Еуразиялық банк өз еуробондтарының құнын өтеп жатыр

4205

Банк тамыз айының екінші жартысында Қазақстан қор биржасынан 259 млн долларға өзінің валюталық міндеттемесін сатып алды.

Еуразиялық банк өз еуробондтарының құнын өтеп жатыр

"Еуразиялық банк" АҚ өзінің халықаралық облигацияларының 258,8 млн долларға тең жиынтық көлемін өтеп алды деп хабарлады банктың баспасөз қызметі. Банк 500 млн доллар номиналды көлемдегі бағалы қағаздарын 2014 жылдың қараша айында үш жылдық мерзіммен қор биржасына шығарған болатын.

Еуразиялық банк 17-25 тамыз аралығында Қазақстандық қор биржасындағы міндеттемесінің 52%-ын өтеді. Банктің хабарламасына сүйенсек, шілде айында банк 138,6 млн доллар көлеміндегі еурооблигациясын өтеп, күшін жойған. Бұл – банктің қор биржасына шығарған құнды қағаздарының шамамен 28%-ы. Осынау міндеттемелерден кейін банктің осы жылдың 6 қарашасында өтеуі тиіс еуробондтарының көлемі шамамен 102,6 млн долларды құрды.

"Қаржы нәтижесін тиімді басқару мақсатында біз еурооблигациялардың бір бөлігінің құнын өтеп алу жайлы шешім қабылдадық. Өйткені қазіргі таңда қорландыруды одан да төмен мөлшерлемелер бойынша тартуға мүмкіндік бар. Еуразиялық банк бағалы қағаздардың құнын өз қаражаты есебінен өтеп алды. Бұл осы әрекетіміз арқылы банктің өтімділік позициясы нық екенін дәлелдедік", – дейді "Еуразиялық банк" АҚ басқарма төрағасы Павел Логинов.

Шілде айында еліміздегі екінші деңгейлі банктердің активтер көлемі бойынша Еуразиялық банк 1 трлн теңге көрсеткішпен үздік ондықтықты түйіндеді. Тамыз айының басында банктің депозиттік және несиелік портфелі тиісінше 684 млрд және 621 млрд теңгені құрады.

Жұмыс істемейтін займдардың (NPL) көлемі өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткенін қоса есептегенде, шілде айының соңында 9,7% қарыздық портфельге немесе 60,6 млрд теңгеге тең болды. Шілдеде NPL көлемі жұмыс істемейтін несиелер есебінен 7,3%-ға немесе 4,1 млрд теңгеге өскен.

Есептік кезеңде банктің өтімді активтері 109,1 млрд теңгені құрады. Бұл жиынтық активтердің 10,9%-ына тең. Ал орта деңгейлі банктік сектор бойынша 35,6%-ды құраған. Шілде айында банк 1,2 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Ал жыл басынан бергі жағымсыз қаржылық көрсеткіш - 9,3 млрд теңге. Банктің ең ірі акционерлері Eurasian Resources Group S.a.r.l. компаниясының ортақ иелері - Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов және Патох Шадиев.

Еркебұлан Қыздарбек, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу