейі жұмыс істемей тұрғандарды алып тастап, процесті жеңілдетіп, бұл бизнесті фемерлерден бастап өңдеушілерге дейін қызықты етуді мақсат етіп отыр.

Ет өндірумен айналысатын ауылдық өндірістік кооперативтер (АӨК) де бұл жұмысқа қатысуы мүмкін, бірақ олар жеке қатысушы болмайды. Жаңа жоспарда олардың мәртебесі бордақылау алаңдарына мал жеткізетін отбасылық фермалармен бірдей болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК құрамына жем-шөп өсіруге немесе мал иелеріне мал бағатын жер беруге дайын егіс алқабының иелері де кіретінін айтты.

"Үлкен ет конвейрін құрамыз. Бұл жерге өндірістік бордақылау технологиясы керек. Алғашқы екі-үш жылда АӨК малды өздерінде бордақылап, сойып, базарға өздері жеткізе алады. Сонымен қатар мал соятын жерлердің құны жоғары болмағандықтан, оларды кейін мәжбүрлі мал сою үшін пайдалануға болады", – деп түсіндірді вице-министр.

АШМ ауылдық өндірістік кооперативтер жолға қойылып жатқан ет конвейріне тиімді болу керек екенін мақсат етіп отыр. Өйткені оның (конвейер) міндеті – экспортқа шығару. Министрліктің мәліметінен еліміз өзін сиыр етімен толық қамтамасыз етіп отырғанын көруге болады. Ал импорт, вице-министрдің сөзінше, шамалы ғана.

Сол себепті жұмыс жоспарын отандық өндірушілер мен ет өңдеушілер әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болатындай етіп жасау қажет. Осы арада бағдарламада алдағы бес-он жылда ірі ет өңдейтін комбинат салу жоспары жоқ екенін айта кету керек.  

Жайылым жайы

Министрлік арзан мал жайылымдарын бәсекеге қабілетті басымдықтың бірі деп есептейді. Елімізде 180 млн гектар жайылым бар. Оның көлемі бойынша әлемде бесінші орынға иеміз. Бірақ жайылымынң тек 58 млн гектарын ғана пайдаланамыз. Қолда бар жайылымдардың басым бөлігі суландырылған болуы мүмкін, яғни оларға жер үсті немесе жер асты суларына қолжетімді болуы мүмкін. Сондай-ақ еріген қар суының немесе құдықтар мен ұңғымалар есебінен суландырылуы ғажап емес.  

Сондықтан министрліктегілер жер толық жететініне сенімді. Министрліктің алға қойып отырған міндеттерінің бірі –  осы жерлерді пайдалануды ретке келтіру. Жыл соңына дейін барлық жерді егістік жерінің үлгісі бойынша цифрлау көзделіп отыр. Одан кейін пайдаланылмай жатқан жер алынады немесе жер иелеріне мал шаруашылығымен айналысу керек болады. Министрліктің есебі бойынша, әрбір 50 мал басына 500 га жайылым керек. Бұл ретте ауыл шаруашылығы министрлігі жайылымдардың жағдайы адам оны пайдаланудан нақты пайда көргенде ғана шешіледі деп отыр. 

Қостанайлық мал өсірушілер жайылымға қатысты мәселені тезірек шешу керектігін айтып отыр, себебі мал шаруашылығымен айналысатындар жер жетпегендіктен, мал басын өсіре алмай отыр. Мысалы Қостанай облысындағы шаруашылықтар шөпті ондаған шақырым жерден әкелуге мәжбүр. Ал Федоров ауданындағылар малды халықаралық тас жол бойында бағып жүр.

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Шестакова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу