Еуразия аймағы 600 миллион адамды азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алады

Мамандар өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті орасан деп есептейді.  

Еуразия аймағы 600 миллион адамды азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алады  Фото: google.com

Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің бас экономисі Евгений Винокуров "Азық-түлік қауіпсіздігі және Еуразиялық аймақтың агроөнеркәсіптік әлеуетін ашу" атты баяндамасында мәлім етті. 

"Есептер көрсеткендей, аймақ өзінің азық-түлік қауіпсіздігіне кепілдік беріп қана қоймай, 2035 жылға қарай 600 млн адамды азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алады. Еуразиялық аймақтың бірегей әлеуетін әлемдік ауқымда жүзеге асыру үшін агроөнеркәсіп кешенінің технологиялық базасын дамытуды жеделдету, агрология мен сақтау жүйесін жетілдіру, ірі тауар өндірушілерді қолдау, шағын шаруашылықтардың кооперациясын ынталандыру, ЕАЭО-дағы өзара саудадағы кедергілер мен шектеулерді алып тастау керек", – деді Евгений Винокуров.

Бүгінде сарапшылар, әлемде азық-түлік қауіпсіздігі саласында тәуекелдер жоғары екенін айтып дабыл қағуда.

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, 2022 жылы дүниежүзінде 828 млн адам аштықта өмір сүрген.

ЕАДБ сарапшылары жылдам дамып келе жатқан елдерде халық санының өсуі мен тұтынудың артуы нәтижесінде, сондай-ақ климаттық өзгерістер, энергия мен тыңайтқыштардың қымбаттауы азық-түлікке қолжетімділігінің төмендеуіне әкелгенін айтады. 

"Еуразиялық аймақ (зерттеу ЕАЭО-ның 5 елін, Тәжікстан мен Өзбекстанды қамтиды) азық-түлік өндірісі мен экспортын арттырудың бірегей мүмкіндіктеріне ие. Сонымен қатар, аймақта өндірістік факторлардың экожүйесі қалыптасып үлгерді. Аймақ халқының саны 3 миллиардтан астам адамды құрайтын ірі перспективалы азық-түлік нарықтарына жақын орналасқан", – дейді  Талдау жұмыстары дирекциясының салалық талдау орталығының басшысы Арман Ахунбаев. 

Жаңа зерттеуде ЕАДБ талдау тобы Еуразия аймағындағы өнімдердің көпшілігі бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі бүгінде 80-95%-дан асады деген қорытындыға келді. Жалпы аймақ өзінің азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге қаухарлы. Өзін-өзі қамтамасыз етудің ең жоғары деңгейі дәнді дақылдарда (132%) және майлы дақылдарда (151%), ең төменгісі – жемістерде (65%) байқалады. Дегенмен, аймақ ішінде азық-түлік өндірісі мен тұтыну тұрғысынан елдер арасында айтарлықтай айырмашылықтар сақталуда.

Мамандардың айтуынша, аймақ елдеріне өзара азық-түлік саудасын дамыту үлкен қолдау көрсетуде. Соңғы 20 жылда агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) тауарларын өзара экспорттық жеткізу көлемі 8,5 есеге өсіп, 2021 жылы 15,4 млрд долларға жетті, бұл өңірлік агроөнеркәсіптік кешен экспортының 33,6%-ын құрайды. Еуразиялық аймақ елдері арасындағы өзара сауда мен ынтымақтастықты кеңейту, халықаралық сауданың жақсы жұмыс істейтін тетіктерін сақтау аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қадам.

"Зерттеу бойынша, Еуразиялық аймақтың агроөнеркәсіптік әлеуетін іске асыру 2035 жылға қарай 600 млн адамның, оның ішінде 240 млн өз халқының және қосымша 360 млн адамның азық-түлікке деген қажеттілігін толық қамтамасыз ететінін көрсетеді. Болашақта әлемде азық-түліктің маңыздылығының артуы және тұтастай алғанда азық-түлік қауіпсіздігінің жеткілікті деңгейі аясында Еуразиялық аймақтың азық-түлік өнімдерінің экспорты екі есеге жуық – 2021 жылғы 40 млрд доллардан 74 млрд долларға дейін артуы мүмкін. Қытай, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Үндістан ең перспективалы экспорттық бағыттар болып табылады", – деп атап өтті Евгений Винокуров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу