Еуразиялық одақ өзін ақтамай, елге жақпай бастады

3401

Биылғы жыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін сынға айналды. 

Еуразиялық одақ өзін ақтамай, елге жақпай бастады Фото: ved24.com

Себебі, әлемдік қауымдастық, әсіресе Батыс елдері бұл одақты Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге, сұр импортты жолға қоюға көмектесіп отырған алаң ретінде ғана қарастыруда.

Негізсіз еместей. Өйткені одаққа кіретін елдер арасында кедендік бақылау жоққа тән. Салдарынан, жалған фирмалар Ресейге әкелуге тыйым салынған тауарларды, санкциялық және қосарлама мақсаттағы өнімдерді қазақстандық компаниялардың атына, солардың тапсырысы ретінде рәсімдейді. Ол тауарлар дәстүрлі түрде Қазақстанға Ресей аумағы арқылы бет алады. Алайда Ресейге кіре салысымен сонда қалады.  

ЕАЭО Мәскеуді санкциялық қысымнан, күйреп қалудан қорғауға үлес қосуда.

Дегенмен, "еуразиялық экономикалық интеграция мүше елдерге не берді?" деген сауал туады. Ауыз толтырып айтарлық пайдасы жоқ көрінеді. Мұны тіпті Еуразиялық одаққа арнап, оның тиімділігін, қажеттігін дәлелдеп, дәріптеп, талдау ұсынып отыратын Ресей Сыртқы істер министрлігі де мойындады.

Министрліктің дерегінше, ЕАЭО  2015 жылы құрылғалы бері, яғни одақтың өмір сүрген бүкіл кезеңінде, 2015-2022 жылдар аралығында оған кіретін 5 елдің жиынтықты жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 1,6 триллионнан 2,57 триллион долларға дейін өсті. Яғни, ұзақ жылғы өсімі 1 триллион долларға да жетпейді.

Салыстырсақ, Американың бір ғана Apple компаниясы 2015 жылдан бері жалпы жиынтығы 2,2 триллион доллар табыс тапқан. Бұл бүкіл Еуразиялық одақ елдерінің 2015 жылдан бері төл ЖІӨ-ларына ілдәлдалап жүріп қоса алған бүкіл өсімінен екі еседен астам көп. Соның ішінде тек 2022 жылы ғана Apple 394,33 миллиард доллар табысқа кенелді.

Жасыратыны жоқ, одақтың өз ішінде бір-біріне деген құрмет пен ілтипат аңғарылмайды. Мысалы, одақтың барлық құжаттарында "Республика Беларусь", "Кыргызская Республика" деп қазіргі дұрыс атауы жазылған. Соған қарамастан, Ресей Сыртқы істер министрлігі, Ресей Үкіметі, тіпті ЕАЭО құрылымдары өз есептерінде, тіпті құжаттарында қалпымен "Белоруссия", "Киргизия" деп жазып, одақтастарын кеңес заманындағы ескі атауымен атайды.

Отырыстардың бірінде Бішкек делегациясы өз мемлекетін ең құрыса "Кыргызстан" деп жазуды мәскеуліктерге ескерткен еді. Ресей өкілдері салмақты ескертпені елеусіз қалдырды.

Осыдан бірер жыл бұрын ресми Астана Еуразиялық одақ құрылымдарындағы қазақстандық мамандардың, басшылардың санын арттыру, ұйымның кейбір құрылымдарын өзге қатысушылардың, соның ішінде Қазақстанның аумағында орналастыру бастамасын көтерген болатын. Мәскеу бұған құлақ асты деу қиын. ЕАЭО-ның ұлтүстілік басты органы – Еуразиялық экономикалық комиссия да, ЕЭК алқалары да, оған кіретін одақтың министрлердің бас кеңселері де, ЕЭК департаменттері де тегіс Мәскеуде орналасқан. Яғни, шешімдер, жобалар сонда пысықталады.

2015 жылдан бері дүниежүзінде тұтас бір дәуір ауысты. Содан бері Еуразиялық одақ қандай нәтижелерге жетті? Жетістіктері мақтануға тұрарлық па? Одақ өз "өмірінің" алдын ала қорытындыларын шығарып, есебін жариялады.

Ресми мәлімет бойынша одақ құрылғалы, яғни 2015 жылдан бері оған кіретін бес мемлекеттің жиынтықты жалпы ішкі өнімі 1 трлн 600 миллиард доллардан 2 трлн 598 млрд долларға дейін өсіпті.

Ұйым "бірлестікке кірген мемлекеттердің бәрінде осы кезеңде жалақының орташа айлық атаулы көлемі артқанын, өңдеу өнеркәсібі көрсеткіштерінің жоғарылағанын, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өскені тіркелгенін" хабарлады.  

Мысалы, осы жылдарда одақ елдерінде:

  • өндірістің жиынтықты көлемі 107,4 миллиардтан 135,7 млрд долларға дейін;
  • ауыл шаруашылығы өнімдерінің жиынтықты өндірісі 107,6 миллиардтан 170 миллиард долларға дейін (26%);
  • құрылыс жұмыстарының ауқымы 135,5 миллиардтан 166 млрд долларға дейін;
  • жүк айналымы 5 трлн 786,5 миллиардтан 6 трлн 254,7 млрд тонна-шақырымға дейін (12,4%);
  • негізгі капиталға инвестициялар тек 29%-ға, 276,5 миллиардтан 356,8 млрд долларға дейін;
  • одаққа мүше елдердің өзара сауда ауқымы 44,5 миллиардтан 83,3 млрд долларға дейін (87%);
  • одаққа кірмейтін өзге барлық елдермен сыртқы сауда 579,4 миллиардтан 922,9 млрд долларға дейін (59%) көбейіпті.

Екінші жағынан мұның сонау 2015 жылдан бергі кезеңді және барлық 5 елдің нәтижесін қоса есептегендегі көрсеткіштер екенін түсінгенде, түңілуден басқа сезім қалмаса керек. Қаншама мақтан етілген, жаһанға жар салған одақ басқа түгіл, тіпті өзара сауданы да екі еселей алмаған.

Салыстырсақ, одаққа кірмейтін Түркиямен Қазақстанның өзара саудасы 2016 жылғы 1 млрд 415,8 млн доллардан 2022 жылы 6,3 миллиард долларға, яғни 4,5 есеге артты.

Қазақстанның Қытаймен (ЕАЭО-ға кірмейді) сауда-саттығы 2015 жылғы 10,6 миллиардтан 2022 жылы 31,2 миллиард долларға немесе үш еседей ұлғайды.

Одаққа кірмейтін тағы бір ел – Әзербайжанмен сауда алыс-берісіміз 2015 жылғы 116 миллионнан былтырғы жыл қорытындысында 461,9 миллион долларға дейін немесе шамамен 4 есеге өсті.

Қазақстанның еуропалық елдермен өзара тауарайналымы 2015 жылғы 31,2 миллиардтан 2022 жыл қорытындысында 40 миллиард долларға дейін ғана артты. Былтыр еліміздің Еуропамен сауда-саттығы бірден 38,3% өсіпті. 2021 жылы 28,9 млрд доллар ғана болған еді. Сарапшылар мұның арасында Қазақстанды қалқан етіп, Ресей алып отырған тауарлар (сұр импорт) та барын қаперге салады.   

Бұл жерде назар аудартатын жайт бар. Bloomberg сарапшылары Қазақстанның Еуропалық одақпен сауда-саттығына Еуразиялық одақ кедергі жасап отырғаны туралы байлам айтады. Себебі, ЕАЭО құрылғанға дейін, 2006-2016 жылдар аралығында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы тауарайналым 13 есе (!) өсіпті. Бұл қарқынды өсім 2016 жылы еуразиялық интеграция күш алған соң күрт тыйылды.

ЕАЭО мемлекеттерінің әкелу кедендік баж (ввозные таможенные пошлины) түсімі 2015 жылғы 9,1 миллиард доллардан 2022 жылы 12 миллиард долларға дейін өсті.  

Бірақ бұл түсімнің көбін Ресей бюджеті алып қояды. Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде әкелу кедендік баж алымының бүкіл түсімінің 85,065%-ын – Ресей, небәрі 6,955%-ын – Қазақстан алады. Ал өзге елдердің аумағы шағын болғандықтан, олардың үлесі де аз:  Беларусь – 4,86%, Армения – 1,22%, Қырғызстан – 1,9%. Қазақ елі осы ұсақ елдерге теңестірілді.

Бұл әділетсіздікті жойып, әділдік орнатуға биыл біздің Үкімет тағы тырысып көрді. Алдымен, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ЕАЭО кедендік баждарын бөлу үлесін қайта қарау бастамасын Қазақстанның ілгерілетіп жатқанын жеткізді.  

Ізінше, 2023 жылғы 13 сәуірде Сауда және интеграция министрлігі ақпарат құралдарына еліміздің үлесі ұлғаюы мүмкін екені туралы ақпаратын жеткізді. Өйткені былтыр соғыс басталғалы және Батыстың санкциялық қыспағы артқалы Ресей арқылы импорт күрт шектелді. Ол Қазақстан жағында еселеп артты. Тиісінше, Ресейден түсетін түсім кеміп, Қазақстан ұлғайтты.

"Ағымдағы геосаяси ахуалды ескерсек, Беларусь пен Ресей елдері арқылы импорт көлемі қысқару үстінде. Осыған байланысты, Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында қазіргі уақытта аталған сомаларды бөлудің жаңа әдістемесін әзірлеу мәселесі пысықталуда. Мұндағы мақсат – шетелдік тауарлардың реэкспорты мен реимпорты туралы мемлекеттердің ресми деректерін, сондай-ақ одақ елдерінің алыс шетелден келетін импорттың көлемі туралы жылдық деректерін негізге ала отырып, аталған нормативтерді ары қарай түзету", – деп хабарлады министрлік.

Содан 2023 жылғы 25 мамырда одаққа мүше елдердің Мемлекет басшылары Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына жиылды. Сарапшылар сол жиында сөз болып отырған мәселеде әділеттілікке қол жеткізіліп, тең құқылық қағидаттары қалпына келтіріледі деп күткен.

Олай болмады. Сауда  және интеграция министрлігінің түсіндіруінше, баж алымдарын әділетті бөлу үшін одақтың нормативтері өзгертілуі керек. Ол өзгертілуі үшін Еуразиялық одаққа мүше барлық мемлекет консенсусқа келіп, бірауыздан жақтауға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу