Еуразиялық одақ елдерінде көліктің бұрын болмаған жаңа түрі пайда болды

919

Қазірге бұл көлік түрі Беларусь пен Ресей арасында қатынай бастады.

Еуразиялық одақ елдерінде көліктің бұрын болмаған жаңа түрі пайда болды Фото: zakupki.blog

Жаңа көлік "автобус" аталады, алайда сыртынан қарасаңыз, пойызға көбірек ұқсайды. Сонда бұл не?

Беларусьтік "Tochka.by" ақпарат агенттігінің түсіндіруінше, жаңа көлік түрі "рельстік автобус" деген атау алды. Аты айтып тұрғандай, ол кәдімгі пойыздар қозғалатын теміржол магистральдарымен жүреді.

Беларусьтік ақпарат құралдары бұл автобустың вагондары климат-контрольмен жабдықталғанына, энергия үнемдеуші жарықдиодпен жарықтандырылғанына және багажға арналған жеке аймақ сайланғанына назар аудартты.

Еуразиялық одаққа мүше осы қос көршінің арасында рельстік автобус аталатын жаңа көлік түрінің рейстері басталатынын РФ Орталық қала маңы жолаушылар компаниясы (Центральная пригородная пассажирская компания) хабарлады.

Әзірге жолаушыларсыз тестілік сапар ұйымдастырылыпты. Оның барысында маршрутты орындаудың оңтайлы уақыты мен жүріс кестесінің егжей-тегжейі нақтыланған. Сонымен қатар, жаңа автобустың екі елдің теміржол инфрақұрылымына қаншалықты сай келетіні тексерілді.

"Беларусь темір жолдары" (БЖД) мен "Ресей темір жолдары" (РЖД) екі ел арасындағы тұрақты қатынасты 2026 жылдан бастап түпкілікті іске қосуды жоспарлап отыр. Оған дейін сынақ жүрістер жалғасады.

Келесі жылы тұрақты рейстер ең алдымен Беларусьтің солтүсті-шығысындағы Витебск пен Ресейдің батысындағы Смоленск қаласы арасын жалғайды. Екі шаһарда да шамамен 350 мыңға дейін халық тұрады.

Қос қала бір-бірінен шамамен 130 шақырым қашықта жатыр. Ал, рельстік автобус жолай беларусьтік Заольша станциясына тоқтайтын болады.

Салтанатты рәсімде Смоленск обласының губернаторы Василий Анохин Смоленск пен Витебск арасында жаңа тұрпатты дизельді пойыздың сынақ маршрутын іске қосуды – тарихи символдық оқиға деп атады.

"Біз осы арқылы техникалық мүмкіндіктерімізді тексердік. Екі ел бір-біріне жақындай түсті, байланыстарымызды нығайтуға жаңа қадам жасадық. Әріге ұзатпай, алдағы 2026 жылдан бастап, Беларусь пен Ресей тұрғындары қос қала арасында жайлылықпен саяхаттай алуы үшін осы рейсті жолға қойып жатырмыз. Осының арқасында туризм, бизнес байланыстар, тұрғындардың жеке барыс-келістері мен алыс-берістері, сауда-саттығы үшін жаңа өрістер ашылады, жаңа мүмкіндіктер пайда болады", – деп мәлімдеді губернатор.

ЦППК компаниясының бас директоры Иван Конев Витебск бекер таңдалмағанына тоқталды. Витебск – тіпті Мәскеуден (1147 жыл) бұрын іргесі қаланған, 974 жылдан салына бастаған Беларусьтегі ең ежелгі шаһар. Ол адам қоныстануы үшін ең қолайлы, шұрайлы жерде – Батыс Двина мен Витьба дарияларының тоғысатын тұсында орын тепкен. Бұл жағдай оның дамуына ықпал етті.

"Беларусьтің ең ежелгі мәдени орталықтарының бірі Витебскіне сапардың ашылуы РФ-тың осы республикамен теміржол қатынасын дамытудың алғашқы қадамына айналды. Сынақ рейстің мақсаты – маршрутты орындау үшін есептік уақытты оңтайлы анықтау болды. Сондай-ақ, жылжымалы құрамының техникалық сипаттамаларының теміржол инфрақұрылымына сәйкестігін тексереміз. Бұл жұмыс келесі жылдың басына дейін жалғасады", – деді Конев.

Әзірге компания Қазақстанмен арада рельстік автобустар қозғалысын жолға қою бойынша "Қазақстан темір жолымен" келіссөз жүргізіп жатпағаны анықталды. Өйткені Ресейге қарай дәстүрлі жолаушылар пойыздары да өзін-өзі ақтай бермейтін көрінеді.

Көлік түрі "рельстік автобус" аталғанымен, ол автобусқа мүлдем ұқсамайды. Бірақ пойыз да емес, өйткені вагондарды сүйрейтін бөлек локомотиві жоқ. Тек автобустағы сияқты жүргізуші-машинист отыратын бөлек сектор ғана көзделген.

Рейстер РА-3 "Орлан" аталатын ресейлік қос вагонды дизельді пойызбен ұйымдастырылады. Кейбір дерек бойынша РА-3 моделі кеңес заманында ойлап табылып, тіпті прототипі де жасалған. Алайда кең өндіріске жіберілмей, жобасы архивте жатып қалған екен.

Содан Ресей ғалымдары мен конструкторлары жаңа инновацияларды ойлап табу мақсатында мұрағаттарды қопара келе, схемасын тауып алады. Оны құрастыруға қаржы да бөлінген.

Осылайша, "Орлан" рельсті автобусының бірінші данасы 2019 жылы конвейерден шығарылды.

Оның конструкциялық жылдамдығы – сағатына 100-120 шақырымды еңсеруге қабілетті. Алайда екеуі де халықаралық алапат санкцияларға іліккен РФ пен Беларустегі теміржол рельстерінің жағдайын ескере келе, бұл көлік түрі орта есеппен сағатына 60 шақырыммен жүретіні мәлімделді.

Тиісінше, Витебск пен Смоленск арасы 130 шақырымдай екенін ескерсек, рельсті автобус бұл арақашықтықты шамамен 2 сағатта жүріп өтуі мүмкін.

РФ Орталық қала маңы жолаушылар компаниясы бұл көлік түрінің бір рейсте қанша адам таситынын нақтыламады. Өзін-өзі өтеу үшін барынша көп адам сиятындай етуі мүмкін.

"Салонда орын көп, жеткілікті болады. Оның есіктері шыныдан жасалған және метро сияқты барынша айқара ашылады. Қол жүгіне арналған сөрелер мөлдір және барынша көлемді болып келеді: олар жолаушылар отыратын орындықтардың төбесінде орналасқан. Мүгедектер арбасымен қозғалатын жолаушыларға жеке орындар ойластырылған. Арбаны көтеріп-түсіру үшін көтергіштер қарастырылған", – делінген компанияның ресми хабарламасында.

Вагондар қозғалуы қиын (аз мобильді) жолаушыларды тасымалдау үшін толыққанды бейімделгені мәлімделді: онда мүгедек арбаларын бекіткіштер, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жабдықталған, кеңейтілген дәретхана бөлмесі бар көрінеді.

Салонда жазда салқындататын, қыста жылытатын ауа баптағыш кондиционерлер жұмыс істейді. Сондай-ақ, түрлі мәліметтер көрсетілетін ақпараттық табло болатыны хабарланды.

Дегенмен, жолаушылардың іші пыспауы үшін – тегін Wi-Fi, ашықпауы үшін – мейрамхана-вагон қарастырылмапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу